1 тамыз күні Әлеуметтік сала өкілдері Түпқараған ауданына қарасты Баутино селосы мен Қызылөзен ауылы тұрғындарымен кездесті. Облыс әкімінің тапсырмасымен Еңбек, әлеуметтік қорғау және көші-қон комитеті, Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қоры, Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры өкілдерінен тұратын «Мобильдік топ» құрылған болатын. Еркін әңгіме құрған ауыл азаматтары зейнетақы жай-күйі, әлеуметтік осал топтарға берілетін көмектер, денсаулық саласы, медициналық сақтандыру, жұмыс жайы туралы сұрады.
2020 жылдан бастап денсаулық саласындағы жаңа реформа – Медициналық сақтандыру жүйесі енеді. Бұған дейін қымбат тұратын диагностикалық зерттеулер мен кейбір дәрі-дәрмек түрлері, салалық дәрігерлерге қаралу ақылы болып келсе, енді бұл медициналық сақтандыру аясында тұрғындарға тегін көрсетілмек. Бұл туралы ауыл тұрғындарымен кездесу барысында Медициналық сақтандыру қорының Маңғыстаудағы өкілі Айгүл Дәден айтты.
Еңбек, әлеуметтік қорғау және көші-қон комитетінің Маңғыстау бойынша департаментінің бөлімі басшысы Ғалым Қаратаевтың айтуынша, 2019 жылдың 1 қаңтарынан бастап зейнетақы көлемі 7 пайызға және әлеуметтік жәрдемақылар ең төменгі күн көріс деңгейінің өзгеруіне байланысты шамамен 5 пайызға өсім болды.
- Биыл 1 шілдеден бастап Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың тапсырмасына сәйкес мүгедек баланы тәрбиелеп отырған анаға немесе әкеге, бала асырап алушыға, қорғаншыға (қамқоршыға) тағайындалатын және төленетін ай сайынғы мемлекеттік жәрдемақы көлемі 30 пайызға өседі, - дейді Ғ.Қаратаев.
Сондай-ақ, мобильдік топ мүшелері әлеуметтік төлем туралы кеңірек ақпарат алды. «Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қоры» жергілікті басшысы Қонбаева Нұрсұлудың айтуынша, әлеуметтік сақтандыру қорынан еңбек ету қабілетінен айырылған жағдайда, асыраушысынан айырылған жағдайда, жұмысынан айырылған жағдайда, жүктілікке және босануға, жаңа туған баланы асырап алуға байланысты табысынан айырылған жағдайда, бала бір жасқа толғанға дейін оның күтіміне байланысты табысынан айырылған жағдайда әлеуметтік төлемдер төленеді.
- Қорға 2018 жылдың 1 қаңтарынан бастап әлеуметтік аударымдарды есептеу обьектісінің 3,5 аударылады. Әлеуметтік төлемнің мөлшері ай сайын түсетін әлеуметтік аударымның сомасына және нақты адамның міндетті әлеуметтік сақтандыру жүйесіне қатысу өтіліне тікелей байланысты. Әлеуметтік аударымның ең жоғарғы мөлшері 42500×7=297500×3,5=10413 теңге, ал ең төменгі мөлшері 42500×3,5=1488 теңге, - деп атап өтті Н.Қонбаева.