• RUB:
    5.05
  • USD:
    522.91
  • EUR:
    548.85
Басты сайтқа өту
16 Мамыр, 2013

Тыңнан түрен түрген сапар жаңа бастамаларға жол ашты

477 рет
көрсетілді

Тыңнан түрен түрген сапар жаңа бастамаларға жол ашты

Бейсенбі, 16 мамыр 2013 1:19

Оңтүстік Қазақстан облысының әкімдігі мен «Шымкент Инновация» ЖШС таяуда бизнес-сапар ұйымдастырды. Облыстың белді кәсіпкерлері Еуропаның бірнеше мемлекеттерін аралады. Аталған шара Германия, Швейцария, Италия елдерімен экономикалық байланысты арттыруға және жаңа жобаларда тәжірибе алмасуға бағытталған еді. Оңтүстік Қазақстан облысының әкімі Асқар Мырзахметов басқарған кәсіпкерлер тобы сапар барысында Еуропа мемлекеттеріндегі бірқатар өндіріс өңірлерін аралап, түрен түрген тың жобалармен танысты.

 

Бейсенбі, 16 мамыр 2013 1:19

Оңтүстік Қазақстан облысының әкімдігі мен «Шымкент Инновация» ЖШС таяуда бизнес-сапар ұйымдастырды. Облыстың белді кәсіпкерлері Еуропаның бірнеше мемлекеттерін аралады. Аталған шара Германия, Швейцария, Италия елдерімен экономикалық байланысты арттыруға және жаңа жобаларда тәжірибе алмасуға бағытталған еді. Оңтүстік Қазақстан облысының әкімі Асқар Мырзахметов басқарған кәсіпкерлер тобы сапар барысында Еуропа мемлекеттеріндегі бірқатар өндіріс өңірлерін аралап, түрен түрген тың жобалармен танысты.

Республика деңгейінде бірінші рет ұйымдастырылған өңір делегациясының сапары Германиядан басталды. Себебі, Германия Еуроодақ елдерi арасындағы Қазақстанның ең жақын серiктесi. Соңғы жылдары қазақ-немiс экономикалық қарым-қатынасы нығайып келеді. Мемлекеттік деңгейдегі достықтың негізінде, екі ел арасындағы өңірлік әріптестікті дамыту үшін Оңтүстік Қазақстан облысының құрамы Германияның Баден-Вюртемберг федералды жеріне арнайы атбасын тіреді.

Баден-Вюртемберг жері экономикасы ерекше дамыған өңір. Халқының саны 10 миллионнан асып жығылады. Еуродақта инновациялық өңір ретінде танымал. Әлемге белгілі «Даймлер», «Бош», «Порше», «Елба-Мерк», «Саб», «Войт», «IBM» сияқты алпауыт кәсіпорындар осы аумақта орналасқан. Сонымен қатар, «Мерседес-Бенцтің» штаб пәтері де аталған федералды жердің орта­лығы Штутгарт қаласында орын тепкен. Германияның статистикасына жүгінер бол­­­сақ, жұмыссыздар саны ең аз аймақ. Оның үстіне Баден-Вюртемберг федералды жері қуат көздерін үнемдеу, энергия тиім­ділігін арттыру мен қалпына келтіру, білім жүйесіндегі ғылыми-зерттеу салалары бойынша жалпы Германияда екінші орында.

Әл-ауқаты жоғары өңірге келген тұста, қазақстандық делегация мен Германияның бірқатар ірі кәсіпкерлері арасында түрлі кездесулер жүргізілді. Тиісінше, ведомствоаралық және коммерциялық мақсаттағы бірнеше құжаттарға қол қойылды. ОҚО мен Баден-Вюртемберг жерінің кәсіпкерлері өндірістегі қалдықтарды қайта өңдеу және жол салудың жаңа технологиясын енгізуде серіктес болуға келісті.

Енді, бұйыртса, осы құжаттардың негі­зінде ОҚО өңіріндегі ауылды жерлердегі жол мәселесі шешілуі тиіс. Германиялық «Soil Works» компаниясының жол салудағы инновациялық жобасы алдағы уақытта Қазақстанда да қолданылмақ. Яғни кәдімгі құм немесе топырақтан тегіс жол салу әдісін неміс инженерлері біздің мамандармен бөліседі. «WaterlabKZ» ЖШС аталған компаниямен бірлескен кәсіпорын құру арқылы әлгі технологияны өңірімізге әкелетін болып келісті.

