Қыр астында – қыркүйек. Мектептерде сабақ басталады. Көп балалы және аз қамтылған отбасылардың балалары бұған дайын ба? Комиссия отырысында баяндама жасаған облыстық білім басқармасы басшысының орынбасары Айгүл Байжанованың сөзінен түйгеніміз, алдағы жаңа оқу жылында аймақтағы барлық көп балалы және тұрмысы төмен отбасының балаларына (жалпы саны – 33 583, оның 23 мыңы көп балалы, 10 мыңы әлеуметтік жағынан аз қамтылған отбасылардың оқушылары) мектеп формасы мемлекет есебінен сатып әперілмек. Осы мақсатқа облыс, қала және аудан бюджеттерінен 626 млн теңге қаржы бөлініп, Шығыс Қазақстандағы мектеп формаларын тігетін 5 тауар өндіруші («Ақтұмар», «УК Юнис», «Семспецснаб», «Ақмаңдай», «Instar») анықталды. Басқарма басшысы орынбасарының айтуынша, қазір өңірдегі 580 мектептің 260-сы форма сатып алу жөнінде келісімшарт жасасты, 299 мектеп келісімшарт рәсімін жақында аяқтауға уәде берді. Абай, Аягөз, Бородулиха, Күршім, Тарбағатай және Үржар аудандары бұл жұмысты 100 пайызға жеткізді. Ал Бесқарағай ауданындағы 21 мектеп жергілікті тауар өндірушілермен әлі күнге дейін келісімшарт жасаспаған. «Бұл мәселені ақпан айында айтқанбыз. Екі айдан кейін сабақ басталады. Ал сіздер әлі жүрсіздер! Қаражат бар, тауар өндірушілер белгілі. Неге іске кіріспейсіздер? Бір апта уақыт беремін. Мәселе шешілмесе, комиссия отырысында қараймыз» деді Д.Ахметов.
Айтпақшы, осы жиында Бесқарағай ауданы әкімдігінің көп балалы отбасыларды баспанамен қамту жөніндегі аудандық комиссия жұмысына салғырт қарағандығы да белгілі болды. Бір қызығы, Бесқарағай ауданы әкімдігі жиынға комиссия құрамына енген көп балалы аналардың бірде-бірін шақырмапты. «Комиссия мүшесі Татьяна Власова бар ма?» деген облыс әкімінің сұрағына: «Оның баласы ауырып қалып, келе алмады» десе, «Любовь Ивановна қайда?» деген сауалын жауапсыз қалдырды. «Мен аудан әкімдеріне «Ең кем дегенде үш көп балалы ана комиссияға кірсін» деп тапсырма бергенмін. Бірде-біреуі жоқ» деп ашуға булыққан Д.Ахметов еңбек демалысында жүрген Бесқарағай әкімін шұғыл жұмысқа шақырып, осы мәселемен шұғылдануды және Nur Otan партиясы облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Әнуарбек Мұхтархановқа партиялық комиссия құрып, аудандағы көп балалы аналармен кездесуді тапсырды.
Үнемдеген қаржыға үй ала ма?Осы жиында облыстағы баспанаға мұқтаж көп балалы отбасыларды үймен қамтамасыз ету үшін әр ауданда арнайы комиссия құрылып жұмыс істегені, алдағы уақытта 230 көп балалы отбасы қоныс тойын тойлайтыны туралы жағымды жаңалық айтылды. Демек, 230 анаға пәтер тегін берілмек. Бұл мақсатта облыстық «Парыз» қорынан тиісті қаржы бөлініпті. Журналистердің қатысуымен ашық форматта, жария өткен комиссия отырысында Д.Ахметов қарамағындағы аудан әкімдеріне толық сенбеді ме, әлде мәселенің анық-қанығына көзін жеткізейін деді ме, өңірдің барлық аудандарындағы көп балалы аналармен жеке-жеке сөйлесті.
