Қазақстан – Тәуелсіздік алғалы бері көпвекторлы сыртқы саясатты таңдап, сол бағытта жүріп келе жатқан мемлекет. Соңғы ширек ғасыр ішінде Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасымен әлемдік ауқымдағы мәселелерді шешуге белсене араласып, ұсыныстар жасап, сол мақсатта мәмілегерлік қарекет етуінің арқасында еліміздің халықаралық аренадағы беделі артқаны баршаға мәлім. Бұл жолда ұдайы ұтымды ұсыныстар айтумен ерекшеленген Елбасымыздың білім-білігі мен тәжірибесі, дәреже-деңгейі соған лайық болатын.
Ал енді күні кеше Астанада өткен Сирия мәселесіне қатысты келіссөз өткізуге дейін Қазақстан мұндай шараларды сәтті жүзеге асырып келген. Айталық, Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымы мен Ислам Ынтымақтастығы Ұйымына, Шанхай ынтымақтастық ұйымы секілді халықаралық құрылымдарға жетекшілік етіп, іс жүргізу тәжірибеміз жинақталды.
Сондай-ақ, Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында Президенттің БҰҰ Бас Ассамблеясында Азиядағы өзара іс-қимыл және сенім шаралары жөніндегі кеңес құру жөнінде алғаш мәлім еткені есімізде. 2002 жылы Кеңестің Алматыдағы саммитінде 16 елдің басшысын бір үстелдің басына жинап, оның ойдағыдай өтуіне де мұрындық болған. Сол жиын арқылы Үндістан мен Пәкістанның арасындағы өте күрделі қарама-қайшылықтар тең дәрежеде шешілген.
Міне, елдің ішкі мәселесіне қатысты тақырыптан тыс, осындай сыртқы саясаттағы ауқымды шараларға қарап, Қазақстанның халықаралық ауқымда атқарған шаруаларын елеусіз деп ешкім де айта алмаса керек. Әрине, осының барлығы да Елбасының тікелей араласуымен жүзеге асқан жарқын жобалар.
Қазақстан Орталық Азия аймағында орналасқандықтан, өңірдегі тыныштықтың сақталуына ұйытқы болып қана қоймай, қайсыбір мемлекетаралық деңгейде шиеленіскен түйіндерді тарқатуға да қомақты үлес қосты. Сондай-ақ, жаһандық проблемаларды да пайдалы шешуге үн қатты. Соның бірін айтар болсақ, Қазақстанның ядролық қаруды таратпау жөніндегі бастама көтеруі. Осыншама игілікті іс атқарылып жатқан соң, әлемдік қоғамдастық Мемлекет басшысы мен біздің еліміздің абырой, беделін қалай мойындамасын. Ендеше, Сирия дағдарысына біздің елдің белсене араласып, оның оң шешілуіне ықпал етуге ынта танытуы қай қырынан алып қарасақ та, қисынды әрі орынды. Өйткені, Қазақстанның бітімгерлік миссиясы мұнымен ғана шектеліп қоймайды. Өткен кезеңдерде Украина, Ресей, Түркия мемлекеттері арасындағы жағдайдың қалыпқа түсуіне Астананың араағайындық жасауының өзі неге тұрады?!
Кешегі Астана процесінің маңызы зор болды. Бұл үнқатысу алаңында өткен келіссөздердің оң нәтижесі кешігіңкіреп келуі мүмкін. Себебі, осы кезге дейін де аталған мәселені АҚШ, Ресей, Түркия мен Иран сынды мемлекеттер өз араларында шешуге тырысқаны есімізде. Оның нәтижесі туралы сөз айтудан бұрын Астана ұсынған келіссөз алаңына жоғарыда аталған тараптармен қатар, сириялық оппозиция өкілдерінің келуі көп нәрседен хабар берсе керек. Міне, осының өзінен қай тарапты алсақ та, мәміле жасауға ынталы екендігін ұғуға болады. Бұл жерде баса айта кететін мәселе, қатысушылардың соғыс оты өршіген аймақта оқ атуды тоқтатуды мақұлдау ниеттерінің зор екендігі. Мұны Астана процесінің әкелген пайдасы деуге толық негіз бар.
Ал енді осы кездесуге дейінгі келіссөздерде жіберілген қателіктер мен орындалмаған шешімдерге Астананың араласып, нәтижесінде өзекті мәселелердің күн тәртібіне шығарылуының өзі бір жетістік. Ерекше атап өтуге тұрарлығы, негізінен Қазақстанның Сириядағы қарама-қайшылықтарға ешбір қатысы жоқ. Яғни, біз – бейтарап елміз. Сонымен қатар, Исламды ұстанатындықтан, дініміз бір әрі өркениеті дамыған, экономикасы өрлеген, жаңарған заманда қатар өмір сүріп жатқандықтан, шиеленісті шешуге мүмкіндігіміз бола тұра, Сирия ісіне араласпасақ мемлекеттілігімізге сын болар еді?!.
Оның үстіне, дербес, тәуелсіз унитарлы мемлекет болғандықтан, тараптарды татуластыруға мемлекет ретінде құқымыз да, қауқарымыз да жеткілікті. Ендеше, осындай мүмкіндігімізді игілікке айналдыра білсек, одан ұтпасақ, ұтылмайтынымыз анық.
Нұрлан СЕЙДІН,
саясаттанушы