Ал биыл өңірде пайдалануға берілетін тұрғын үйлер ауқымы екі есе артып, 80 мың шаршы метрге жетеді. Атап айтқанда, 42,1 мың шаршы метр несиелік, 32 мың шаршы метр жалгерлік, 5,2 мың шаршы метр коммуналдық тұрғын үй құрылысы аяқталмақ. Яғни, жыл соңына дейін 924 пәтерде қоныс тойы тойланбақ. Бұл бағыттағы жұмыстың нәтижесі қазірден анық байқалуда.
Мәселен, күні кеше Алматы облысында 330 отбасы бірден қоныс тойын тойлады. Талдықорған қаласында 230 пәтерлік 3 көпқабатты және Қаратал ауданында көп балалы отбасылар мен әлеуметтік бағдарлама бойынша үй кезегінде тұрғандарға арналып салынған 100 пәтерлік, көпқабатты 2 баспана пайдалануға берілді.
Талдықорған қаласының 6-шағын ауданындағы 16 қабаттан тұратын 3 үй «Нұрлы жер» бағдарламасы бойынша салынып, тұрғын үй құрылысы жинағы арқылы азаматтарға бұйырды. Қолданысқа берілген тұрғын үй ғимаратының жалпы ауданы 22 мың шаршы метрді құрайды. 230 пәтердің тоқсан екісі 1 бөлмелі, тоқсан екісі 2 бөлмелі және 46 пәтері 3 бөлмелі.
– Биыл облыс бойынша 800 мың шаршы метр тұрғын үйді пайдалануға беру жоспарлануда. Тек «Нұрлы жер» бағдарламасының өзіне ғана 27,9 млрд теңге бөлінген. Бұл қаражатқа 1279 пәтерден тұратын 334 тұрғын үй салу көзделген. Оның ішінде көп балалы отбасыларды тұрғын үймен қамту ерекше назарда. 2025 жылға дейін облысымыздың 5 мыңға жуық аз қамтылған отбасылары баспанамен қамтылмақ, – дейді облыс әкімі Амандық Баталов.
Сондай-ақ Қаратал ауданының орталығы Үштөбе қаласынан да 100 отбасына баспана кілті табыс етілді. Қаратал ауданының орталығында пайдалануға берілген 40 және 60 пәтерлік екі көпқабатты тұрғын үй көптен бері жеке баспанаға мұқтаж болып жүрген көп балалы және жалғызбасты аналарға, мүмкіндігі шектеулі жандарға, мүгедек баласы бар немесе мүгедек бала тәрбиелеп отырған жанұяларға, зейнеткерлерге, ата-ана қамқорлығынан айырылған балаларға, ҰОС ардагерлері және ҰОС мүгедегіне теңестірілгендерге, бюджеттік сала қызметкерлеріне берілді.
Көп балалы отбасылар мен аз қамтылған әулеттерді тұрғын үймен қамту жайы аудандарда да жүзеге асып жатқаны қуантады. Сөзіміздің дәлелі ретінде, жақында Көксу ауданындағы 13 көп балалы отбасының баспаналы болғанын айталық. Өңірдегі Балпық би, Мұқаншы, Айнабұлақ, Еңбекші ауылдық округтерінде тұратын әулеттердің қуанышын аудан әкімі Алмас Әділ бөлісті. Көп балалы отбасыларға берілген тұрғын үйлер «Нұрлы жер» мемлекеттік бағдарламасы аясында сатып алынған екен. Осы мақсатқа республикалық бюджеттен 123 миллион 750 мың теңге қаражат бөлініпті.
– Мемлекет тарапынан бөлінген қаражатқа 21 тұрғын үй сатып алу көзделген еді. Оның он үш үйін тапсырдық. Енді тамыз айының соңына қарай қалған 8 пәтерді сатып аламыз. Одан бөлек, ауданда 50, 30 пәтерлі үйдің құрылысы аяқталып, қазан-қараша айларында табысталады. Ол үйден де 30-40 пәтер көп балалы отбасына берілмек, – дейді Көксу ауданының әкімі Алмас Әділ.
Жалпы, Алматы облысында 145 мыңнан астам адам тұрғын үй кезегінде тұр. Демек, «Нұрлы жол», «Нұрлы жер», «7-20-25» мемлекеттік бағдарламалары және көп балалы отбасыларға арнап үйлер салу міндеті тұрғындарды баспанамен қамтуда көп мүмкіндіктер береді.
Алматы облысы