• RUB:
    4.98
  • USD:
    516.93
  • EUR:
    542.52
Басты сайтқа өту
Қоғам 18 Шілде, 2019

Жас ғалымдардың әлеуетін пайдалану керек

376 рет
көрсетілді

Мемлекет басшысы жақында өткен Үкіметтің кеңейтілген отырысында білім саласымен қатар, ғылымның дамуына тиісті көңіл бөлу қажет екенін айтып, аталған саланың беделін көтеруге қатысты орамды ойларын білдірді. Бүгінде Қазақстанда ғылымға жұмсалатын шығыс көлемі ІЖӨ-нің 0,13%-ын құрайды. Ал дамыған мемлекеттерде бұл көрсеткіш – 2-3%. Демек, отандық ғылымға бөлінетін қаржыны көбейту қажеттілігі туындайды.

Бұл орайда ғылымдағы оң өзгеріс­терді де атап өткен орынды. Мәселен, қазақстандық зерттеушілердің жаңа буыны сан алуан жобаларды бірлесіп жүзеге асыруға дайын. Атап айтсақ, 2016 жылы шетелдік оқу орындарын тәмам­даған бір топ PhD түлектері Назар­баев Университеті жанынан Жас ғалым­дар қауымдастығын құрды. Аталған жо­баның түпкілікті мақсаты – ғылыми орта­дағы ынтымақтастықты нығайту, сон­дай-ақ жас ғалымдарға тәжірибе алмасып, бірлескен зерттеулер жүргізуге мүмкіндік беру.   

2018 жылы Назарбаев Универси­теті­нің Әлеуметтік даму корпоративтік қорының қолдауымен Жас ғалымдар қауым­дастығы жұмыс форматын өз­гертті. Қазір бұл қауымдастық Жас ға­лым­­дар альянсы ретінде жаңғырып, Қазақ­­стан­­дағы жетекші білім ордаларын­ың зерт­теу­шілерін біріктіріп қана қоймай, шетелдегі отандастарымызды да өздеріне тарта білді.   

Бүгінгі таңда альянстың белсенділері мемлекеттік ведомстволармен және бірқатар компаниялармен байланыс орнатып келеді. Олардың қатарында «Самұрық-Энерго», «Shell» және «Chevron» сынды беделді компаниялар бар. Осылайша, жас ғалымдарға нақты өндірістік мәселелерді шешуге жол ашылып отыр. Жас энтузиастар мұнымен тоқтамай, биыл ғалымдарға арналған қосымшаны әрі ғылыми зерттеуді енді бастаған жандарға оқыту курсын дайын­дап шығармақ ниетте.   

Тұтастай алып қарасақ, Жас ғалымдар альянсының жұмысы қазақстандық зерт­теушілердің ынтымақтастығына тың серпін берері сөзсіз. Сол секілді бұл жаңа идеялардың түрленуіне ықпал етіп, отан­дық ғылымға деген ішкі және сыртқы сұ­ра­нысты арттырады деп үміттенеміз. Слямжар Ахметжаров, Президент жанындағы ҚСЗИ-дің Әлеуметтік-саяси зерттеулер бөлімінің ғылыми қызметкері