Жыл басынан бері Батыс Қазақстан облысында адам саудасына қатысты 4 қылмыстық оқиға анықталған. Оның ішінде 1 факті жасөспірімдерді жезөкшелікке тарту болса, 3 оқиға жеңгетайлықпен айналысу бойынша тіркелген.
Біріккен Ұлттар Ұйымы дүниежүзілік адам саудасына қарсы күрес күні деп жариялаған атаулы күнге орай Батыс Қазақстан облыстық Полиция департаменті өңірдегі адам саудасына қатысты қылмыстық ахуал туралы мәліметтерді жариялады. Жоғарыдағы оқиғаларға қоса, 2019 жылдың басынан бері «қоғамдық орындарда жыныстық сипаттағы қызмет ұсыну мақсатында тиісу» деген айыппен Ақ Жайық өңірінде Қазақстан Республикасының әкімшілік құқық бұзушылық туралы Кодексінің 449 бабы 1 бөлімі бойынша 17 әкімшілік құқықбұзушылық анықталған.
«Осыған сәйкес Батыс Қазақстан облыстық Полиция департаменті Криминалдық полиция басқармасының қызметкерлері «Еуразия» сауықтыру кешенінде, «Самал» жасөспірім лагерінде және жетім балалар тәрбиеленетін балалар ауылында «Адам саудасына қарсы бірге күресейік!» атты іс-шара өткізді. Шараның мақсаты – жастар арасында түсіндіру жұмыстарын жүргізіп, мәдени ағарту және іс-шараны ақпараттық-насихаттау. Шараға Батыс Қазақстан облыстық Білім басқармасының бас маманы А. Залмұқанова және адамдардың құқығын қорғау және заңдылықты сақтау қазақстандық халықаралық бюросы батысқазақстандық филиалының директоры П. Кочетков қатысып, тақырып аясында балаларға түсіндіру жұмыстарын жүргізді. Кейін оқушыларға тағдыр тәлкегіне түсіп, адамның арбауында қалған қыздың өмірі жөнінде бейнеролик көрсетілді. Шара соңында адам саудасының алдын алу мақсатындағы үлестірмелі парақшалары таратылды», дейді БҚО ПД баспасөз қызметінің маманы Әлия Наурызғалиева.
Айта кетейік, облыс аумағында «STOP трафик» жедел-алдын алу іс-шарасы Қазақстан Республикасы ІІМ нұсқауына сәйкес тоқсан сайын ұйымдастырылады.
Батыс Қазақстан