Сондай-ақ, осы сапар негізінде, екі өңірдің инновациялық мүмкіндіктері етене таныс­тырылды. Ауыл шаруашылығы мен жеңіл өнеркәсіп, машина жасау және қуат көздерін үнемдеу мен қалпына келтіру салалары бойынша да В2В кездесулері ұйымдастырылды. Кәсіпкерлердің айтуынша, мұндай тұсаукесер жобалар тәжірибе алмасуға даңғыл жол ашады әрі екі елдегі шешімі қиын мәселелерді де жүйелеуге септігін тигізеді.

Асқар Исабекұлы Баден-Вюртемберг федералды жерінің сыртқы қатынастар министрі Петер Фридрихпен де арнайы кездесті. Екі өңір басшысы екіжақты қарым-қатынастарды жандандырудың болашақ жұмыстарын талқылады. Тілге тиек болған тақырып кадр даярлау мәселесі болды. Шыны керек, жастарды салалық мамандыққа оқытып, үздік маман дайындау бүгінде күн тәртібіндегі мәселе. Кәсіптік, құрылыс, ауыл­шаруашылық, техникалық және қызмет көрсету салалары бойынша кадр даярлау заманның сұранысы.

Осы ретте айта кеткен жөн. Баден-Вюртемберг өңірінде 9 университет, 39 ма­ман­дандырылған жоғарғы оқу орны, 130-ға жуық ғылыми-зерттеу мекемелері бар. Ал Хейдельберг пен Тюбинген университеттері Еуропадағы ең ескі әрі атақты білім меке­мелерінің бестігіне кіреді. Сондықтан алдағы бір-екі жылда жаңа технологияны еркін меңгерген герман білгірлерімен бірлесіп жұмыс істеу жолға қойылады.

Одан кейін облыс әкімі Асқар Мырзах­метов ауыл шаруашылығы мен логистика салаларында үздік атанып жүрген неміс компанияларының өкілдерімен кездесті. Жиында негізінен оңтүстіктен Германияға экологиялық таза ауылшаруашылық өнімдерін экспорттау мәселесі сөз болды. Сонымен қатар, Шымкентте салынатын сауда-логистикалық орталықтың құрылысын жандандыру туралы да әңгіме өрбіді.

Өздеріңізге белгілі, облысымызда Еуропа тұрғындарын қызықтыратын экологиялық таза өнiмдер жеткiлiктi мөлшерде өндi­рiледi. Бiрақ, өкiнiшке қарай, көлiк-логистикалық кешеннiң дамымауына байланысты бiздiң тауарлар еуропалық нарыққа шығарылмайды. Осы олқылықтың орнын толтыру үшiн «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» халықаралық тасжолының бойынан барлық инфрақұрылыммен жабдықталған заманауи iрi сауда-логистикалық орталық салынып жатыр, бүгінде. Осы жобаға «Метро» корпорациялар жүйесі мен бірнеше ірі компаниялар қатысуға қызығушылық танытып отыр. Бұйыртса желілік алпауыттар Қазақстанда өндірілген сан түрлі шикізат пен дайын өнімдерді Еуропа кеңістігіне таратпақ. Осылайша, қазақ-герман арасындағы сауда-экономикалық байланыс адымдап алға ілгерілейді деп күтілуде. Сондықтан немістермен өнеркәсiп, энергетика және ауыл шаруашылығы саласында әріптестік байланысты нығайту керек.

ОҚО делегациясы әр саланың бүге-шігесін қамтыған кездесулерден соң бір­қатар неміс шаруа қожалықтарын аралады. Германияның Вальдбурн аймағындағы қымыз бен шұбаттан әр түрлі өнім өндіретін Ганс Цольманның жылқы фермасына арнайы тоқтады. Бүгінде аталған шаруа қожалығы жылқы мен түйе сүтінің ұнтақталған түрін шығарады. Сонымен қатар, сан алуан косметикалық өнімдерді де өндіреді.

