• RUB:
    4.91
  • USD:
    494.87
  • EUR:
    520.65
Басты сайтқа өту
Аймақтар 11 Шілде, 2019

Мұнай компаниясы спорт кешенін сыйға тартты

714 рет
көрсетілді

Халық көп шоғырланған Мұнайлы ауданының ауылдарында әлеуметтік нысандар жеткіліксіз. Маңғыстау өңірінде өткізілетін Қазақстан мұнайының 120 жылдық мерейтойы қарсаңында Қашаған кен орнын игеруші Солтүстік Каспий жобасының операторы «Норт Каспиан Оперейтинг Компани Н.В.» компаниясы Маңғыстау облысы Бесшоқы ауылының тұрғындарына жаңа көп функциялы спорт кешенін тұрғызып, табыс етті.

Әлеуметтік және инфра­құ­ры­лымдық жобалар шең­берінде жүзеге асырылған спорт кешені 4 гектарға жуық алаң­да орналасқан. Бұл заманауи екі қабатты ғимарат спорт ша­ра­ларын ұйымдастыруға, ауыл тұрғындарының денешы­нық­тыру және сауықтыру жаттығу­лары­мен айналысуына, сонымен қатар ауқымды спорт және мәдени-көпшілік іс-шаралар өткізуге арналған. Жаңа кешенде шағын футбол, баскетбол және волейбол жарыстарын ұйымдастыруға арналған алаңдар бар.

Жаңа спорт кешені 160 орынға арналған. Сонымен бірге мұнда тренажер залы, киім ауыстыратын бөлмелер, душ бөлмелері, үстел ойындарына арналған бөлмелер және басқа да спорт түрлерімен айналысуға арналған бөлмелер орналасқан. Сондай-ақ денешынықтыруға, топ­тық, үстел және басқа да көп­теген ойындарға қажет құрал-жаб­дықтар бар. «Жақсы­лық қыл­саң бүтін қыл» деген­дей, «NCOC» компаниясы ғимарат­ты жиһаз жиынтығымен және не­гіз­­гі құралдармен жабдықтап берді.

– Мұнайлы ауданында бүгін айрықша күн. Өйткені ауданда алғаш рет осындай зәулім кешен ашы­­луда. Алдағы уақыт­та осы спорт алаңында жаттық­қан жас­өспірімдер арасынан бола­шақ чемпиондар шығатынына сенімдімін. Біз дарынды бала­лардың кәсіби спортпен айналысып, ойдағыдай дайын­дықтардан өтуі үшін қолдан келгеннің бәрін жасаймыз. Жеңіс жолындағы жалынды жігерлеріңізге жар­қын жетістік тілей отырып, бар­лық жарыстар мен сайыстарда абы­рой биігінен көрініңіздер, – деді аймақ басшысы С.Трұмов кешен­нің ашылу салтанатында.

Жалпы құны 466,187 млн теңгені құрайтын спорт кешен­нің құрылыс жұмыстары 2018 жылдың мамыр айында бас­талған еді. Бұл – бүгінге де­йін Маңғыстау және Аты­рау об­лыстарында 200-ден ас­там инфрақұрылымдық және әлеу­­меттік мәні бар нысандар тұр­ғызған «NCOC» компа­ния­сы­ның балалар мен жасөспірім­дердің бұқаралық спортын қол­дауға, ауыл тұрғындары ара­сында саламатты өмір салтын наси­хаттауға және денешынық­тыруды дамытуға бағытталған әлеу­меттік жобаларды іске асы­ру­дағы тағы бір қомақты үлесі.

– Ешбір ынталандырусыз және тиісті материалдық базаны нығайтпай, спортты дамыту және жоғары нәтижелерге қол жет­кізу мүмкін емес. Бұл мақ­­­сатта өндіріс орындарының әлеу­­меттік тұрғыдан жауапкер­шілігі де маңызды рөл атқара­ды. Бес­шоқы ауылында тұрғызыл­ған жаңа спорт кешені осындай жұ­мыстың айқын бір үлгі­сі бол­мақ. Бүгіннен бастап өңір тұр­ғын­­дарының жайлы жер­де спорт­пен айналысуына мүм­­кіндік туғанына өте қуаныш­­тымын. Бұл кешеннің жергі­лікті спорт­шыларға өз шебер­лігін жетіл­­ді­руге септігін тигізе­тініне және осын­дағы жастар­дың үлкен жеңіс­­тер мен марапаттарға ие бола­­тын­дығына сенімдімін, – деді жаңа спорт кешенін ашу рәсімі кезінде басқарушы дирек­­торы­­ның орынбасары Е.Марабаев.

Демек, «Зәулім сарайда спорт­­пен шұғылдансам ғой!» деген бесшоқылық жастардың арма­ны жақындай түсті деуге болады.

 

Маңғыстау облысы