• RUB:
    4.98
  • USD:
    516.93
  • EUR:
    542.52
Басты сайтқа өту
Экономика 18 Шілде, 2019

Бюджеттің әр теңгесін ұқыпты пайдалану қажет

361 рет
көрсетілді

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Үкіметтің кеңейтілген отырысында бюджет қаражаттарын тиімді пайдалану жөнінде орталық және жергілікті атқарушы органдарға жауапты міндеттер жүктеді. Расында да бұл бүгінгі өзекті мәселенің бірі. Бюджет қаражаты ысырапшылдықты көтермейді. Оның әр теңгесі қатаң бақылауда болған жағдайда ғана тиімділігі арта түседі.

Осы орайда Ақтөбе облыстық мәс­ли­хатында қазіргі кезге дейін қалыптасып үлгерген бірқатар оң үрдістер мен тәжірибелерді айтқым келеді. Менің ойымша, бюджетті қабылдау ісіне, оның кірісі мен шығысын мұқият есептеуге ұқыпты көзқарас қалыптастыру  үлкен жауапкершілік әрі сенім. Сондықтан мәслихат сессиясында бюджетті қабылдап бекітер алдында оны терең сүзгіден өткіземіз. Бұл үшін арнайы жұмыс тобы құрылған. Оның құрамына қоғамдық ұйымдар мен қаржылық органдардың өкілдері және тексеру комиссиясының мүшелері енген. Халқымыздың ұғым-түсі­нігіне сай «жеті рет өлшеп, бір рет кес» деген мәселе дәл осы тұстан бастау алады. Сондай-ақ бюджетті қабыл­дауға және бюджеттің шығыстары мен кі­ріс­терін есепке алуға арналған облыс­тық мәслихаттың сессиялары онлайн режімінде өткізіліп, оған ашықтық пен жариялылық беріледі.

Осы мәселеге қатысты облыстың әр тұрғыны өз ой-пікірлері мен ұсыныстарын жеткізе алады. Сондай-ақ облыстық мәс­лихаттың сайты арқылы да әрқайсысы тиіс­ті үн қоса алады. Бұл орайда біз ең ал­дыңғы кезекте бюджет жөніндегі қоғам­дық кеңестің мүшелері айтқан қонымды ұсыныстар пен ой-пікірлерді ұдайы назарда ұстауды тәжірибеге енгізіп келеміз.

Соған қарамастан өңірде бюджет қаражаттарын тиімді жұмсау ісінде кейбір «әттеген-айлар» да кездесіп қала­тынын жасырып қала алмаймыз. Ай­талық, жобалық-сметалық құжаттар жасау кезінде осындай үстірттіктер орын ал­ғаны, соның салдарынан өңірдің кейбір шал­ғай аумақтарындағы әлеуметтік нысан­дардың дұрыс жобаланбағаны, яғ­ни қа­жетсіз бос алаңдар салынып кет­кені сабақ алуға тұрарлық жайт деп білеміз.

Бюджет тиімділігін көтеру ісіне қаржылық тәртіп пен оның ойдағыдай сақталуы септігін тигізе алады. Бұған қоса тайға таңба басқандай айқын жоспарлау қажет. Сондай-ақ әрбір бюджеттік бағдарлама бойынша дәл экономикалық есептер жасалмаса, бюджеттің тиімсіз тұстары жойылмақ емес. Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың бюджет тиім­ділігін көтеру жөнінде қойған міндеттері аталған мәселелерді нақты атқаруды жүктейді.

Бюджет қаражаттарын мақсатты жұмсау мәселесінде белгіленген заңды­лықтарды бұзу көріністері де кездеспей тұрмайды. Мысалы, облыстық мәс­лихаттың өткен сессияларының бірінде 2017 жылдың бюджеттік тапсырмаларын орындау кезінде осы сияқты көріністер орын алғаны тексеру комиссиясы тарапынан айтылды. Бүгінде оның анық-қанығы зерттелу үстінде. Түйіп айтқанда, бюджет қаражаттарының үнемді және тиімді жұмсалуы алға дамудың басты тұтқаларының бірі.

 

Сәния ҚАЛДЫҒҰЛОВА,

Ақтөбе облыстық мәслихатының хатшысы

 

АҚТӨБЕ