Сейсенбі, 9 сәуір 2013 2:11
Алматыда Иран Ислам Республикасының ядролық бағдарламасы жөніндегі E3/EU+3 (АҚШ, Германия, Қытай, Ресей, Ұлыбритания, Франция және Еуропа Одағының Жоғарғы өкілі) пішініндегі «алтылық» кеңесінің екі күнге созылған кезекті талқылауы өз мәресіне жетті.
Сейсенбі, 9 сәуір 2013 2:11
Алматыда Иран Ислам Республикасының ядролық бағдарламасы жөніндегі E3/EU+3 (АҚШ, Германия, Қытай, Ресей, Ұлыбритания, Франция және Еуропа Одағының Жоғарғы өкілі) пішініндегі «алтылық» кеңесінің екі күнге созылған кезекті талқылауы өз мәресіне жетті.
Бұл келіссөздер алаңын ізгілікті меймандостықпен Қазақстан тарабының ұсынғаны дүниежүзінің құлағы түрік жұртшылығына түгел мәлім десек те болар. Әлемнің 150-ге тарта, еліміздің 100-ден аса тілшісі екі күн бойына Иранның ядролық бағдарламасын талқылау шарасында «Алматы келіссөздері» деген атпен мәлім болған саяси мүдделер мәмілесі туралы күллі дүниеге тынымсыз ақпарат таратумен болды.
Барша адамзатты алаңдатып отырған «Иран мәселесі» бұл кездесуде көптеген игі қатынастар мен жан-жақты қолдауларға қол жеткізе тұра, тағы да нақты шешімін таппаған басы ашық мәселе күйінде қалды. Оның бірнеше себептері бар, дейді халықаралық саяси сарапшылар. Солардың бірі – жуырда Иранда өткізілетін президенттік сайлау. Әу баста «алтылық» ұсынған сенімділік шарасын Иран тарабы толық қанағаттандырмайтыны және уран өндіру ісінен бас тартпайтыны белгілі болған. Алайда, тараптардың «Алматы келіссөздеріне» ынталы түрде қатысуының өзі үлкен жетістік саналып, осы басқосуды өткізген Қазақ елі халықаралық аренада өзінің абыройын үстей түскені мәлім.
Ядролық қару тарату қаупін азайту мақсатында Қазақстан мемлекеті Атом энергиясы жөніндегі халықаралық агенттік (МАГАТЭ) аясында өз аумағында ядролық отын банкін құрып, бейбіт мақсаттарға арналған уран дайындау ісін ұсынды. Ресми Астананың бұл ұсынысын Вашингтон қызу құптап, АҚШ-тың сол кездегі мемлекеттік хатшысы Хиллари Клинтон 2012 жылдың күзінде «ядролық қаруды таратпау тәжірибесі жөнінде Қазақстанмен теңесетін ел аз» деген пікір білдірген-ді. Әлемнің бұқаралық ақпарат құралдары Х.Клинтонның сөзінен кейін-ақ Қазақстан АҚШ, Ресей, Қытай секілді алып державалармен саяси-экономикалық қатынастағы байланысы тұрақты ел ретінде «Иран мәселесін» талқылауға қолайлы ең тиімді мемлекет деген көзқарасты кеңінен жариялады. Бұған дейін Ыстамбұл, Египет пен Араб елдері өздерінің араағайындығымен осындай кездесуді өткізуге білдірген ұсыныстарын қабылдамай отырған Иран біздің ұсынысымызды жөн санап, Алматыда «алтылық» елдерінің өкілдерімен келіссөздер үстелінде кездесуге келісімін берді.
Ұзақ үнсіздіктен кейінгі «Алматы келіссөздерінің» алғашқы отырысында бұған дейінгі қабыл алмаған ұсыныстарды хош көріп, бір-бірімен жылы қол алысып тарқасқан қос тарап Алматыда күні кеше өткен кездесуде нақты шешімге келмесе де, болашақта бұл мәселе барша адамзаттың игілігіне ұласатын жақсы жоба болады деген сеніммен елдеріне аттанысты.
