• RUB:
    5.39
  • USD:
    474.62
  • EUR:
    517.19
Басты сайтқа өту
Әлем 26 Шілде, 2019

Түмен төріндегі той

627 рет
көрсетілді

Ресейде тұратын ағайын­дары­мыздың құрылтайын өткізу бұлжымас дәстүрге айналған. Түмендегі бұл игі­лікті шара биыл Исет­ское ауданында ұйымдастырылып, жырақта жүрген қандас­тарымыз бір-бірімен қауы­шып, арқа-жарқа болысып қалды.

Жан-жақтан ат терлетіп келген тойшылар бір жылды артқа тас­тап, аман-есен жүздескендеріне шүкіршілік етіп, бір-бірінен есен-саулық сұрасып жатты. Құрыл­тайға арнайы шақырылған сол­түс­тікқазақстандық делегация құра­мында Қазақстан халқы облыстық ассамблеясының өкілдері мен көркемөнерпаздар ұжымдары болды. Кіл өнерпаздар домбыраның құлағында ойнап, қазақ әндерін нақышына келтіре шырқады. Ойын-сауық бағдарламасы аясында бұлшық еттері бұлт-бұлт ойнаған, кермеде байланған сәйгүліктей шиыршық атқан балуандар бел­десіп, жастар жағы алтыбақан тебісті. Жұртшылық назарына сол өңірдің 11 муниципалитеті тіккен ақ шаңқан киіз үйлер ұсынылып, бас жүлдені Ишим қазақтарының ұлттық-мәдени автономиясы жеңіп алды. Нұр-Сұлтан қаласының сән театры көрсеткен ұлттық киім­дер мен ат спорты бойынша бәйге тойдың сәнін келтіріп, көрер­мен­дерді ұмытылмас әсерге бөледі.

Бүгінде Ресейде 700 мың­нан астам этностық қазақ тұра­ды. Түмен қандастарымыз көп қоныстанған облыс саналады. Олар ата-бабаларының тілін, салт-дәстүрін, әдет-ғұрпын ұмытпау мақсатында осымен 23-інші рет құрылтай өткізіп, ата-баба аманатына берік екендіктерін та­нытты. Құрылтайға Қорған, Свердлов, Омбы және Челябі облыстарынан да меймандар ат басын тіреп, ортақ қуанышты бө­лісті. Ата-жұртымыздан қол­дап келген бауырларымыз аз болған жоқ. Солтүстік Қазақстан облысы­мен қатар Пав­лодар, Нұр-Сұлтан, Қарағанды және Өске­мен қалаларынан жиналған бауыр­лары­мызға бек ризамыз, деді Түмен облысы қазақтары ұлттық-мәде­ни автономиясының төрағасы Есен­ғали Ибраев.

Қазақстандықтар кәсіпорын­дарды аралап, инвестиция тарту жолдары­мен, туризм саласының жетістік­тері­мен танысты. Бүгінде жүзден астам қазақстандық кәсіп­кер түмен­діктермен тығыз әріп­тестік қарым-қатынас орнат­қан. Қазақстанмен бизнес байланыс орнатуға талпын­ған ресейлік кәсіп­орындар аз емес. Солардың бірі «Тюменьстальмост» зауыты еліміз­дегі ірі көлік инфра­құрылым нысандарымен қоян-қолтық жұмыс істеуде. Құрылтай барысында «Jusan» халықаралық кәсіпкерлер бірлестігі мен «Отан­дастар қоры» АҚ арасында бірлескен жобаның тұсауы кесілді. «Отандастар қоры» АҚ-ның өкілі Тоғайбай Рысбектің айтуынша, екіжақты келісім нә­ти­жесінде қол­данбалы өнер шебер­лерін, оның ішін­де ұлттық киім-кешек пен тұрмыстық заттар жа­сау­­шыларды қолдау аясы одан сайын кеңейе түспек.

Форумның кеңейтілген мәжілі­сінде қазақтардың өңірлік ұлттық-мәдени автономиясының жұмысы, алдағы жоспары талқыланды. Онда баяндама жасаған Есенғали Ибраев Түмен облысында 20 мыңнан астам қазақ тұратынын, автономия жұмы­сының басты бағыттарының бірі ұлттық салт-дәстүріміз мен әдет-ғұрпымызды сақтау екенін, жергілікті тұрғындар тарапынан құрылтайға деген ыстық ықылас пен жылы қошемет жыл сайын артып келе жатқанын атап өтті.

 

 Сағындық САЛМҰРЗИН,

 Дүниежүзі қазақтары қауымдастығының мүшесі

 Солтүстік Қазақстан облысы