Д.Ахметовке бейне режімде жеке-жеке есеп берген аудан әкімдерінің бірі ақшаны үнемдеп, 3 үйдің орнына 4 үй сатып алғандығын, екіншісі көп балалы аналардың барлығынан қолхат жаздырып алғандықтарын, үшіншісі берілген қаражатты шашауын шығармай жеткізуге тырысқанын айтты. «5 миллион теңге үнемдедік. Бұл қаржыға екі үй алуға болады» деді Глубокое ауданының әкімі Қалихан Байғонысов. Алтай ауданының әкімі Нұржан Тоқсейітов қордан бөлінген 11 миллионның 9 миллионына, Күршім әкімі Дулат Қажанов 5 үй алуға бөлінген 15 500 миллион теңгенің 8 миллионына баспана алынғанын жеткізді. Ал Зайсан ауданының әкімі Серік Ақтанов 7 үйдің орнына 11 үй сатып алынғанын, Ұлан ауданының әкімі Нұрымбет Сақтағанов 23 көп балалы отбасы үйлерді өздері таңдағанын, қордан бөлінген 73 миллион теңгеден 12 миллион теңге үнемделгенін тілге тиек етті. Осы ретте «аудан әкімдері үнемдеген қаржыға көп балалы отбасыларға тағы да үйлер алына ма?» деген сұрақ туындауы мүмкін. Мұны уақыт көрсете жатар.
Шорманов пен ШацкийӘуелгісі – облыстық кәсіпкерлік басқармасының басшысы, екіншісі – облыстық кәсіпкерлер палатасының директоры. Соңғы уақытта облыс әкімі Д.Ахметов екеуіне әкімдікте өтетін жиындарда қатты шүйлігіп жүр. Шүйлігетін жөні де бар секілді. Бір ай бұрын ғана аймақ басшысы көп балалы отбасыларға қатысты жиында екі мекеме басшысын сын садағына алып: «облыстық кәсіпкерлер палатасы мен облыстық кәсіпкерлік басқармасы жұмысты өзгелерге жүктегенді жақсы көреді. Маған кәсіпорындардың тізімі емес, олардың ұсынған бағдарламалары қажет. Біз өңірдегі кәсіпорындарға мектеп формасын тігу үшін 625 миллион теңгенің мемлекеттік тапсырысын бергелі отырмыз. Олар мемлекеттік тапсырыс алғысы келсе, соған сай өздерінің өндірістік қуатын арттырып, қорларын жаңартуы тиіс. Олар бізге өздерінің инвестициялық жобасын әзірлеп, ұсынсын. Өкінішке қарай, бұл жұмыс жүргізілген жоқ. Осылай жалғаса беретін болса, мектеп формасын Қытай мен Түркиядан тасымалдаудан құтылмаймыз» деген еді. Бұл жолғы қоғамдық комиссия отырысында облыстық кәсіпкерлік және индустриялық-инновациялық даму басқармасының басшысы Ержан Шорманов пен облыстық кәсіпкерлер палатасының директоры Игорь Шацкий тағы да сөз естіді. Көп балалы аналарға несие беріп, олардың өз кәсібін жүргізуі үшін түсіндіру жұмыстарын дұрыс жүргізбегені үшін. Е.Шормановтың айтуынша, қазір «Еңбек» бағдарламасы бойынша Өскеменде екі жоба қаралып жатыр екен. Көп балалы ананың бірі дүкен ашуды көздесе, екіншісі шаштараз қызметін жандандырмақ. Одан бөлек «Бизнестің жол картасы – 2020» бағдарламасымен грант қаражатына үмітті бес жоба дайын тұр. Мұның сыртында өңірлік «Ақниет» бағдарламасы бойынша Курчатов қаласында бір жоба қолға алыныпты.
