Қазақ үшін бесіктен киелі не бар?! Ата-бабамыз қасиет тұтқан бесік – әрбір үйдің төрінде тұратын құнды дүние. Көнекөз қариялардың «бесігің тарылмасын, бесігің тербелсін» деп бата беруі де көп мағынаны білдірсе керек. Осындай ақ батамен көктеп, көгеріп отырған аралдық Амановтар отбасында бір ғасыр тербелген бесік бар.
Атадан балаға мұра болып қалған бағалы жәдігерге бұл әулеттің төрт ұрпағы куә десек, қателеспейміз. Қазірде тоқсан жасқа таяп қалған Райхан апа бұл бесікті қайынатасының өз қолымен, бір шеге қақпай жасағанын айтады.
– Менің естуімше, қайынатамыз бен енемізде бала тұрақтамай, туыла сала шетінеп кете берген. Содан кейін атамыз ниеттеніп өз қолымен бесік жасапты. Құдайдан алақан жайып, осы бесікке жататын бір сәби бере гөр деп тілепті. Көп ұзамай олардың тілегі қабыл болып, екі ұл бала дүниеге келіпті. Соның бірі – менің жолдасым Үбайдулла. Ал қазір бұл бесікке шөберелеріміз тербеліп өсуде. Біз үшін құнды дүние болғандықтан, оны балаларыма әрқашан аманат етіп айтып отырамын. Үлкен балам оны майлап қояды. Қазір қаладағы кіші баламның үйінде сақтаулы тұр. Бесік деген баланың ұясы ғой. Сәбидің ұйқысы тыныш, денесі таза болады,– дейді кейуана.
Түрлі техникалардың дамыған заманында электронды бесікті ойлап тапқандар да бар. Өзі тербелетін бесік, әрине жақсы-ақ. Алайда, қазақтың киелі дүниесі баға жетпес байлық болып қала бермек.
Айсәуле ҚАРАПАЕВА
Қызылорда облысы