Алайда ашығын айтайық, бұған мойынсұнып жатқан жүргізуші аз. Өйткені жоғарыда аталған орындарда небір көлік біткен иін тіресіп тұрады. Жалпы, тек ол орындарда ғана емес, түрлі халыққа қызмет көрсету мекемелерінің, дүкендердің, әкімдік ғимараттарының, т.б. қоғамдық орындар алдында көлік қоюға бос орын болмайды. Ал солардың арасында, ең жайлы да жақын орындарда мүгедек жүргізушілердің тоқтап тұруына рұқсат етілген жерлер жоғарыда аталған заңмен белгіленеді. Адамдар заңнан аттамасын деп көзге көрінер тұсқа арнайы белгі де ілінеді. Бірақ заңның бұл пәрменінен айылын жия қоятын жүргізушілер аз. Шын мәніндегі мүгедек жүргізушілер үшін рұқсат етілген орындар көрсетілсе де ол жерде орын табылмайды.
Оның себебін жұрттың бірі көлік жүргізушілердің мәдениетсіздігінен десе, енді бірі көше біткенді тарылтып, ғимараттарды іркес-тіркес салған биліктен көреді. Өйткені адамдар бес-алты күнгі таңнан қара кешке дейінгі жұмыстарынан жексенбі ғана қолдары босап, сауда-саттық орталығына келгенде көліктерін қояр орын таба алмайды. Сосын біреулері амалсыз «нар тәуекелге» барса, біреулері әдейі біле тұра тыйым салынған орынға көлігін қояды екен. Мұндай құқық бұзушылықтың салдары бар екендігін айтқанымызда, кейбір жүргізушілер, айыппұл төлеуге тиістілігін білсе де, әйтеуір бір сылтау тауып құқық сақшыларынан құтылып кететіндігін жасырмады. Мәселен, басқа жерді айтпағанда, қалалық әкімдіктің тура қарсысында мүгедектер көлігіне арналған үш-төрт орын бар. Сонда байқасаңыз, мұнда мүгедектікті білдіретін белгісі жоқ көліктер тұрады. Ал сол маңайда үнемі жүретін жол-көлік полициясы қызметкерінен неге бұлай деп сұрасақ, айтатындары: «Олардың көбі мүгедектік куәліктерін көлік әйнегінен көрінетіндей етіп ішінде қалдырады немесе соны көрсетеді» дейді. Бірақ ондай көліктер көбіне мүгедек адамның атында емес, сол көлікті жүргізетін жүргізуші атында болып шығады. Мұндай жағдайда көлік мүгедектерге рұқсат етілген жерде қалдырылса, заң бұзушылық болып табылады.
Демек, біздің айтайын дегеніміз, бізде заң осал ма, әлде сол заң орындалмай ма? Негізінде заң орындалмайды емес, оны орындауға ықылас жоқ. Мәселен, жақында АҚШ-тағы қызық оқиға туралы ролик қарадым. Бір әйел жүргізуші анасын аурухана алдына түсіру үшін мүгедек жүргізушілерге арналған орынға көлігін тоқтатады. Артынша оған полиция жетіп келіп, жүргізушіден мүгедексіз бе сұрайды. Әйел не себепті тоқтағанын айтады. Полиция заң бойынша бұл жерге тек мүгедектігі бар жүргізушіге ғана тоқтауға рұқсат етілгенін айтып, оған лезде айыппұл жазып береді. Жүргізуші әйел шыр-пыр етіп, бір-екі секундқа ғана аялдадым, енді міне жүргелі жатырмын деп зар қақса да, заңның орындалуын орындайтын полиция айтқанынан қайтпады. «Заң бойынша бұл жерге мүгедек жүргізушіден басқаға тоқтауға болмайды. Ал сіз тоқтадыңыз. Енді заң бойынша айыппұл төлейсіз» дейді. Оларда айыппұлдың бағасы өте жоғары екенін ескерсек, ана жүргізуші әйел ендігәрі ешуақытта заңды бұзбау керек екенін естен шығармасы анық. Ал өзге бір жап-жас жүргізуші қыз мүгедектік белгіні көлік ішіне қойып алып, мүгедек жүргізушілерге арналған орында тұрады. Оған келген полиция қызметкеріне жүргізуші қыз өзінің мүгедек анасының дүкенге кіріп кеткенін, соны күтіп тұрғанын айтады. Полиция жүргізушіден дүкенге бірге барып, анасымен кездестіруін сұрайды. Содан ақыр аяғында жас қыздың айтқаны өтірік болып шығады. Сол арада жүргізуші қызға екі айыппұл салынады: бірі – мүгедектігі болмаса да мүгедектік белгіні жалған пайдаланғаны үшін, екіншісі – мүгедек жүргізушілерге арналған орынға көлігін қойғаны үшін. Екі айыппұлдың да құны да орасан екен, байғұс қыз бармағын тістеді.
Мұндай заңды шаралардан кейін жүргізушілердің дені заңнан аттамасы анық. Сондықтан қашанда жүргізушілер жолдан таймас үшін құқық қорғаушылар өздерінің заңды дәрменін жүзеге асырып отырса, сонда Мөңке би айтқандай, «Аяз би әлін біліп, құмырсқа жолын білер» ме еді.