• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
Аймақтар 31 Шілде, 2019

Баянауылдың бай мұрасы

1463 рет
көрсетілді

Баянауыл – сан ғасырлық тарихы бар, мыңжылдықтар бойы қалыптасқан ғажайып табиғаттың сырлары тұнған өлке. Найзатас, Кемпіртас, Данатас, Қоңыр әулие үңгірі тәрізді тарихи-мәдени жәді­герлер, мүлгіп жатқан кербез дала­ мен асқақ таулар, адамзатқа арғы-бергіден суыртпақтап үн қат­қан бейнелі тастар, сай-сайдан сың­ғыр­лай бұралған бұлақтар мен аспан түстес айнакөлдер, тау бауы­рын қымтай жауып, өрлей өс­кен ну орман мен өсімдіктер әлемі – осы өлкенің таусылмас қазы­насы дер едік.

Жапония мен Бельгиядан, сондай-ақ еліміздің ғылыми-мәдени астанасы – Алматы қаласынан келген ғалымдар осы ғажайып өлкені ЮНЕСКО-ның дүниежүзілік мұралар тізіміне енгізу мақсатында Кереку жеріне табан тіреді. Белгілі халықаралық ұйымның осы өл­кеге назарын аудартып, ғалымдар шо­ғырын осы іске ұйымдастыру идеясы химия ғылымдарының докторы, профессор, Павлодар мемлекеттік педагогикалық уни­верситетінің ректоры Алтынбек Нұх­ұлының бастамасымен жүзеге асырылып отыр деуге толық негіз бар. ЮНЕСКО атынан келген қонақтарды өз деңгейінде күтіп алып, Баянауылдың тарихи орындарымен таныстыруда Павлодар мемлекеттік педагогикалық университетінің ұжымы ұйымшылдық танытты. Ұйым атынан келген экспе­ди­ция құрамында Ұлттық ғылым ака­де­миясының корреспондент-мүшесі, тарих ғылымдарының докторы, профессор, Білім және ғылым министрлігі Р.Б.Сүлейменов атындағы Шығыстану институтының тарихи материалдарды зерттеу ақпараттық орталығының ди­ректоры, ЮНЕСКО «Ғылым және руханият» кафедрасының меңгерушісі Меруерт Әбусейітова (Қазақстан), Лувен Католик университетінің профессоры Анна Мари Вильмено (Бельгия), Киото Этнология ұлттық мұражайының доценті, PhD докторы Токо Фудзимото (Жапония), Р.Б.Сүлейменов атындағы Шы­ғыстану институтының жетекші ғы­лы­ми қызметкері, PhD доктор Жанымхан Ошан (Қазақстан) сияқты беделді ғалымдар бар.

Павлодар мемлекеттік педагогикалық университетінің ректоры Алтынбек Нұх­ұлы ғалымдарды өзі бастап, Баянауылдың әр тасының тарихына, әр сайының сырына қанықтырды. Алғашқы күні ғалымдар тобы облыс орталығында аялдап, Пав­ло­дар мемлекеттік педагогикалық уни­верситетінің құрамында ашылған Margulan Centre археологиялық ор­та­лығымен, Ертіс жағасындағы «Қаз­қонақ» палеонтологиялық орнымен, Бұқар жырау атындағы әдебиет және өнер музейімен танысты.

Ертеңінде Екібастұз қаласындағы Мәшһүр Жүсіп Көпейұлының ескерткі­ші­не аялдап, тағзым еткен экспедиция мүшелері әулиенің Баянауылдағы ке­сенесіне жол тартты.

 Экспедиция жетекшісі Алтынбек Нұх­ұлы шетелдік ғалымдарға Мәшекең­нің өмірі мен қазақ мәдениеті мен әде­биетіндегі теңдессіз орны жайлы кеңінен мағлұмат берді. Ғұмырында 20 томдық еңбек қалдырып, ұлттың рухани піріне айналған Мәшһүр Жүсіптің аты қазақ үшін қашанда қымбат. Діні мен тіліне, ары мен ұятына араша болып, тегін тектеп, рухани мұрасын түгендеп кеткен ұлы тұлғасын бүгінде ұлты да қадірлеп, қастер тұтады. Әулиенің басына Құран бағыштап, бет сипаған экспедиция мүшелерінің сапары тарихы терең мекен – Мұса Шорманұлы ауылында жалғасты.

Құшағы ашық, дархан көңілді жұрт қонақтарды ән-шашумен қарсы алды. Елді мекеннің білім ордасына бас сұққан қонақтар мұражайды аралап, осы өлкенің тарихымен етене танысты. Бұл ауылдың Мұса Шорманұлы атануы да тегін емес. Мұса Шорманұлы – осы топырақта туып-өскен, аты Алашқа мәшһүр болған тұл­ғалардың бірі. Мемлекет және қоғам қай­раткері, ағартушы. 2018 жылы ПМПУ ректорының тікелей бастамасы­мен тарихи тұлғаның 200 жылдық мерейтойына орай, Теңдік ауылының ірге­сінде Мұса Шорманұлы жерленген орынға еңсесі биік кесене тұрғызылған болатын. Артынша Теңдік ауылы Мұса Шорманұлы ауылы атанды. Сапар барысында кесенеге арнайы ат басын тіреген ғалымдар бұл нысанның мәдени әрі тарихи құндылығы жоғары екендігін атап өтті. Бұл жерде де Мұса Шорманұлы және өзге де бұрын өткен аруақтарға Құран бағышталып, дұға етілді.

