Біздің «Алтын бидай» шаруа қожалығы 2003 жылы құрылған. Шаруашылық күздік, жаздық егін егеді, 4-5 алқапты егіс айналымы бар. Астыққа қоса күнбағыс, екпе шөптер де өсіреміз, соңғы жылдары асбұршақ егіп жүрміз. Омарта ұстап, табиғи бал арасын да өндіреміз. 2018 жылы қуаңшылыққа қарамай 734,5 гектар күздік бидай алқабының әр гектарынан 25,5 центнерден, 1197 гектар күнбағыстың әр гектарынан 16,2 центнерден өнім алдық. Қожалықтың 15 жылдығын атап өтіп, еңбеккерлерімізді марапаттадық.
Әрине, осы жетістіктерге жетуімізге мемлекет көмегінің де әсері болғаны сөзсіз. Мысалы тұқым, гербицид алуға Үкіметтен 25 пайыз субсидия беріледі. Жаңа техника алғанда да осылай. Мұның бәрі ескі-құсқы техника паркімізді жаңартып алуымызға мүмкіндік береді.
Алайда ауылдағы еңбекқор ағайынға нақты қолбайлау болып отырған мәселелер де бар. Ол Үкіметтің кеңейтілген отырысында айтылғандай, біздің ауыл шаруашылығы министрлігінде басшы ауысқан сайын заңдар мен ережелер жиі өзгереді. Әр министр келген сайын жаңа реформа жүргізіледі. Басшы ауысса, бәрі қайтадан басынан басталады. Осылайша, бір адамның кесірінен бәрі аумалы-төкпелі болып, біз ауылда зардабын шегіп қаламыз.
Қазір ауылдағы диқан болсын, малшы болсын, жылдың ортасына дейін жаңа ереженің бекітілуін күтіп отырамыз. Өз ойымша, басшылыққа алатын бұл ережелер қаңтарда, тіпті желтоқсан айында анықталуы тиіс деп ойлаймын. Сосын бұл ережелер кемінде 5 жылға қозғалмағаны жақсы еді. Әрине, заңдар мен ережелер өзгермей қатып қалған да жақсы емес, бірақ аз-маз түзету жасалса да, негізгі бағыты өзгермей қалуы тиіс.
Өз басымнан өткен жағдайды айтайын. Дәл қазір мемлекет гербицидке, тұқымға, техникаға субсидия беріп жатыр. Бірақ кейбір ережелердің өзгеруіне сәйкес қазір Ресейден сатып алған техникамыз үшін субсидия ала алмай отырмыз. Ереже жиі ауысқандықтан, аудандық ауыл шаруашылығы бөліміндегі мамандардың өзі не айтарын білмей, жоғарыдан нұсқау күтіп отырады.
Тағы бір мәселе, отандық ғылым мен өндірістің сабақтастығы нашар. Ғылым өз деңгейінде жұмыс істемей жатыр. Мысалы, біз күнбағыстың тұқымын Америкадан, Франциядан алдырамыз. Бұл әлемге белгілі, дүниежүзін жайлап алған брендтер. Дегенмен 10 мың гектар алқабы бар Орал ауыл шаруашылық тәжірибе стансасы олармен бәсекелесе алмай ма? Қарасаңыз, орналасқан жері оңтайлы, адам ресурсы бар, көлік-коммуникация желісі де ыңғайлы. Ғалымдар да жеткілікті. Бәлкім бұған мемлекет қолдауы қажет болар. Еліміз кең-байтақ, Қазақстанның өзінде түрлі аймаққа түрлі тұқым керек. Сондықтан жергілікті ғылыми шаруашылықтар дамуы керек деп ойлаймын.
Тағы бір мәселе, соңғы кезде ауыл шаруашылығы құрылымдары үшін шектеу қолдану әрекеті байқалады. Мәселен, бірнеше жыл бұрын «жер көлемі 3 мың гектардан асатын шаруашылықтар шаруа қожалығы болмайды» деген заң шығарды. Бірақ бұдан ештеңе өзгерген жоқ. Кәсіпкерлер ірі шаруашылықтарын бөлшектеп, бірнеше шаруа қожалығын жасап қойды. Қағазбастылық көбейді. Меніңше, мұның орнына 3,5 мың гектардан асатындарға жер салығын көбейту керек еді. Сонда дұрыс болатын еді. Шаруа қожалықтары мен ЖШС-ларға арналған шектеу шаралары тағы да жасалады деген қауесет жүр. Кейде осындай өзгерістер халықтың, диқандардың Үкіметке наразылығын туғызу үшін әдейі жасалып жатқан жоқ па екен деген ойда қаламыз. Өйткені халыққа қарсы жұмыстардың не үшін жасалатыны түсініксіз.
Соңғы кезде ауыл шаруашылығы құрылымдары үшін агросалық салынады деген әңгіме көтеріліп жүр. Меніңше, осы дұрыс. Өйткені ауыл шаруашылығымен айналысатын шаруаның қағазбастылыққа уақыты болмайды. Біз қалаға жақын тұрамыз, ал алыс ауылдағы шаруа қожалықтарына обал-ақ. Цифрландыру енді дегенмен, ауылда интернет істемей қалады. Салықты уақытында төлей алмай қалсаң, салынатын айыппұлы бар. Осы мәселені қарапайым, оңай ету керек деп ойлаймын. Бұл – ауылдағы қарапайым шаруа үшін ең басты мәселе. Тым болмаса науқан кезінде есеп-қисап тапсырмайтын ету керек. Мысалы, егін шаруашылығымен айналысатын шаруалар салығын қаңтар-ақпан айларында төлейтін етіп ыңғайласа дейміз. Мал шаруашылығымен айналысатындар үшін басқаша болар.
Тағы бір тілегім, жаңа техника алғаны үшін берілетін 25% субсидия – шаруа үшін үлкен қолдау, техника паркі жаңаруы үшін осы бағдарламаны тоқтатпай, жалғастыра беру қажет.
Жалпы, ауыл шаруашылығы саласына әлдебір өзгеріс енгізілер болса, жаңалықты тәжірибе ретінде әуелі белгілі бір ауданға енгізу қажет. Сол кезде оның қателігін жөндеу де оңай болар еді.
Міне, көпжылғы тәжірибемді қорыта отырып, еліміздегі егін шаруашылығы саласын дамытуға сеп болар деген ойларымды ортаға салдым. Ең алдымен, Президент айтқандай, барлық мәселе кешенді түрде шешілуі керек.
Бекболат МҰҚАШЕВ,
«Алтын бидай» шаруа қожалығының жетекшісі
Батыс Қазақстан облысы,
Бәйтерек ауданы