• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
Президент 26 Шілде, 2019

«Елбасы және халқы» кітабы таныстырылды

345 рет
көрсетілді

Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы кітапханасында Қазақстан халқы Ассамблеясының бастамасымен жарық көрген «Елбасы және халқы» жинағының тұсаукесер рәсімі өтті.

Жиынға Қазақстан халқы Ассам­блеясы Төрағасының орынбасары Жансейіт Түймебаев, Мемлекет және қоғам қайраткері Мырзатай Жолдасбеков, Мәдениет және спорт министрі Ақ­тоты Райымқұлова, Қазақстан Респуб­ликасының Тұңғыш Президенті – Елбасы кітапханасы директорының орынбасары Күлайша Ақтаева, Парламент Мәжілісінің депутаттары, ҚХА мүшелері, басқа да этно-мәдени бірлестік, зиялы қауым өкілдері қатысты.

Кітап қазақ еліндегі қоғамдық келі­сім мен жалпыұлттық бірлік идеясы­ның негізін қалаушы, Қазақстан халқы Ассам­блеясының Төрағасы Нұрсұлтан Әбіш­ұлы Назарбаевқа арналады. Жинаққа Қазақстан халқы Ассамблея­сының құ­рушысы, Тұңғыш Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың 1995-2019 жылдардағы сессияларда сөйлеген сөздері, Елбасының жеке архивінен алынған және кітапхана қорында сақталған құнды суреттер мен құжаттар енген. Сондай-ақ жинақта саяси тұрақтылық пен ұлтаралық ке­лісімнің қазақстандық үлгісінің авто­ры Н.Назарбаев туралы жарық көр­ген мақалалар мен этно-мәдени бір­лестік өкілдерінің Елбасына жолдаған жүрекжарды лебіздері, ҚХА-ның басқа құрылымдары басшыларының Елбасына алғыстары берілген.

Жиын шымылдығын ашқан Жан­сейіт Түймебаев «Қазақстан халқы Ас­самблеясы осы тарихи сәтке ерекше мән берді. Бұл шараны тек әдеттегі жиналыс ретінде емес, қоғамдық келісім мен жалпыұлттық бірлікті айқындайтын, жасампаз идеяларға ие қайталанбас шы­ғарманың көпшілік назарына ұсы­нылған күні деп қабыл етіңіздер. Ел та­рихында Ассамблеяның құрылуы ма­ңыз­ды тұрақтандырушы фактор болып қа­лыптасты. Естеріңізде болар, 1995 жылы Қазақстанның саяси жүйесі өзара үйлесімсіздіктің әсерінен қиын дағ­дарысқа тап болды. Осы кезде Елбасы көрегендігінің саяси айғағы ретінде Ассамблея құрылды. Осылайша, билік пен қоғам арасындағы ізгіліктің көпірі орнады. Бұл саяси қадамдағы Нұрсұлтан Әбішұлының сара жолы ешқашан да ұмытылмақ емес», деді.

Сонымен бірге Ж.Түймебаев кеңес беруші орган ретінде құрылған Ассамблея жалпыұлттық диалогтың алаңына айналғанын, Қазақстанды реформалау мен дамытудың өзекті мәселелерінің барлығында үн қосқанын жеткізді. «Бү­гінгі таңда Ассамблеяның бастамасы арқасында біздің өмірімізде Саяси қуғын-сүргін мен аштық құрбандарын еске алу, Алғыс айту күні, Қазақстан халқының бірлігі күні секілді ұғымдар пайда болды. Осы аталған рухани істердің барлығы өзінің бастауын Ассамблея сессияларынан алады», деді ҚХА Төрағасының орынбасары.

Мемлекет және қоғам қайраткері Мырзатай Жолдасбеков Ассамблея мүшелері мен жиынға қатысушыларды құттықтап, Елбасына, Қазақстан халқы Ассамблеясына қатысты естеліктерімен бөлісті. «Елбасымен 1958 жылы орта мектептің 10 сынып оқушысы кезінде таныстым. Содан бері хабар үзілген емес, араласып тұратынбыз. Бұл Ассамблеяның құрылған кезінде де басы-қасында болдым. Ассамблеяның еліміздегі орны ерекше. Бүгінгі жинақтан да осынау маңызды ұйымға қатысты саралы ойлар мен құнды деректер енгенін көре аласыздар», деді.