Шымкентте проблемалық мәселелерді шешу үшін арнайы әлеуметтік карта әзірленбек. Осыған орай қала басшысы Ерлан Айтаханов шаһарға қарасты төрт ауданның әлеуметтік картасы жасалатынын айтты.
Жиналыстың күн тәртібінде қаралған басты мәселе – қалаға қосылған 41 елді мекеннің инфрақұрылымын дамыту. Осы бағыттағы жұмысты жүйелендіру мақсатында қала басшысы әр ауданды секторға бөліп, өзекті мәселелер көрсетілген әлеуметтік карта әзірлеуді салалық басқарма басшылары мен аудан әкімдеріне тапсырды.
Осылайша Ерлан Қуанышұлы күрмеуі шешілмей келе жатқан проблемаларды біртіндеп жүйелі түрде шешуге болатынын жеткізді. Шеткі аймақтардың негізгі мәселесі – жол, инженерлік инфрақұрылым, әлеуметтік нысандардың тапшылығы мен абаттандыру.
Бұдан бөлек, әкім шеткі аймақтардың инфрақұрылым жүйесін тарту жұмыстарына жеке инвесторларды да қатыстыруды атап өтті. Тұрғындарға өмір сүруге қолайлы ортаны қалыптастыру әкімдіктің басты мақсаты екенін айтқан қала әкімі ең алдымен қаланы қоқыстан тазартуды, сонымен қоса шалғайдағы елді мекен тұрғындары үшін тұрақты түрде көшпелі медицина қызметі мен жергілікті атқарушы органдармен көрсетілетін мемлекеттік қызметтерді ұйымдастыру қажеттігін жеткізді.
Күн тәртібіндегі мәселенің бірі ретінде қаланың жылу беру маусымына дайындық барысы мен жаңа оқу жылына дайындық жұмыстары пысықталды. Онда салаға жауапты мамандар жылыту маусымына дайындық кестеге сай жүргізіліп жатқанын айтып, 20 тамызға дейін медициналық мекемелер мен мектептер қысқа дайын болатынын мәлім етті. Қала басшысы жылу маусымына дайындықты бақылауда ұстауды тапсырып, штаб отырысын аптасына екі рет өткізу керектігін айтты.
ШЫМКЕНТ