• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
Экономика 18 Шілде, 2019

Аграрлық банк құрылса...

283 рет
көрсетілді

Алдымызда аграрлық секторды экономиканың жаңа драйверіне айналдыру міндеті тұр. Бұл жөнінде Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Үкіметтің кеңейтілген отырысында атап көрсетіп, ауыл шаруашылығындағы еңбек өнімділігі мен экспорт көлемін 2,5 есеге ұлғайту қажеттігін қадап айтты.

Агроөнеркәсіп кешенінің экспорттық әлеуеті зор екенін біле тұра, ішкі-сыртқы мүмкіндік көздері ұтымды қарастырылмай келгенін осыған дейін де айтқанбыз. Тереңдей берсек, мұның бәрі қаржыға келіп тіреледі. Ауыл шаруашылығының күретамырына қан жүгіртеді деген квазисектор үмітті ақтамады. Мемлекет басшысы Үкіметте өткен жиында «ҚазАгро» ұлттық басқарушы холдингінің 2018 жылы 120 млрд теңгені мақсатсыз жұмсағанын, холдинг қаржыландырған жобаның 40 пайызы тоқтап тұрғанын айтты. Қазір сарапшылар ауыл шаруашылығындағы алпауыттың шығынға батуына қор қаражатының әлсіз банктерге депозиттерге салынып келгені себеп болғанын айтып жатыр. Ауылды көтеру үшін мемлекеттің өзі жұмыс істеуіне мүдделі болған қаржы ұйымының мұндай шешімі заңға қайшы.

Жалпы, бүгінге дейін ауылға ба­ғыт­талған қаржы квазимемлекеттік сек­тордағы қаржы институттары арқылы жүзеге асып келгені белгілі.

Қазақстанда аграрлық банк құру қажеттігін уақыттың өзі дәлелдеп отыр. Оны мүмкіндігінше тезірек ашу керек. Алғашқы кезеңде қаржы ұйымын мемлекеттің балансында ұстап, уақыт өте келе жекеменшікке беру керек.

Жыл сайын республикалық бюджеттен бөлінетін несиенің басым бөлігі ірі шаруашылықтарға үлестіріледі де шағын шаруашылықтар шөміштен қағылады. Үкіметтің ауылға бөлген қаржысының 86%-ы үлкен кәсіпорындарға беріледі, қалған 24%-ы ұсақ шаруашылықтарға ұсынылады. Бұл олар үшін тым аз. Естеріңізде болса, Еуропа Ресейдің экспортынан, Ресей Еуропаның ауыл шаруашылығы өнімдерінен бас тарта бастаған тұста отандық сарапшылар ауыл шаруашылығы саласының өкілдеріне мүмкіндікті мүлт жібермей, Ресей нарығын жаулау қажеттігін алға тартты. Алайда Ресей санкция кезінде де саспады. Агробанк арқылы агросекторға төмен пайызбен несие берді. Осылайша, ауыл шаруашылығын құлдыраудан сақ­тап қалды. Бұдан түйгеніміз, аг­рар­лық банк кез келген дағдарыс кезінде «құт­қару жастықшасы» міндетін атқара­ты­­нын түсінбей отырмыз. Қазіргі кезде ел тұр­ғындарының 46%-ы ауылда өмір сү­реді. Демек кейбіреулер айтып жүр­ген­дей аграрлық банк клиентсіз қал­майды.

Ел ішінде «ҚазАгро» немесе «Даму» тәрізді квазисекторлық қаржы институттарын көбейте бергенше, аграрлық банк секілді салмақты қаржы ұйымын ашуға заңнамалық мүмкіндік беру керек. «Қазақстан Республикасының банк­тер қызметі» туралы заңына сәйкес, «Тұрғын үй құрылыс жинақ банкінен» өзге бірде-бір банк мамандандырылған банк бола алмайды. Егер осы норма өзгертілсе, аграрлық банктің құрылуына кедергі жоқ. Біздің ойымызша, мұндай банк агросекторға керек. Ауылды қаржыландыруға бағытталған қаржы бірнеше банкте сақталса немесе қаржыландыру Үкіметке қарасты бірнеше квазисектор арқылы жүргізілсе, онда сала жүйелі дамымайды.

 

Бейсенбек ЗИЯБЕКОВ,

қаржыгер, экономика ғылымдарының докторы