• RUB:
    4.91
  • USD:
    494.87
  • EUR:
    520.65
Басты сайтқа өту
Аймақтар 11 Шілде, 2019

Арыстың 50 баласы Ақ Жайыққа келді

400 рет
көрсетілді

Бүгін Батыс Қазақстан облысындағы «Дарын» қосымша білім орталығында «Үш тұғырлы тіл» атты жазғы мәдени-танымдық ауысым ашылды. Ресей Федерациясы мен Қазақстаннан жиналған жүзден аса баланың 50-і – Арыс қаласының 2-11 сынып оқушылары.

Төтенше жағдайдан зардап шеккен Арыс қаласына еліміздің әр аймағы қол ұшын созып, қайғы мен қиындықты бөлісіп алып кетті. Соның бір көрінісіндей, Арыс қаласындағы орта мектептердің 50 оқушысы Батыс Қазақстан облысына демалуға келді. Оларды Орал теміржол вокзалынан «Дарын» қосымша білім беру орталығының директоры Гүлсім Ғабдулғазизқызының өзі қарсылап алды.

Арыс балалары он күн бойы демалатын бұл лагер – ерекше орын. Табиғаттың әсем мүйісінде орналасуынан бөлек, лагерде оқушылар қазақ, орыс, ағылшын тілдерін үйреніп, шетелдік достар табады. Шетелдік деп отырғанымыз, Ресей Федерациясының Самара облысында тұратын қандастарымыздың «Ақжол» аймақтық қазақ ұлттық-мәдени автономиясы ресейлік қазақ балаларын жазғы каникул кезінде атажұртқа жіберуді дәстүрге айналдырған. Бұл жолы олардың қаймағы бұзылмаған түркістандық балалармен бірге демалуы екі жаққа да пайдалы болары анық.  

- Арыстан келген балалардың жазғы демалысын ұйымдастыруға «Жайық Мұнай Газ» ЖШС, «»Ақжайық» футбол клубы, «РИАМИР», «Kinoplexx West» ЖШС-лары, «Орал Зенит зауыты» АҚ, Батыс Қазақстан облыстық Қазақстан халқы ассамблеясы және Қадыр Мырза Әли атындағы мәдениет және өнер орталығы демеушілік көрсетті, - дейді облыстық білім басқармасының баспасөз хатшысы Үміт Жәңгірова.

Арыстық және ресейлік оқушылар осы күндері Орал қаласының көрнекі жерлерін аралап, музейлермен де танысады.

Батыс Қазақстан