Олардың арасында мамандығын салық және кеден органдарымен байланыстырғысы келетіндер де болады.
Облыс бойынша Мемлекеттік кірістер департаментінің басшысы Ғалымжан Орынов аймақтағы жоғары және орта арнаулы оқу орындарының басшыларымен кездесуінде осы мамандықты таңдаған жастардың қазірден бастап салық заңдылықтарының, салық төлеу жүйесінің қалай жұмыс істеп жатқандығын білгенін жөн санайтындығын айтты.
Кездесу барысында тараптар екіжақты ынтымақтастық туралы меморандум жасасты.
Кездесуде департамент басшысы болжамдалған кіріс көздері бойынша салықтық және басқа да міндетті төлемдердің бюджетке түсуін қамтамасыз ету басты міндет екенін жеткізді. Облыста соңғы 5 айда мемлекеттік бюджетке барлығы 70 млрд 310 млн теңге өндірілген. Межеленген жоспар 59 млрд 209 млн теңге болса, жоғарыдағы көрсеткіш жоспардың 118,7%-ға немесе 11 млрд 101 млн теңгеге артық орындалғанын байқатады.
– Салық төлемдерінің толық жиналуы – мемлекеттің өз міндеттерін толық орындауға мүмкіндік береді. Жиналған қаржы бірінші кезекте ұстаздардың, дәрігерлердің жалақысына және зейнетақыға жұмсалатыны белгілі. Сондықтан мемлекеттік кірістер органы үшін салықты уақытылы төлеуге үгіт-насихат жұмыстарын жүргізу – басты міндеттердің бірі. Ал осы іске сіздер де атсалысып жатсаңыздар, ол нұр үстіне нұр болар еді, – деген Ғалымжан Қалдыкөзұлы ынтымақтастық меморандумы аясында студент жастар үшін көптеген шаралар белгіленіп отырғандығын айтты.
Департамент басшысы студенттерді кіріс органдарында тәжірибеден өтуге шақырып, жақсы жағынан көрінген студенттердің болашақта мемлекеттік кірістер органдары мен осы салаға қатысты жұмыстарға орналасуы үшін қолдау болатындығын жеткізді. Кездесу соңында меморандумға Ғалымжан Орынов және Қорқыт ата атындағы ҚМУ ректорының міндетін атқарушы Бақытхан Әбдікәрімов, «Болашақ» университетінің ректоры Қуаныш Дәуренбеков, Қазақ гуманитарлық заң және техникалық жоғары колледж директорының міндетін атқарушы Қанат Ақпанов, Қызылорда инженерлік-техникалық колледж директоры Иса Жетербаев қол қойды.