Аудан әкімі Бауыржан Қаниев Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру», «Ұлы даланың жеті қыры» бағдарламалық мақалаларында көрсетілген міндеттер кенже қалған дәстүрлерді жаңғыртуға арналғандығын айтып, мәні зор шараны ұйымдастырушыларға алғысын білдірді.
«Мерейлі отбасы» ұлттық байқауының аудандық кезеңіндегі жеңімпаздары осы мерекеде аудан әкімі Б.Қаниевтың қолынан Алғыс хаттар мен сыйлықтар алды. Елге белгілі еңбек ардагерлерінен құралған әділқазылар бағасын беру үшін қаз-қатар тігілген шатырлар сөрелеріндегі қымыздардан ауыз тиді. Әр ауылдан келген қымыз әзірлеушілер бір-бірімен қымызды баптау барысындағы тәжірибелерімен бөлісті.
Өткен жылы облыстық деңгейде тұңғыш өткен осы мерекеде бірінші орын алған Шетырғыз ауылдық округінің тұрғыны Қайрат Жұмағалиев бұл жолы да қымыздарын ала келіпті.
– Өткен жылы «Даму» қоры арқылы 3 млн теңге қаржыға 8 бас бие сатып алып, қазір солардан қымыз сауып отырмын. Бүгінде шаруалар малдың санына емес, одан сапалы өнім алуға бет бұрды. Соның ішінде жылқының қымызы мен түйенің шұбатына сұраныс жоғары. Ал қымызды дайындаудың тәсілдеріне ден қоймасаң, жақсы өнім шықпайды. Біз соған көп көңіл бөлеміз, еңбегімізге қарай нәтижесі де жаман емес, – дейді ауылының үмітін арқалап келген Қайрат.
Айтулы күнге арналып тігілген ақшаңқаң киіз үйлерде қонақтарға арналып ас берілді. Ардагерлер: «Өскелең ұрпаққа берері мол мұндай шаралардың жалғасы әрдайым болуы тиіс», – деп ұйымдастырушыларға алғыстарын білдірді. Ауданда тұңғыш өткізілген қымызмұрындық мерекесінде Жаңақоныс ауылдық округінен ұсынылған қымыздың дәмі тіл үйіретіндердің қатарынан табылып, І орынды иеленді. Жүлделі ІІ, ІІІ орындарды Айшуақ, Бершүгір ауылдық округтерінен келген шаруалар жеңіп алды. Жүлдегерлерге аудан басшысының атынан Алғыс хаттар мен сыйлықтар табысталды. Өзге де барлық қатысушыларға ынталандыру сыйлықтары берілді.
Ұлттық дәстүрімізді ұлықтаған шырайлы шарада аудан көркемөнерпаздары ән мен күйден жыр шашып, көпшіліктің қошеметіне бөленді. Мұхтар МЫРЗАЛИН Ақтөбе облысы, Шалқар ауданы