Алматы мен Шымкент қаласының тұрғындары енді Яндекс карталары арқылы велосипедпен серуендеуді жоспарлай алады. Бағдарларды сайтта немесе iOS және Android құрылғыларына арналған қосымшада құруға болады.
Яндекс карталары велосипедпен жүру үшін қолайлы жолдар бойынша бағдарларды белгілейді. Бұл – веложолдар, парктердегі соқпақтар және көлік көп емес жол бөліктері. Мысалы, «Байқоңыр» метростансасынан Сайранға дейін барғысы келетін алматылық велосипедшіге сервис Абай даңғылы емес, Шевченко және Шәкәрім көшелерімен жүруге кеңес береді.
Бағдарды құру кезінде жол кескіні пайдаланылады. Бұл қала жолдарының торы. Әр жол учаскесі үшін онда велосипедпен жүруге болатыны не болмайтыны көрсетілген. Жобаға Велосипед оқиғалары клубының негізін қалаушы Александр Габченко және AlmatyBike қауымдастығының негізін қалаушы Ануар Джусупов үлкен көмек көрсетті. Олар карталарды редакциялауға велосипедшілерді шақырып, Яндекс.Карталар командасына кеңес берген екен.
«Велосипед көлігінің дамуы – әлемдік тренд. Қазақстанның ірі қалаларында да веложолдар мен веложарыс орындары пайда болуда. Велосипед қозғалудың неғұрлым танымал түріне айналды. Демек, навигация қажеттілігі пайда болды. Жақында бұл мүмкіндік Нұр-Сұлтанда да пайда болады», дейді Қазақстандағы Яндекс аймақтық менеджері Иван Анойкин.
«Егемен-ақпарат»