E3/EU+3 (АҚШ, Германия, Қытай, Ресей, Ұлыбритания, Франция және Еуропа Одағының Жоғарғы өкілі) пішініндегі кеңестің бірінші күні «алтылық» тарапынан Еуропалық Одақтың Сыртқы істер және саяси қауіпсіздік жөніндегі Жоғарғы уәкілі Кэтрин Эштонның баспасөз хатшысы Майкл Манн журналистер алдына шығып түсінік берсе, екінші тарап – Иран жағынан Иран ұлттық қауіпсіздік Жоғары кеңесінің хатшысы Саид Джалилидің орынбасары Али Багири әлемдік БАҚ өкілдеріне брифинг өткізді. Аса нәзік саяси мәселе турасында екі жақтың өкілдері де өз позицияларын берік ұстана отырып, қарымта кездесу басталғалы толықтырылған ұсыныстарды жылы қабылдағандығын, сенім шараларына қатысты және ирандық делегацияның алға тартып отырған талаптарының барлық пункттері мұқият талқылануда екендігін жеткізген еді. Журналистердің қойған сұрақтарына жауап бере отырып Майкл Манн 5+1 тобы Иран делегациясымен ортақ мәмілеге келеміз деген үміті сәт санап ұлғаюда екендігін жеткізді. Өз кезегінде ирандық делегация басшысының орынбасары Али Багири де «алтылықтың» өз ұсыныстарын үлкен түсіністікпен қабыл алғанына ризашылық таныта отырып, уранды бейбіт өндіру ісінде Иранның әлемдік қоғамдастық алдында өз құқықтарынан өзге міндеттемелерінің де бар екендігін, Иран сол мүмкіндіктерді сарқа қолданудан танбайтындығын білдірді.
Екі тәулік бойына күнді күнге, түнді түнге жалғап, аса күрделі жағдайда кеңескен тараптар кездесудің соңғы күні «алтылық» жағынан Еуропалық Одақтың Сыртқы істер және саяси қауіпсіздік жөніндегі Жоғарғы уәкілі Кэтрин Эштонның және Иран делегациясының басшысы Иран ұлттық қауіпсіздік Жоғары кеңесінің хатшысы Саид Джалилидің қатысуымен болған соңғы баспасөз мәслихатымен аяқталды.
Мәслихатта Кэтрин Эштон «Иран мәселесін» талқылауға екі мәрте мүмкіндік жасап, тараптардың саяси аса маңызды мәселені ақылдасуына зор жағдай туғызған Қазақстан билігіне және мемлекетіне ыстық ықыласын жеткізе отырып, алдағы күндерде Иран делегациясының басшысы Саид Джалили мырзамен телефон арқылы сөйлесетінін, онда Иранның ядролық бағдарламасын терең қаузайтын осынау үдерістің келесі қадамы қалай болатындығы жөнінде сұхбаттасатынын айтты.
– E3/EU+3 (АҚШ, Германия, Қытай, Ресей, Ұлыбритания, Франция және Еуропа Одағының Жоғарғы өкілі) пішініндегі «алтылық» кеңесіне жиылған қос тарап әлі де болса бір-бірінен кей мәселелер жөнінде алшақ екендігін жеткізгім келеді, – деді Кэтрин Эштон журналистерге. – Иран тарабы ұсынған жобалар мен ұсыныстарды мейлінше үлкен түсіністікпен қабылдай отырып, біз кейбір мәселелер төңірегінде нақты жауап ала алмадық. Біз БҰҰ-ның Қауіпсіздік Кеңесінің ядролық мәселелер жөніндегі қарарына сәйкес Иранның бейбіт ядролық бағдарламаны жүзеге асырып отырғанына толықтай көз жеткізгіміз келеді. Ал Иранға жасалған санкцияларға келетін болсақ, ол нақты мақсатқа негізделген шараның бір бөлшегі деп білемін. Алда бұл мәселе баршамыз үшін тиімді шешімін табады деп сенеміз.