Қазақстандық кәсіпкерлер арнайы қон­дырғылармен әзірленген қораға бас сұғып, бие сауу жұмысының жүйесімен танысты. Мұндағы жұмыс толықтай авто­маттандырылған. Әдістенген құрылғылар 100 биенің көбігі бұрқыраған саумалын небәрі 2 сағатта сауып шығады. Цольман шаруашылығында қазір 400 гектардан аса жер бар. Онда 500-ге жуық жылқы байланады. Оның 200-і сауылатын бие.

Айта кету керек, бүгінде Германияда қымыз өндірісімен айналысатын 50 кәсіпорын бар. Соның бәрі бір қауымдастыққа бірігіп, ымыраласа жұмыс істеп келеді екен. Тіпті, жылына бір рет жиылып қымызмұрындық өткізетін көрінеді. Жалпы, Еуропаның көп елдерінде қымыз өндірісі кең таралған. Халық көбіне қымызды емдік мақсатта ғана қолданады. Қазір аталған ферма таза қымызды шығарумен қатар, қымыздан жақсы балалар сүті мен тағамдарын жасауды да қолға алған. Негізінен қымыз ұнтағынан әр түрлі косметикалардан бөлек, спортшыларға арналған әлдендірушілерді де өндіреді. Германияда 1 литр қымыз – 7-10 еуродан жоғары тұрады, ал кептірілген қымыз 20 еуро шамасында.

Ганс мырзаның айтуынша, шөлейтті, далалы алқапта, жусанға жайылған бие сүті ғана ұнтақ қымыз жасау үшін таптырмас шикізат екен. Сондықтан қазақтармен достықты арттыруға ниетім бар, дейді ол. Кездесу барысында, инновациялық технологияны құнарлы шикізатқа бай Қазақстанға әкелу және жаңа жоба бойынша өнім өндіру кеңінен талқыланды. Осы мақсатта оңтүстік кәсіпкерлерімен Ганс Цольман шаруашылығы бірлесіп жұмыс жасауды жоспарға алды. Келісім ойдағыдай болса, жалы желкенше желбіреп, жер тарпып, оқырына шапқан қазақ қылқұйрықтыларының саумалынан Еуропа халқы да ауыз тимек. Әрі сан түрлі қымыз өнімдерінің түрін қазақ халқы да тұтынбақ.

Халықты тиімді әрі тәуелді энергия көздерімен және таза ауыз сумен қамтамасыз ету мәселесі де атаулы шарада ұмыт қалмады.Мамандар «Prominent Dosiertechnik» компаниясымен су технологиясының заманауи түрін қолданысқа енгізу туралы пікір алмас­ты.

Ал, Берфельден қаласында оңтүстік­қазақстандық құрам жаңармалы энергия көздерін өндіретін компания басшыларымен кездесті. Шара барысында «Шымкент Инновация» ЖШС мен «PROMONDIS» компаниясы арасында оңтүстіктен 20 мгВттық ФЭС құрылысын бірлесіп салу бойынша келісім-шартқа қол қойылды.

Германия Федеративтік Республикасынан кейін ОҚО делегациясының сапары Швейцарияда жалғасты. ОҚО әкiмiнiң орынбасары Сапарбек Тұяқбаев пен бірқатар кәсiпкерлер Цюрих қаласында да кездесулер ұйымдастырды. Швейцария кәсiпкерлерi де логистика, туризм және өндiрiстегi қалдықты қайта өңдеу салаларын жетілдіруде әріптестік танытатын болды.

Жасыратыны жоқ, Швейцарияның өнеркәсібі жоғары деңгейде дамыған. Сондай-ақ, бұл мемлекет дүние жүзіндегі ең ірі қаржы орталықтарының бірі саналады. Айта кету керек, швейцариялық сағаттар, дәрі-дәрмек және химия өнеркәсібі өнімдері, азық-түлік, тоқыма тауарлары жоғары сұраныспен әлемнiң түкпiр-түкпiрiне экспортталады. Ал Цюрих облысы 1.5 млн. адамның және 150-ден астам компаниялардың баспанасы.Сонымен қатар, бұл өңiрде машина жасау және тамақ өнеркәсiбi жоғары деңгейде дамыған.

Аталған елдегі туризм және тоқыма салалары бойынша үздiк атанған компаниялардың өкiлдерi шымкенттік топты жылы шыраймен қарсы алды.