Экспедицияның екінші күні Қоңыр әулие үңгірінде жалғасын тапты. Бұл нысан Жасыбай көлінен батысқа қарай 4,5 шақырым қашықтықтағы Баянауылдың биік шоқыларының бірінде орналасқан. Үңгір күмбез және қазандық бөлігінен тұрады. Күмбез бөлігіне сәлем беріп, бас иіп кірген келушілер қалыптасқан дәс­түр бойынша қазандық бөлігіндегі бұ­лақтан дәм татады. Деректерге сүйенсек, бұл орын ХVIII ғасырдан бастап халық­тың зиярат орнына айналған. Үңгірдің айналасындағы бай ана, жеті ана, қаған тастары туралы аңыздардың әрқай­сы­сының үлкен бір фольклорлық мұра ретіндегі құндылығы жоғары.

Бұдан бөлек ғалымдар Баянауыл өл­кесінде ықылым замандардан бері тү­зіліп, табиғи жолмен қалыптасқан Най­затас, Кемпіртас, Данатас, Саймантас сияқты әртүрлі адами, әрі анатомиялық бейнедегі тастарды аралап, даңқты режиссер Шәкен Аймановтың атамекені – Айманбұлақ пен Шоң бидің ескі жұр­тына да ат шалдырды, Торайғыр көлі­нің жағасындағы сақ дәуірінен қалған «мұртты обалардың» зерттелу барысымен танысты. Бүгінде бұл жерде ПМПУ негізінде ашылған Margulan Centre археологиялық орталығы қазба жұмыстарын жүргізуде.

Ал экспедицияның соңғы күні ға­лымдар Баянауыл ауданының орта­лы­ғын­да болып, академик, Қазақстан Ғылым академиясының негізін қалаушы Қаныш Имантайұлы Сәтбаев мұражайына бас сұқты. Кемеңгер ғалымның өмірімен, теңдессіз еңбек жолымен танысты. Мұнда Қаныш Имантайұлының өмірде тұтынған бұйымдары, киген киімдері, қол­жазбалары, маңызды жиындар мен кон­ференцияларда түскен суреттері, бар­шасы – академиктің көзіндей болып сақ­талып тұр. Отбасы жайлы, балалық шағы мен тұтастай ғұмыры жайлы мә­ліметтерді, академик туралы мол зерттеу еңбектерді осы мұражайдан таба аласыз.­ Бірнеше күн бітімі бөлек табиғатты ара­лап, сырына қаныққан ғалымдар Баянауыл топырағын қимай аттанып, облыс орталығында өткен «Ұлы дала мәдениеті мен тарихы» конференциясына қатысты.

Ғұн мен сақ, көктүрік, қыпшақ дәуір­лерінен бүгінге дейінгі дала­лық мәдениет жайында құнды баян­дамалар жасалып, көшпелілер мәдение­ті­нің ерекшеліктеріне тоқталды. Кон­фе­ренцияға өңір басшылығы, зиялы қауым өкілдері мен қоғам белсенділері қа­тысты. Бірнеше күнге созылған ауқым­ды іс-шара көрнекті ағартушы, педа­гог, «Алаш» қозғалысының мүше­сі Әбікей Зейінұлы Сәтбаевқа арнал­ған мемориалды тақтаның ашылу сал­­танатымен аяқталды. Әбікей Зейін­ұлы – ХХ ғасырдың басындағы әйгілі ағартушы. Қайраткерді Жүсіпбек Аймауытов, Мұхтар Әуезов, Қаныш Сәтбаев пен Әлкей Марғұлан сынды бел­гілі тұлғалар өздеріне ұстаз тұтқан. Ке­зінде есімі аталмай, көмескіленіп қал­ған азаматтың өмірі мен еңбегі ПМПУ ректоры Алтынбек Нұхұлының бас­та­масымен қайта зерделеніп, кітап жа­зылып, «Ертіс-Баян өңірінің 100 тұлғасы» сериясының негізінде фильм де түсірілген. Енді дүниежүзілік мерейлі іс-шараның қарсаңында мемориалды тақ­тасы ашылып, тарихи ақиқаттың қайта қалпына келуіне тағы бір үлкен қадам жасалды. Осылайша бірнеше күн бойы Баянауылдың бай мәдениеті мен та­рихын зерделеген ғалымдар ғылыми қоржындарын мол деректермен толтырып, елдеріне аттанды. Алдағы уақытта «Баянауыл мемлекеттік ұлттық саябағын» ЮНЕСКО-ның дүниежүзілік мұралар тізіміне енгізу жолындағы құжаттамалық негіздегі жұмыстар атқарылмақ.

 

Қаршыға КҮЛЕН

 Суреттерде: Баянауыл бау­райындағы басқосулар