• RUB:
    4.91
  • USD:
    494.87
  • EUR:
    520.65
Басты сайтқа өту
Аймақтар 12 Шілде, 2019

БҚО-ға 389 жоғары білімді дәрігер керек

385 рет
көрсетілді

Батыс Қазақстан облысына жоғары медициналық білімді 389 маман жетіспейді. Әсіресе жалпы тәжірибелік дәрігер, акушер-гинекология мамандары, анестезиология, реаниматология және кардиология саласының дәрігерлері қажет. Бұл жөнінде облыстық денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары Айзада Шүкірғалиева хабарлады.

Әрине, өңір басшылары кадр тапшылығын жою үшін кешенді шаралар жоспарын қабылдаған. Мәселен, облыстың ауылдық жерлеріне барып еңбек етемін деген дәрігерлер мен фармацевттерге 1 миллион теңге көлемінде қаржылай көмек көрсету мәселесін биылғы мамыр айында облыстық мәслихат депутаттары қолдаған болатын.

Биыл өңірге жаңадан 145 жас дәрігер маман келуі тиіс. Олардың 75-і ауылдық жердегі медицина мекемелеріне қызметке орналасады. Жаңа ереже бойынша олардың әрқайсысы 1 млн теңгеден алатын болады.

Жалпы Батыс Қазақстан облысының денсаулық сақтау саласын қаржыландыруға биыл 37 355 702 мың теңге қарастырылған. Бұл қаржының басым бөлігі, яғни 32 962 131 мың теңгесі Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры арқылы өтеді. Сондай-ақ орта білімді мамандарды одан әрі дайындау, орта буын медперсоналдың білімін жетілдіру жұмыстарына 4 393 571 мың теңге бөлінген екен.

Өңірдегі, жалпы еліміздегі дәрігер мамандар тапшылығын жоюдың бір жолы – медицина қызметкерлерінің жалақысын көтеру екені сөзсіз. Тұңғыш Президенттің 2018 жылғы жолдауында категориясыз медбикелер мен жалақысы төмен қызметкерлердің еңбекақысын көтеру туралы нақты тапсырма берілген болатын. Батыс Қазақстан облысында дәл осы мақсатқа 699,12 млн. теңге бөлініп, аталған қызметкерлерге төленген. Бұл үрдісті жаңа Президент Қасым-Жомарт Тоқаев та жалғастырды: 2019 жылдың 1 маусымынан бастап бюджет саласы қызметкерлерінің жалақысы 30%-ға өсті. Дәл осы өзгерістің игілігін Ақ Жайық өңіріндегі 36 медициналық мекемеде қызмет ететін 15064 қызметкер нақты көрді. Осы мақсатқа республика бюджетінен 1 728 784,0 мың теңге бөлініп, 323 405,0 мың теңге 1 шілдеге дейін төленіп үлгерді.

Батыс Қазақстан