Қазақстандық кәсіпкерлер ірi өндiрiс орындарын аралап, тоқыма өнеркәсiбiндегi тоқыма тауарларын өндiрудiң жаңа технологиясымен танысты. Сапар барысында «Шымкент Инновация» ЖШС мен швейцариялық тоқыма кластерінiң үздiгi «RITER AG» компаниясы арасында инновациялық жобаларды бірлесіп жүзеге асыруды мiндеттейтiн меморандумды бекітті. Сонымен қатар, бiлiктi маман даярлауда жаңа оқыту жүйесiн енгiзу жоспарланды.

Сондай-ақ, туризм саласы бойынша да бірқатар кездесулер өтті. Әсіресе, таулы аймақтардағы аспалы жол салу мәселесi кеңiнен талқыланды. Атап айту керек, Оңтүстіктің табиғаты тамаша! Қазығұрт, Төлеби, Түлкібас сынды аудандары туризмге таптырмас қолайлы мекен. Әсіресе, Төлеби ауданының тау жоталары мен қыраттары кімді болса да тамсандырмай қоймайды. Алатау, Жабағылы, Бұғылытау сілемдері көпке таныс. Бірақ осы аумақта арнайы демалыс, оның ішінде қысқы демалыс орындарын дамыту бүгінде толғандырар тақырып. Оның үстіне өздеріңізге белгілі, Алатаудың бөктерiнен «Қасқасу тау шаңғысы» демалыс аймағын салу жоспарлануда. Ол үшiн Үкiмет арнайы қаулы қабылдап, құрылыс салуға 56,8 гектар жер бөлiнген-дi. 2011 жылы республикалық қазынадан 103 миллион теңгеден астам қаржы бөлініп, инженерлiк-коммуникациялық жүйелер жүргiзiлiптi. Ал 2012 жылғы инженерлiк-коммуникациялық жүйеге қосымша 3 миллиард 800 мың теңге бөлiніп, «Қасқасу тау шаңғысы» демалыс аймағының құрылысын жүргiзу басталып та кетті. Құрылыс әр кезең бойынша 2017 жылға дейiн жоспарланған. Осы жобаның іске асуына енді швейцариялық компания да үлесін қоспақ. Қазақстандағы ең ірі тау шаңғысы базасы болатын бұл жобаға білікті мамандардың ақыл-кеңесі артық болмасы анық.

Және осы жиында машина жасау,  логис­тика және бiлiм тақырыптары да тiлге ти­ек болды. «Buhler» компаниясы макарон өнiмдерiн өндiруге қажеттi құрал-жаб­дық­тардың жаңа құрылғыларын ұсынды. Сонымен қатар, нан шығару цехтарындағы инновациялық жобалары да таныстырылды. Екi жақты кездесудiң соңында швейцариялық кәсiпкерлер осы жылдың күзiнде Шымкентке арнайы келетiн болды. Сапар барысында олар қараша айында өтетiн инвест-форумға қатысуға ниет бiлдiрдi.

Ал қазақстандық «WaterlabKZ» компаниясы су тазалайтын жабдықтар шығаратын және өңдейтiн кәсiпорын ашу үшiн «Arionex» компаниясымен келiсiм-шартқа отырды. Бұйыртса алдағы бiр-екi жылда ОҚО өңiрлерiн таза ауыз сумен қамтамасыз ететiн заманауи құрал-жабдықтар өзiмiзде жасалынады. Сол арқылы шетелдiң бiлiктi мамандарымен тұрақты түрде тәжiрибе алмасу жүйеленбек.

Жаңалыққа жол ашқан бизнес-сапар мүшелерін Италияның Бергома қаласында «Italcementi Group» компаниясының өкілдері қарсы алды.

Алпауыт кәсіпорын цемент өндіруден әлем бойынша бесінші орында. Жылына 75 млн. тоннадан астам цемент өндіреді. Дүние жүзінің 21 мемлекетінде 55 зауыты бар өндіріс жүйесінің бүгінде жылдық өнімін сату бағасы 4,7 млрд. еуро.

Тың бастамаға құмар италиялық кәсіп­керлермен бірлескен мәжіліс өткізілді. Жиында негізінен құрылыс саласы мен техника бағытындағы инновациялық жобалар сөз болды. Содан кейін мамандар «Italcementi Group» кәсіпорнының заманауи «Ilab» зертханасын аралады. Цементтің жаңа түрлерімен танысты.