Журналистермен болған жүздесуде Иран ұлттық қауіпсіздік Жоғары кеңесінің хатшысы Саид Джалили мырза да күллі адамзат алаңдай күтіп отырған атом өндіру мәселесін талқыға салу үшін «келіссөздер алаңын» ұсынып, араағайындыққа жүрген Қазақ елінің қонақжайлығына, Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың әлемдік бейбітшілікке қосқан зор үлесіне алғыс айта келе, қарсы тарап, яғни «алтылық» топ Иранның ұсыныстарын жылы қабылдағанын және кейіннен енгізген тармақтар мәселесінде өздерінің жобаларын алға тартқанын, алда сол жобалар мен ұсыныстар тереңірек зерделену үшін сарапшы топ үлкен жұмыстар атқаратынын және Еуропалық Одақтың Сыртқы істер және саяси қауіпсіздік жөніндегі Жоғарғы уәкілі Кэтрин Эштонмен телефон арқылы мәселенің болашағы жөнінде байланысатындығын білдірді.
– «Алматы келіссөздерінің» бірінші кездесуінде жасаған «алтылық» одақтың ұсынысында осы мәселеге ықпал етерлік әлеуеттің басым екендігін айтқым келеді. Әрине, екі тараптың алға қойған міндеттері тұрғысында көптеген талқылау, сарап жасау жұмыстары жүргізілді. Алайда, кей мәселеде әлі де пікір алшақтығының бар екенін мойындай отырып, біз Иранның уранды байытуға құқы бар екенін және ынтымақтастыққа қашанда дайын позицияны ұстанатынымызды білдіремін, – деді доктор Джалили бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдеріне. – Бұл келіссөздер екі жақ үшін де өте пайдалы болды. Ендігі саяси шешім қабылдау – «алтылықтың» үлесіндегі іс. 5+1 тұрпатында біріккен мемлекеттердің өкілдері белгілі уақыт аралығында Иранға өздерінің ұстанымы мен қабылдағысы келетін шешімін білдіруге тиіс, сол кезде барша адамзат көз тіккен мәселе өзінің нақты шешімін табатын болады.
Қалай дегенде де, Иранның ядролық бағдарламасы нақты шешімін таппады. Иран үшін уақытты соза түсу, ал біріккен «алтылық» одағы үшін қайткенде де мәселенің жедел шешілгені керек болып отыр. Иран тарабы өздеріне эмбарго, алтын және мұнай саласына жасалған санкцияларды алға тарта отырып, елдегі саяси науқан – президенттік сайлауды өткізіп алуды, сондай-ақ, уран өндіру төңірегіндегі үлкен саяси келіссөздер арқылы әлемдік қоғамдастықтың назарын өздеріне аударуды көздейтіні анық. Ал «алтылықтың» жоспары – Иранға ықпал жасай отырып, өздерінің геосаяси ахуалын оңтайландыру, өзге де мұсылман елдерімен арадағы қатынасын нығайта түсу. Тараптар қозғалмай тұрған нүктеден жылжып, бұл мәселенің даму үдерісінде едәуір жетістіктерге жетумен қатар, мәселенің тәмамдалу шегіне жақындай түсті. Бір нәрсе анық, Қазақстан келіссөздер алаңын ұсыну арқылы өзінің позициясын нықтап, халықаралық қоғамдастықтар алдындағы сенімін арттырды және адамзатқа қауіп төндіретін қарудан бас тартқан ел ретінде абырой биігінде тағы бір қадам жоғарылай түсті.
Сонымен, Иранның ядролық бағдарламасы жөніндегі келесі келіссөздер алаңы әзірге белгісіз. Дей тұрсақ та, сенім шаралары жөнінде белсенді кездесу өткізген тараптар өзара тілқатысудың жаңа белесіне өткендігін өздері де мойындап отыр һәм бүкіл әлем куә болды. Адамзатқа қауіп төндіретін ядролық қарудан бас тартқан ел – Қазақстан да бұл мәселенің бейбіт мәмілемен аяқталуын асыға күтеді.
Қанат ЕСКЕНДІР,
«Егемен Қазақстан».
АЛМАТЫ.