Облыс әкімі бұл жұмыстарға көңілі толмайтынын жеткізіп: «Өзінің кәсібін ашып, шаруасын дөңгелеткісі келетін көп балалы отбасылар аз емес. Мұны мен жұмыс бабымен аудан, қалаларға барғанда, жұртпен кездескенде көріп жүрмін. Бүгінге дейін облыстағы 26 мыңнан астам көп балалы отбасының қанша пайызы несие алып, кәсібін бастады? Сіз айтқандай бірен-саран ғана. Неге? Өйткені олар көмекті қалай алатынын, жеңілдетілген несиеге қалай қол жеткізетінін білмейді. Олардың сіздерге келетін уақыты жоқ. Олар бала-шағасымен, үй шаруасымен шұғылданады. Қажетті ақпарат жетпей жатыр. Түсіндіру жұмыстары нашар. Сіздер көп балалы аналармен кездескен жоқсыздар. Үш ай уақыт беремін, жұмысты ширатпасаңыздар тиісті шара қолданамыз» деді.
«Фейсбукқа, өзіме жазыңыздар»
Жиында көп балалы және жағдайы төмен отбасы мүшелерінің колледж бен университетке жеңілдікпен оқуға түсу жайы да қаралды. Облыстық білім басқармасы басшысының орынбасары Айгүл Байжанованың айтуынша, биыл өңірде 15 мыңнан астам түлек 9-сыныпты бітірсе, соның 969-ы көп балалы отбасыдан шыққан екен. 15 мыңның 5 289-ы (оның 642-сі көп балалы отбасылардың балалары) колледжге құжаттарын тапсыруға ниеттеніп отырған көрінеді. Ал аймақта 11-сыныпты 8490 түлек аяқтаса, соның 479-ы көп балалы отбасылардың балалары. Аз қамтылған отбасылардың 9 және 11-сыныпты бітіргендерінің саны – 2862.
«Құжат тапсыру уақыты басталған 20 маусымнан бүгінге дейін колледжде оқуға көп балалы отбасыдан шыққан 285 баладан өтініш келіп түсті. Қазіргі күні аталған санатқа жататын 630 түлекпен кәсіптік бағдарлау жұмыстары жүргізілуде» деген басқарма басшысының орынбасары колледждерге құжат тапсыру мерзімі тамыздың 20-сы күні аяқталатынын жеткізді. Облыс әкімі аудандағы комиссия мүшелеріне осы мәселеге мұқият қарауды, ешбір бала жеңілдіктен тыс қалмауын қадағалауды тапсырды.
Қоғамдық комиссия отырысында балабақша төлемінен босатылған көп балалы отбасылар туралы да сөз болды. Облыстық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламаларды үйлестіру басқармасының басшысы Ерболат Ошақбаев биылғы мамыр айынан бастап өңірдегі көп балалы отбасылардың балалары мен ерекше білім беруді қажет ететін балалар (олардың саны – 3518) балабақшаға тегін барып жүргенін, бұл мақсатқа бюджеттен 200,2 млн теңге қаржы бөлінгенін айтты.
Басқарма басшысының сөзінен ұққанымыз, әлеуметтік көмекке мұқтаж адамдар әлеуметтік қорғау органына мына құжаттарды тапсыруы тиіс: жеке куәлігі, тұрақты тұрып жатқан жерін растайтын анықтама, отбасы құрамы туралы мәлімет, отбасы мүшелерінің табысы туралы мәлімет. Бұл құжаттар «Е халық», «Е-Собес» сияқты ақпараттық жүйелер арқылы өтініш берушінің тікелей қатысуынсыз-ақ алынады. Бар болғаны төрт құжат. «Қазір цифрландыру дәуірі. Бұл төрт құжатты ата-аналар емес, әкімдік жинауы керек. Мемлекеттің құндылығы саналатын аналарымыз құжатқа бас қатырмауы керек. Егер қандай да бір мәселе болса, өзіме айтыңыздар, фейсбугыма, инстаграмға жазыңыздар» деп түйіндеді Д.Ахметов. Шығыс Қазақстан облысы