• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Аймақтар 12 Шілде, 2019

Залал келген баспаналарды қалпына келтірді

310 рет
көрсетілді

Арыстағы апаттың зардаптарын жоюға барша ел-жұрт бір кісідей жұмылуда. Ауызбіршілік пен елдіктің көрінісі осындай-ақ болар. Арыстық ағайындарға тілеулес, әрі тілектес, әрі қамқор болып жүрген отандастарымыздың үлкен шоғырын ақтөбеліктер құрайды. Олар арыстықтарға қаржылай қолдау көрсету үшін ашылған «Парыз» қоғамдық қорына 130 миллион тенгеден астам қаражат түсірді.

Қазіргі күні өңірдегі ірі компаниялар өкілдері мен қайырымы мол жандар аталған есепшотқа қаражат аударуды одан әрі жалғастыруда. Бүгінгі күні Арыс қаласының көшелерінде оқ-дәрі жарылысы салдарынан бүлінген нысандарды қалпына келтіру жұмыстары қызу жүргізіліп жатқаны мәлім. Осындай сауабы мен шапағаты мол істің сүбелі үлесі ақтөбелік құрылысшылардың үлесіне тиеді. Олар өз істерін 12 аумақ бойынша жүргізуде. Бұған 765 тұрғын-үй және 5 әлеуметтік нысан енгізілген екен. Бүгінде оның бәріне шұғыл әрі сапалы түрде тиісті зерттеу мен анықтау жұмыстары жүргізілген. Сол кезде апат болған уақытта 472 тұрғын үйге әр түрлі деңгейде залал келгені анықталды. Олардың бәріне тиісті ақаулы актісі жасалған. Сондай-ақ техникалық тексерулердің нәтижесі 3 үйге снаряд түсіп, толықтай бүлінгенін айғақтап отыр. Сондықтан оның 3-уі де қайтадан қалпына келтіру нысандарының тізіміне кірмейді. Яғни бұл үйлердің тұрғындары үшін жаңа баспаналар тұрғызылуда. Қазіргі кезде Ақтөбеден арнайы аттанған мамандандырылған бригадалар тиісті құрылыс-монтаж жұмыстарын жүргізілуде. Сонымен бірге өңірден келген өзге мердігерлік ұйымдар Арыс қаласының Жәнібеков көшесіндегі 12 пәтер мен 1 жеке тұрғын-үйдің шатырларын ауыстыру жұмыстарын атқаруда. Осылайша қазіргі кезде ақтөбеліктердің көмегімен залал келген 238 баспана толықтай қалпына келтірілді. Бұл істерді атқаруға 58 маман және 7 арнайы техника бірлігі жұмылдырылған.

Ақтөбе облысының әкімі Оңдасын Оразалин Арыс қаласына арнайы барып, аталған 12 аумақтағы жөндеу жұмысының жай-күйімен танысуы – үлкен жанашырлық пен қамқорлықтың белгісіндей әсер қалдырды. Сонымен бірге өңір басшысы апат кезінде қаза тапқан 2 азаматтың отбасына көңіл айтып, оларға моральдық және материалдық тұрғыдан қолдау көрсетті.

Облыс әкімінің ақтөбелік мердігер ұйымдарға қойған талабы мен тапсырмасы біреу ғана – бұл барлық жұмыстардың сапалы атқарылуы және өз уақытында аяқталуы болып отыр.