Негізінде «Спектр-РГ» обсерваториясын ұшыру 21 маусымға белгіленген болатын. Зымырантасығыш ауыл арасында борпылдақ шаңды аспанға атып жүрген машина емес, сәл ақау шықса барлық процесс тоқтатылады. 12 шілдеге ауыстырылған себебі зымыранды ұшыруға дайындау кезінде циклограммадағы қателіктен ғарыш аппаратының қыздырғышы уақытынан бұрын қосылып, салдарынан химиялық ток көзі отырып қалған екен. Ток көзі бір рет қана пайдалануға жарайтындықтан, оны алмастыру үшін зымыранды монтаждау-сынақ корпусына қайтаруға тура келген. Байқоңыр ғарыш айлағында мамандар обсерваторияның сапарын кейінге қалдыруға себеп болған барлық ақауды жойды.
«Спектр-Рентген-Гамма» обсерваториясы – Ресей мен Германия бірігіп іске асырып отырған халықаралық жоба. Ғаламды рентген диапазонында зерттеуге арналған орбиталық астрофизикалық обсерватория құруды діттеген сапардан Қазақстанның да күтіп отырғаны көп.
Қызылорда облысы