Жуырда Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың қабылдауында болған Жоғарғы сот төрағасы Жақып Асанов биыл енгізілген жүйе бойынша судьялардың ішінде кездейсоқ мамандар болмайтынын, алдағы 2,5 жылдың ішінде сот жүйесі лайық емес кадрлардан толық тазартылатынын мәлімдеген болатын.
Өткен жылдың қараша айында Қазақстанның Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев сот жүйесін жаңғыртуға арналған кеңесте судьяларға жүктелетін міндеттерді шегелеп тапсырғаны белгілі.
Әрине, Жоғарғы сот тарапынан саланы жаңғырту мен судьялардың тәуелсіздігін жетілдіруге байланысты кешенді шаралар, оның ішінде жоғарыда аталғандай заңнамалық алғы шарттар белсене жүргізілуде.
Айталық, сот жүктемесі соңғы үш жылда екі есе артқаны ашық айтылып келеді. Демек, осыдан келіп бір күннің ішінде бірнеше отырыс өткізіп, осыншама шешім қабылдап, басқа да ұйымдастыру жұмыстарынан қолы қалт етпейтін судьяның жұмыс сапасына байланысты мәселе туындайтыны анық. Іс жүзінде судьялардың қолына түсетін істердің 30 пайыздайы сотта қарауды қажет етпейтін-ді. Сондықтан да Елбасы сот жүктемесін азайту, азаматтық процесті жеңілдету, сот ісін жүргізудің жылдамдығын арттырып, ашықтығын қамтамасыз етуге баса назар аударған болатын.
Сот жүйесін жаңғырту мәселесін айтқанда, Жоғарғы сот төрағасының судьяларға сот актілерін түсіндіру талабын қоюы бүгінде өз нәтижесін беріп отырғанын көрсетті. Өйткені сотқа қатысушы тараптардың барлығы заңгер емес, яғни заң тілінен хабарсыз болатыны анық. Олар үшін құқықтық терминдердің мағынасын ұғудың өзі қиямет-қайымға айналады. Бұл түсінбеушілік бірінші сатылы соттың шешіміне шағымдануға апарады. Ал сот актілерін процеске қатысушыларға қарапайым тілмен, көзбе-көз түсіндіру тараптардың көңіліндегі күдіктерді де сап тыяды. Бұл жаңашылдық қазір жемісін беріп, сот шешіміне қанағаттанушылар санын күрт көтерді. Демек, реформалар халық көңілінен орын алғанда ғана өміршең болары сөзсіз.
Джохар ӨТЕБЕКОВ,
Алматы қалалық адвокаттар алқасының адвокаты:
– Бүгінде елімізде жүзеге асырылып жатқан сот жүйесіндегі реформалардың тиімділігі қазірдің өзінде айқын сезілуде. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмаларымен сот жүйесі қазір халыққа барынша ыңғайлы, мейлінше түсінікті жолға түсті.
Айталық, қазір Жоғарғы сот төрағасы Жақып Асанов жүйедегі басты мәселе ретінде кадрларды жаңарту мәселесін атап отыр. Осы орайда мен әлсіз судьяларды мықты судьялармен белсенді ауыстыру ісін қолдаймын. Халық бұл жұмыстың нәтижесін уақыт өте анық сезінеді. Әрине ертегідегідей судьяларды сиқырлы таяқтың ұшымен ауыстыра салу мүмкін емес, бірақ бұл мәселе кезең-кезеңімен шешіледі. Екінші мәселе – сотты айыптауға бейімділіктен арылту. Осы тұрғыда Жоғарғы сот төрағасы судьяларға айыптау үкімдерін шығарудан жасқанбауды талап етуде. Ал Тергеу соттарынан азаматтарды сотқа дейін қамауда ұстау, мүліктерін тұтқынға алу, тінтуге санкция беру мәселелерінде ешқайда жалтақтамай, іске салмақты қарауды сұрап отыр.
Сот жүйесіндегі шешілуі тиіс үшінші мәселе ретінде меншік түріне қарамастан барлық ұйымдардың мемлекеттік органдармен соттасуда үнемі жеңіліс тауып келгендігін айтуға болады. Қазір атқарушы билікпен соттасу қиынның қиыны. Ал бұл мәселе енді жаңадан құрылатын Әкімшілік юстиция арқылы шешілмек. Парламент қарауындағы тиісті заң қабылданса, арнайы соттар құрылып, бұл мәселе бірыңғайлануы тиіс.
Жалпы, қазір еліміздегі сот жүйесінің реформасы көрер көзге анық көрініп тұр. Айталық, сот ғимаратына кірген сәттегі фронт-кеңселер, талап-арыз бен баж салығын төлеу тәртібін түсіндіруші мамандар көңілге жылылық ұялатып, халықтың аталған жүйеге сенімін қалыптастыруда деп толық айта аламын.