Сенатор Сәрсенбай Еңсегенов жұмыс сапары аясында Атырау облысында болған кезде аймақтағы азаматтарды қабылдады. Атырау қаласының тұрғыны Қадиша Жақсылықова мен оның қызы II топтағы мүгедек Қаламқас Сүндетованы қабылдаған сенатор келушілердің өтініштерін тыңдады. Жалпы жеке қабылдау кезінде тұрғындардан жеңілдікке ие жандардың пәтер алуына көмектесу және әлеуметтік жәрдем бойынша заңнаманы жетілдіру туралы ұсыныстар түсті.
Сенатор облыстық, аудандық мәслихат депутаттарымен, жергілікті атқарушы билік өкілдерімен де кездесіп, Парламент Сенатының заң шығару қызметі және атқарылған жұмыстар туралы хабардар етті. Сонымен бірге, қолданыстағы заңдарды жетілдіру, мәслиxаттың рөлін көтеру, сайлау, бюджет жүйесін жетілдіру, жергілікті маңызы бар мәселелер туралы ұсыныстар талқыланды.
С.Еңсегенов Атырауда өткен Балық шаруашылығы қызметкерлері күні мерекелік шарасына да қатысты. Осы саланың ардагерлері мен қазіргі кезде жұмыс істер жүрген қызметкерлерімен, балық шаруашылығы қоғамдық ұйым басшыларымен кездесіп, балық өсіру және аулаудағы өзекті мәселелерді талқылады.