«Ilab» зертханасының ғимаратын әй­гілі америкалық сәулетші Ричорд Майер жобалаған. Бергома қаласының «Километро Россо» техносаябағындағы орталықтың жалпы аумағы 23 000 м². Ал оның 7500 шаршы метрінде ғылыми-зерттеу орталығы орналасқан. Фотоэлектрлі жабындылар мен күн сәулесінен қуат алатын батарея және жаңармалы энергия көздері қолданыстағы кәдімгі қалыпты талаптан 60 пайызға дейін энергияны үнемдейді екен.

Осынау жаңашыл ғылыми-зерттеу орталығының мамандары бүгінде цементтің жаңа түрлерін ойлап табуда. Айта кету керек, мөлдір бетон мен дренажды «i.idro DRAIN» қоспасы және «TX Active» Қазақстандағы құрылыс алаңдарында бұрын-соңды қолданылмаған. Инновациялық бастама дәстүрлі құрылыс материалдарына мүлдем ұқсамайды. Себебі, «i.light» цементінің табиғи және жасанды жарық өткізетін қасиеті бар. Мұндай бетоннан салынған қабырғадан ғимараттың арғы бетіндегі бейне еркін көрінеді. «Italcementi Group» компаниясында өндірілетін бұл бетонмен Шанхайдағы Expo-2010 көрмесінде алып павильон тұрғызылыпты. Италиялық инженерлер Қазақстандағы Экспоға да осындай ғимарат салуды ұсынуда. Ал, дренажды i.idro DRAIN бетон қоспасы жаңа заманның жаңа технологиясымен өндірілген инновациялық өнім. Яғни жаяу жүргіншілер мен төмен қарқындағы қозғалысты көлік жолдарын салуға арналған. Ерекшелігі мұндай цементтен жасалған жолдарда су тұрмайды. Дренаж жүйесі ылғалдың сіңіп кетуіне мүмкіндік береді екен.

Тіпті, аталған «Ilab» зертханасының өзі аталған ноу хау бетондармен салынған. Яғни орталықтың қабырғалары «TX Active» пен «i.light» бетондарымен тұрғызылса, ғимарат ауласы толығымен дренаждалған. Қазақстандық кәсіпкерлер инновациялық жобалардың қазақстандық климатқа қолайлылығын да сөз етті. Және Шымкент өңірінде де осындай ғылыми-зерттеу орталығын салу жоспарланды.

Тағы бір тілге тиек етер мәселе, атал­ған кәсіпорын үдемелі индустриялық-инновациялық даму бағдарламасы аясында тың дүниелерге бастама болып жүрген «Шымкентцемент» АҚ-ға цементтің ұнтақ­талған түрін шығару үшін 50 млн. еуро инвестиция құйыпты. Бұйыртса технологиясы ерек цементтің түрлері Шымкентте де шығарылады деген сөз. Бұл кәсіпорын қазірдің өзінде жылына 1 300 000 тонна жоғары сапалы цемент өндіруге қабілетті.

Жалпы, Оңтүстік өңірінің экономикалық белсенділігіне бүгінде кәсіпкерлік сала әжептәуір серпін беріп, өсу қадамын қуаттай түсті. Сонымен қатар, индустриялық-инновациялық дамудың мемлекеттік бағдар­ламалары да әлеуеттің артуына сеп болды. Соның арқасында бүгінде Оңтүстік Қазақстан облысында тың жобалар табысты жүзеге асуда. Мәселен, сұрыптық тұқым өндіру, керамика жасау, мақта өсіру мен еспелі және талшықты жіп иіру, яғни тоқыма саласы бүгінде біріздендірілген. Сонымен қатар, цемент, битум, металлургия және жы­лыжай зауыттарының жұмыстарында да ілгерілеушілік байқалады. Ендігі мақсат осы салалардағы жүйені жаңалау. Яғни қалыпты стратегияға тың инновацияны енгізу. Еуропаға жасалған экономикалық құндылығы ерекше сапар, осы мақсаттарға жасалған алғашқы қадамдар. Сондықтан Оңтүстіктегі игі бастамалардың болашағы баянды бола берсін.

Нұрлыбек ЖЕҢІСБЕК.