Қазақстандық «TEMIRADAM» кубогінің IX кезеңі Орал қаласында өтті. Қазақстанның әр өңірінен келген 30 әуесқой спортшы Шаған өзенінде 750 метр жүзіп, Орал қалалық мәдениет және демалыс саябағында велосипедпен 20 км, жаяу 5 км жүгіріп шықты.
Алғашқы жүзу сайысында-ақ жарыстың ықтимал жеңімпаздары анық болды. 25-29 жастағы ерлер арасында 2018 жылғы TEMIRADAM атағының иегері Александр Хитров (Павлодар облысы), 2018 жылғы TEMIRADAM кубогінің иегері Дмитрий Машенцев (Қарағанды облысы) және Мұрат Батай (Нұр-Сұлтан) үштігі өзгелерден озық шықты. Дмитрий Машенцев жүзу сайысында 13 минут 16 секундта бәрінен бұрын келді. Бірақ веложарыс кезінде Александр Хитров қарсыласынан озып шығып, мәреге дейін алдына жан салмады. Сөйтіп ол ерлер арасындағы абсолютті жеке есепте 1 сағат 09 минут 43 секунд уақытымен үздік атанды.
Додаға қатысқан жалғыз әйел Нұргүл Орынбасар (Ақтөбе облысы) 1 сағат 44 минут 07 секундта мәреге жетіп, бірінші орыннан көрінді. Ал командалық эстафетада Aksai Sport Club (БҚО, Орал) 1 сағат 13 минут 17 секундта сайысты аяқтап, бірінші орынға лайық деп танылды.
«TEMIRADAM» кубогінің келесі кезеңі Өскемен қаласында өтеді.
Батыс Қазақстан