Сәулеттік жобаның салтанатты ашылу рәсіміне қала әкімі Ғабидолла Әбдірахымов, мәслихат депутаттары, сондай-ақ, шаһар тұрғындары, зиялы қауым өкілдері, өнер мектебінің оқытушылары мен шәкірттері қатысты. Алқалы жиында шаһар басшысы Домбыра күнінің маңызына тоқталып, қалалықтарды жаңа ескерткіштің ашылуымен құттықтады.
«Осыдан 1 жыл бұрын Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың шешімімен шілде айының бірінші жексенбісі – қазақтың киелі де қасиетті қазынасы – Ұлттық домбыра күні болып белгіленген болатын. Ұлттық дәстүр, мәдениет және бірегейлік идеяларының төңірегінде қоғамымызды одан әрі біріктіру үшін жасалған осынау мерекеге орай әкімшілік-іскерлік орталығы аумағында домбыра ескерткіші бой көтеріп отыр. Бұл барша шымкенттіктер үшін қуанышты күн. Әр үйдің төрінде ілулі тұратын xалқымыздың жан серігі ұлттық аспабымыздың қоңыр үні мәңгілік үзілмесін. Домбыра аспап қана емес, қазақтың жаны, философиясы деуге болады. Домбыраның үнінен-ақ көп жайтты түсінеміз. Бұл құндылық қала тұрғындарына, жас ұрпаққа серпін береді деп ойлаймын», деді Ғабидолла Рахматоллаұлы.
Мерекеге орай ескерткіш алдында күмбірлеген домбыра үнімен үндесіп халық әндері, Қазақстан композиторларының шығармалары орындалды. Мерекенің салтанатын асыра түскен айтыскер ақын Біржан Байтуов арнау айтып, Домбыра күні ұлттық рухымызды асқақтататын мереке болуы тиіс екенін тілге тиек етті. Биіктігі 7 метрді құрайтын тұғыр ұлттық нақыштармен безендірілген. Бұл халқымыздың музыкалық аспабын дәріптеуге арналған Шымкенттегі алғашқы ірі ескерткіш. Айта кетерлігі, ескерткішті орнатуға қала мәслихатының депутаттары, атымтай жомарт меценаттар қолдау көрсеткен. ШЫМКЕНТ