• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
14 Шілде, 2019

Абай тойына дайындықты ақырындап бастап жатырмыз

915 рет
көрсетілді

Ақын дүниеге келген, кіндігі кесілген Сырт Қасқабұлақ деген жер бар. Сол жерді қоршап, сонда апаратын жолды көтеріп, биіктетсек дейміз.

Жақында Абай ауданына жұмыс сапарымен барғанымызда аудан әкімі Жарқынбек Байсабыровпен аз-кем сұхбат құрған едік.

Жарқынбек Борашұлы, алда үлкен мерейтой келе жатыр. 2020 жылы ұлы Абайдың 175 жылдығы. Дүбірлі тойға дайындықтарыңыз қалай?

Үлкен тойға шамамыз келгенше дайындалып жатқан жайымыз бар. Аудан орталығы – Қарауылдағы Абай және Ералы көшелерінің жарықтарын ауыстырып, электр үнемдегіш шамдар орнатып жатырмыз. Сонымен қатар қазір Жеңіс саябағы жөнделіп, жаңғыртылып жатыр. Абай елінен Жанғазы Молдағалиев, Серікқазы Бекбосынов, Зәкәрия Белібаев сынды 3 бірдей Кеңес Одағының батыры мен Баян Байғожина секілді сұрмерген шыққан.

 Саябаққа осы 4 батырдың кеуде мүсінін қойдық. Осы саябақтағы боздақтар тізімінде бұған дейін Ұлы Отан соғысына қатысқан 556 қарауылдықтың есімі жазылса, біз осыны толықтырып, майданға аттанған бүкіл абайлық (ұзын-саны 1500-ден астам) азаматтардың есімін қашап жаздырдық.

 Ұлы Абайдың 175 жылдығына қатысты ұсыныстарымызды облысқа бердік. Ақын дүниеге келген, кіндігі кесілген Сырт Қасқабұлақ деген жер бар. Сол жерді қоршап, сонда апаратын жолды көтеріп, биіктетсек дейміз. Өскенбай мен Құнанбай ұрпақтары жерленген Ақшоқыдағы Құнанбай қорымын қоршап, зиярат етушілерге арнап орындықтар қою да ойымызда бар. Осы екі жобаға облыс тарапынан тиісті қолдау көрсетіледі деп сенеміз.

Абай ауыл шаруашылығы дамыған аудан ғой. Қар аз түседі. Қысы жайлы дегендей. Осы мүмкіндікті қалай пайдаланып жатырсыздар?

Оныңыз рас. Абайда түлік атаулы көбіне жайылымда жүреді. Содан да болар, ауданда бұған  дейін тауарлы сүт фермасы болмаған екен.  Қуат Өзбеханов деген жігіт осы іске білек сыбана кірісіп, 80 бас симментал тұқымды сиыр сатып алып, қазір соларды сауып, аудандағы бүкіл мектеп, балабақша, аурухана мен интернаттарды табиғи  таза сүтпен қамтамасыз етіп отыр. Сонымен қатар кілегей, айран өнімдерін де шығарып жатыр. Орайы келгенде айта кетейін, бүгінде жергілікті бюджеттен қаржы бөлдіріп, аудан мектептеріндегі оқушылардың барлығына 20 граммнан бал беріп отырмыз. 

Былтыр Шәкәрім бабамыздың 160 жылдығында аудан орталығында облыс әкімі Даниал Ахметовтің тікелей қолдауымен бассейн ашылған болатын. Бассейн қазір жақсы жұмыс істеп тұр. Биыл алғаш рет жарыс өткіздік.

Киелі орындар тізіміне енген Қоңыр әулие үңгіріне жарық тартылады деп естідік.

Иә, қазір Қоңыр әулие үңгірінің басында қонақ үй салынып, жарық тартылып жатыр. Жарық тарту үшін облыстық бюджеттен арнайы қаржы бөлінді. Жарық жол бойындағы бес шаруа қожалығын да қамтитын болады. Бұл облыс әкімінің Абай еліне жасаған үлкен көмегі деп есептейміз.

«Мақсұт» кен орны Абай ауданында орналасқаны белгілі. Кәсіпорын бизнестің әлеуметтік жауапкершілігі аясында ауданға көмектесіп тұра ма?

Қазір Абайдағы колледж студенттерін кен орнына жұмысқа орналастыру жағына күш салып жатырмыз. Колледжде кен орнына қажет мамандарды даярлауға баса назар аударылуда. Бұл тарапта кен орны басшылығымен тиісті келіссөздер жүргіздік.

Білуімізше, Абай ауданында тек Кеңгірбай би ауылында ғана Мәдениет үйі жоқ екен.

Негізі бұрын болған ғой. Кеңес үкіметі тараған кезде бұзып алып кеткен. Бұл жаңа Мәдениет үйі де тікелей облыс әкімінің қолдауымен салынып жатыр.  

Бұған облыстық бюджеттен 200 миллион теңгеден астам қаржы бөлінді. Қазір нысанның құрылысы аяқталуға жақын.