• RUB:
    5.01
  • USD:
    523.58
  • EUR:
    549.71
Басты сайтқа өту
Қоғам 30 Шілде, 2019

Ғылыми жетістік өнім сапасын арттырды

557 рет
көрсетілді

С.Сейфуллин атындағы Қазақ агротехникалық университетінің ғалымдары мал өнімділігін екі есе арттыратын азық технологиясын ойлап тапты. Сынақтан сәтті өткен мал азығын ел шаруалары біртіндеп пайдалана бастады.

Отандық ғалымдардың жетіс­тігі сауынды ешкілердің сүт­тілігін арттырып, сапасына да оң әсер берген. 2016 жылы іске қосылған елорда іргесіндегі асыл тұқымды мал шаруашылығында ұсақ малдың төрт түрі өсіріліп келеді. Дені нидерландтық заанен тұқымды төлдері. Алғашқы кезде «қызғалдақтар» елінен әкелінген Сексек ата төлі тәулігіне 5 литр сүт беріп отырған. Осыны ескерген серіктестік агротехникалық университетпен келісімшартқа отырып, ғылыми топ ұсақ мал­дың азығын түрлендіруді қолға алыпты.

– Ұсақ малдың бұл түрі тәулігіне 3, 5 кило мал азығын қажет етеді. Осы қажеттілікті қамту үшін арпа, сұлы және асбұршақтың қосындысынан арнайы технологияны әзірледік. Оның құрамында ешкі сүтінің сапасын арттыратын фосфор, каратин, кальций дәрумендері бар. Бұл сауынды ұсақ малдың бір ерекшелігі – тұтынатын азы­ғына айрықша көңіл бөлу керек. Бастапқы кезде күніне 5-6 литр сүт берсе, қазір оның көлемі 8-9 литрге көбейді. Жаңа тех­нологияның басты жемісі осыда, – дейді С. Сейфул­лин атындағы ҚазАТУ аға оқыту­шысы Әділбек Ноғаев.

Аталған шаруашылықтың иелігінде 400 гектар егістік алқабы бар. Жас агрономдар бұл жерде серіктестіктің жем-шөп базасын жолға қойыпты. Мәселен, қазір алқапта жоғары өнім­ді дақылдар егіледі.

Италиялық Gea тұқымды жо­ңышқаны өсіріп жатырмыз. Бірінші жыл болғандықтан сұлы дақылымен бірге араластырылып егілді. Оның бір орамы 300 килоға дейін жетеді. Биыл шаруашылық 800 тоннаға дейін мал азығымен қамтамасыз етіледі деген ойдамыз, – деді Әділбек Ноғаев.

Университет ғалымдары биыл елдегі шөптің бір тоннасы 36 мың теңгеге жеткенін айтады. Был­тыр оның сомасы 25 мың теңгенің көлемінде болған. Сол себепті мамандар қожалықтарға жем-шөп базасын нығайтуға кеңес берді.