Негізінен далалы және шөлейт жерлердің табиғи жағдайына бейімделген ірі қараның бұқасы орта есеппен 800 – 900 килоға дейін ет береді. Аналығы 450 – 500 килоға дейін тартатын ақбас сиыр тұқымдары тез ет жинауымен ерекшеленеді. Алайда кейінгі жылдарда белең алған малды асылдандыру үрдісінде қолда бардың қадірін бағалай алмай келеміз.
Бүгінде елімізде асыл тұқымды ірі қараны шетелдерден, тіпті мұхиттың арғы жағындағы елдерден қомақты қаражатқа сатып алу көріністері жиі кездеседі. Десе де шетелдік ірі қараға шектен тыс құмарлықтың қандай пайда әкелетіні айтыла бермейді. Ал Қазақстан шет мемлекеттерге ірі қара малын экспорттапты деген деректерді де ести бермейміз. Осы олқылықтың бір бүйірін Хромтау ауданындағы «Жантізер» шаруашылығының басшысы Бақытжан Ержанов толықтырып отыр. Шетелдік ангус немесе герефорд секілді асыл тұқымды ірі қара малдарын сипаттаған кезде теңеуге сөз таппай қалатынымыз бар. Алайда одан қазақтың асыл тұқымды ақбас сиырының несі кем, – дейді шаруашылық жетекшісі.
Осы орайда шаруашылық жетекшілері 2-3 жылдан бері еліміздің брендіне айналған ақбас тұқымды сиырды шетелге экспортқа шығарып жүргені – іскерлік пен ілкімділіктің белгісі іспетті. Осылайша шаруашылық иелері еліміздегі ет экспорты көлемінің өсуіне сүбелі үлес қосып келеді. Олар бұл қадамды ең алғаш Ресейге асыл тұқымды қазақтың ақбас сиырын сатудан бастаса, биыл Иранға экспорттауды қолға алыпты.
Қазіргі кезде 80-ге жуық адам еңбек ететін «Жантізер» шаруашылығындағы жеті бөлімшенің бесеуі қазақтың ақбас сиырын өсірумен айналысады. Мұндағы мал бордақылау кешенінің өзіне тән жұмыс тәртібі бар. Кешен иелері жергілікті мал өсірушілерден ірі қара малдың бір-екі жылдық төлдерін тірілей салмағымен есептегенде әр килосын 650 теңгеден қабылдайды. Содан соң баспақтарды үш ай бойы бордақылайды. Осы аралықта әр баспақ әжептәуір салмақ қосады.
Жантізерліктер Ресей мен Иранға асыл тұқымды қазақтың ақбас сиырының аталықтарын тиісті сұранысқа сәйкес жөнелтіп жүр. Мал Ақтөбеден Иранға пойыз қатынасы арқылы жеткізіледі. Шетелдік экспортерлер тиейтін арнайы вагондарда малға қажеттінің бәрі бар. Жем-шөбі мен суы да жеткілікті, дейді тауар өндірушілер. Шаруашылық жетекшісінің айтуынша, ирандықтар Ақтөбеге айына екі рет келіп, әр сапарда 56 ірі қара алып кететін көрінеді. Яғни бұл қарапайым арифметика есебіне шаққанда айына 112, жылына 1344 ірі қарадан келеді деген сөз. Шетелдіктер негізінен 400 кило салмақтағы аталық малдарды сатып алуды қолай көреді. Мұндай қам-қарекеттердің арғы жағында өздеріндегі жай малдың генефондын жақсарту және оның өнімділігін 2-3 есе көбейту секілді жоспарлары тұрса керек.
Сондай-ақ «Жантізер» шаруашылығының басшылары қазақтың ақбас сиырының аталықтарын жергілікті шаруашылықтарға да жалға беріп, ұқыптылық танытып жүр. «Осындай тәртіппен асыл тұқымды ірі қара аталықтарын облыстағы 112 шаруашылыққа тараттық. Олардың еншісіндегі табындарда табиғи ұрықтандыру үдерісі жүргізіледі. Кейін қазан айы ішінде жалға берген малдарымызды қайтадан жинап аламыз» дейді шаруашылық басшысы Бақытжан Ержанов.
Мал бағуды кәсіп еткен ағайындар арасында түлік өз төлі есебінен өседі деген қағида бар. Шындығы солай. Осы орайда «Жантізерде» әр 100 сиырдан 90 бұзау алған малшыға 1 миллион теңге сыйақы беру жөніндегі ынталандыру шарасы белгіленген. Бұл қарапайым мал өсірушілерді материалдық тұрғыдан қолдау мен еңбек өнімділігін арттырудың тиімді тәсілі. Сондай-ақ шаруашылықтың басы-қасында жүрген азамат Манарбек Әбжановтың да еңбегі еленіп, оған аталған ауылшаруашылық құрылымы тарапынан Ақтөбе қаласынан екі бөлмелі пәтер берілгені де қамқорлықтың нақты көрінісі.
Біраз жылдар бұрын елімізде қазақтың асыл тұқымды ақбас сиырының бәсі биік болғаны ұмытыла қойған жоқ.
«Жантізер» шаруашылығының басшысы Бақытжан Ержановтың бүгінгі қам-қарекеті қазақтың асыл тұқымды ақбас сиырының бір кезде баршаға тараған даңқын қайтадан жаңғыртуға бағытталып жүргендей көрінеді. Әрі оның аталған түлік түрін таяу және алыс шетелдерге экспорттап жүргені, оның өнімділігі мен артықшылығына экспортшылардың көзін жеткізе алғанының өзі де мерей. Бұл алға қойған мақсатқа қол жеткізудің басты тұтқасы екені анық.
АҚТӨБЕ