• RUB:
    5.05
  • USD:
    522.91
  • EUR:
    548.85
Басты сайтқа өту
Қазақстан 03 Тамыз, 2019

200 бала Қазақстанды аралайды

296 рет
көрсетілді

Елорданың темір жол вокзалынан «Туған елге саяхат» балалар туристік пойыз» жобасының үшінші маусымының қатысушылары сапарға аттанды. Тоғыз күндік тамаша саяхатқа аттанбас бұрын балалар елорданың көрікті жерлерімен серуендеп, қаланың сәулет өнерін тамашалап, «ЭКСПО-2017» көрмесіне экскурсия жасады. 

Жобаның өткен екі сапарындағы қатысушылар сияқты осы жолы да балалардың көбі елордаға алғаш рет келіп тұрғандарын атап өткен жөн. Балалар барлығы бірінші күннен-ақ алған әсерлерімен бөлісуде. Балтөбе Тохтамұрат, Монғолиядан келген 12 жасар қатысушы: «Біз бүгін ЭКСПО кешеніне бардық, Бәйтерек монументін тамашаладық. Бұл менің Нұр-Сұлтан қаласына екінші рет келуім, бірақ мен келген сайын өзіме жаңалық ашамын. Маған бәрінен бұрын балалармен танысқан, сонымен қатар, біздің үлкен екі қабатты автобуста серуендегеніміз қатты ұнады. Мен Қазақстанның басқа қалаларында болған емеспін, бірақ бәрінен бұрын Байқоңыр қаласын көргім келеді, өйткені онда ғарыш айлағы бар және көптеген тарихи ескерткіштерге толы Түркістан қаласын көргім келеді»

Жобаның әр қатысушысы алдағы саяхаттан көптеген қызықты дүниелерді күтіп, өз елінің көрікті жерлерін бағындыруға дайын. Ақтөбе облысы, Шалқардан келген Жанболатова Ақбота өзінің бұл жобаға қалай келгенін айтып берді: «Мен жоба туралы инстаграм әлеуметтік желісінен біліп, шығарма жазып, бейнеролик түсіріп жолдадым. Біз анамыз екеуіміз байқау нәтижелерін қатты күттік, ал жеңгенімді білгенде өте қатты қуандым. Мен Қазақстанды жақсы көремін, бұл саяхатты сол себепті асыға күттім. Мен еліміздің көптеген көрікті жерлерін аралайтынымызды білемін, әсіресе тауларды қатты көрім келеді. Қатысушылар өте көппіз, бізге бірге көңіл көтерген қызық, түрлі қалалардан жаңа достар тапқаныма өте қуаныштымын. Менің ойымша бұл сапарымыз қызыққа толы болады. Біз тіпті осы уақыт ішінде би үйреніп үлгердік. Тәрбиешілерімізді қатты жақсы көріп кеттім, олармен би билеп, сурет саламыз, ойын ойнаймыз. Әрі қарай не болатыны өте қызық».

Пойызда балалармен бірге тәрбиешілер мен жаттықтырушылар болады, олар күн сайын балаларға арналған ойын-сауықтық және спорттық тренингтер өткізеді. Осындай қанық бағдарламамен қамтылған пойыз қаладан қалаға жолға шығып отырады. Балалар туристік пойызының бағдарламасына Нұр-Сұлтан, Тараз, Балқаш, Байқоңыр және Алматы сияқты қалаларды аралау кіреді.

Тәрбиеші-хореограф Өмірбеков Марат алдағы үшінші маусымнан күтетін болжамдарымен бөлісті: «Мінекей біз соңғы үшінші сапарды да бастағалы жатырмыз. Шынымды айтсам, жоба аяқталғалы жатқаны сәл өкінішті де. Өткен екі сапар өте керемет болды. Үшінші сапар одан да қызықты болады деп күтілуде. Біз балаларға қызықты бағдарлама, флешмоб және шумақты ұрандар дайындадық. Әр отрядтың өзіндік ерекшелігі бар: біреу ән айтса, біреу өлең оқиды, енді біреу сурет жақсы салады. Осылайша сапар барысында балалардың бір-біріне таланттары мен өнерлерін көрсетуге жағдай жасауға тырысамыз. Мен осы маусымда көптеген балалардың шалғай елді-мекендерден елордаға алғаш келгендерін байқадым, олардың көтеріңкі көңілдері мен жарқын эмоциялары осыған да байланысты деп ойлаймын. Алтайдан, Монғолиядан және Белорусиядан келген қатысушылардың өз құрдастарымен ана тілінде еркін сөйлеулері бізді қатты таңқалдырды».

Пойыз Нұр-Cұлтан қаласына 9 тамыз оралатын болады. Жалпы «Туған елге саяхат» балалар туристік пойыз» жобасы Қазақстанның түкпір-түкпірі мен шетелден келген 600 балаға еліміздің ең көрікті жерлерін аралап, тамашалау мүмкіндігін береді.  

Жаздың басынан бастап балалар туристік пойызы өзінің екі сапарын аяқтады, онда Қазақстанның түкпір-түкпірінен 400 бала және көрші елдердегі қазақ диаспорасының балалары еліміздің ең көрікті жерлерін көріп, жаңа оқу жылына керемет әсерлермен қанықты.

Естеріңізге сала кетсек, 1 маусым Халықаралық балаларды қорғау күні «Туған елге саяхат» балалар туристік пойызы» жобасының алғашқы маусымы басталған болатын. 1 шілде жоба аясындағы екінші маусым басталды. Барлығы 2019 жылдың жаз айына үш сапар жоспарланған – соңғы саяхат 1 тамыз басталады. Жоба балалардың жан-жақты дамуына, қоршаған әлемге қызығушылығын арттыруға, елдің тарихи және сәулет ескерткіштерімен танысып, патриотизмді нығайтуға бағытталған. Жалпы 2019 жылғы маусымның жоба қатысушылары 600 баланы құрайды: «Самұрық-Қазына» АҚ шалғай өңірлерде орналасқан, көпбалалы және толық емес отбасында тәрбиеленіп жатқан, оқу үлгерімі жақсы өндірістік кәсіпорындары мен зауыт жұмысшыларының 500 баласы, «Отандастар қоры» КеАҚ-мен серіктестік негізінде шет мемлекеттерден келген қазақ диаспорасының өкілдерінен 50 бала және шығармашылық байқау қорытындысы бойынша Қазақстан бойынша анықталған жеңімпаз 50 бала кіреді.

Жобаны «Қазақстан Темір Жолы» ҰҚ» АҚ жанындағы Әлеуметтік жобалар қоры «Samruk-Kazyna Trust» әлеуметтік жобаларды дамыту Қорымен бірге жүзеге асырып жатыр