• RUB:
    4.91
  • USD:
    494.87
  • EUR:
    520.65
Басты сайтқа өту
Аймақтар 13 Тамыз, 2019

Ауыл әйелі: кеше, бүгін, ертең

617 рет
көрсетілді

Оралда ауыл әйелдерінің форумы өтті. Форумды Президент жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссияның қолдауымен облыс әкімдігі, «Жасыл» экономика және G-Global-ды дамыту коалициясы» заңды тұлғалар бірлестігі, G-Global-дың халықаралық хатшылығы және «EXPO&WOMEN» халықаралық ұйымы ұйымдастырды.

Шараның мақсаты – ауыл-аймақтағы əйелдердің əлеуетін анықтап, оларға қолдау көрсету, түрлі бағыттар бойынша дамытып, əл-ауқатының артуына жағдай жасау.

Айта кетейік, ауылдағы қа­зақ әйелдерін өнер-білімге, қо­ғам­дық-саяси өмірге белсене ара­ласуға шақырған ағартушылық күрес ХХ ғасырдың басынан бас­талған. Кеңес өкіметі тұсында бұл қозғалыс «Раушан коммунист» бейнесінде өрістей түсті. Деген­мен, 70 жылдық кеңестік кезеңде ауыл әйелдерінің көзі ашық, бі­лімді, еңбекқор, отбасының ұйытқысы һәм бала тәрбиесіндегі басты тұлғалық рөлі берік қалыптасқаны анық.

Бүгінгі әйел қандай?

Бүгінгі Қазақстан қоғамының қай саласын да әйелдерсіз көзге елес­тету қиын. Нәзік жандар білім, денсаулық сақтау секілді аса маңызды салаларда еңбек ету­шілердің басым бөлігін құрайды. Бұл – Батыс Қазақстан облысына да тән құбылыс.

– Біздің аудандық мәсли­хат­тардағы 149 депутаттың 42-сі – әйел. Жергілікті атқарушы билік орындарында 24 әйел басшы қызметте отыр. 37 әйел басқарма басшыларының орынбасары болып қызмет етеді. Өңірде іскер әйелдер мектебі жұмыс істейді, қоғамдық-саяси істерге белсене араласатын қаншама беделді, іскер, кәсіпкер әйел тұлғалар қалыптасып шықты. Осының бәрі әйел-ананың беделін биіктете түседі. Қоғамдық мәселелерді шешуде әйел белсенділігінің маңызы өте зор, – деді форумның ашылу салтанатында сөз алған облыс әкімінің орынбасары Ғабидолла Оспанқұлов.

Президент жанындағы Әйел­дер істері және отбасылық-демо­графиялық саясат жөніндегі ұлт­тық комиссия төрағасының орын­басары Елена Тарасенко мем­лекеттің бірлігі мен тыныш­тығына, экономикадағы жетіс­тіктерге бүгінгі әйелдер қауымы да ортақ екенін айтады.

– Елімізде қабылданған ген­дерлік теңдік стратегиясы мем­лекеттің саяси және экономикалық салаларында әйелдер қауымының белсенділігін арттыра түсті. Бүгінде Парламент Мәжілісінде әйелдердің үлесі 27,1%-ға жетті. Он жыл бұрын бұл көрсеткіш 10 пайызға да жетпейтін. Әйелдердің белсенділігі жыл сайын артып келеді. Облыстық, қалалық және аудандық мәслихаттарда әйел депутаттар 22% болды. 5 әйел – аудан әкімі, 348 әйел – ауылдық округ әкімі болып қызмет етеді. Бүгінгі форум да әйелдер қауымының қоғамдағы рөлін одан әрі биіктетіп, белсенділігін арттырады деген ойдамыз, – дейді Е.Тарасенко.

 Ауылдағы ахуал

Батыс Қазақстан облысында 650 мыңдай халық тұрады, оның тең жартысы ауылда өмір сүріп жатыр.

Бөкей ордасы ауданында мем­лекеттік гендерлік саясатты жүзеге асыру туралы сөз алған аудан әкімінің орынбасары Лариса Қайырғалиева атал­ған өңірде 16068 халық тұра­тынын, оның тең жарымы әйелдер қауымы екенін айтады. Осы 8034 әйелдің ішінен 285 адам кәсіпкерлікке ден қойған екен. Соның ішінде 48 әйел «Бастау Бизнес» бағдарламасы бойынша кәсіпкерліктің қыр-сырын игеріп, өз кәсібін бастауға талап қылған. «Игілік» несие бағдарламасы бойынша 6 әйел жалпы көлемі 27 млн теңге несие алып, ойға алған шаруаларын бастап кеткен. 

«Даму» кәсіпкерлікті дамыту қоры АҚ БҚО өңірлік филиалының директоры А.Тілемісов «Даму» қоры 2019 жылы 11 719 млн теңге көлеміндегі қаржыны өңірдегі шағын және орта бизнесті дамыту мақсатына жұмсауға жоспар­лағанын жеткізді. Қазірдің өзінде 950 млн теңге несие 79 адамға берілген.

Ауыл шаруашылығын қаржы­лай қолдау қоры облыстық филиа­лының директоры А.Арслан­баевтың баяндамасынан әйел кә­сіпкерлерге қатысты түрлі мә­ліметке қанықтық. Мәселен, мал шаруашылығы саласында еңбек етіп жүрген әйел кәсіпкерлер 2017 жылы 712 млн теңге несие алса, 2018 жылы оның көлемі 972 млн теңгеге жеткен. Ал 2019 жылдың І жартыжылдығында бұл көрсеткіш 674 млн теңге болып, өсім 73%-ға жетіпті.

Әйелдердің стартап жобаларын несиелеу бойынша да өңірде 64% өсім бар. Ал кәсібін одан әрі кеңейтуді ойлаған ақжайықтық әйел кәсіпкерлер 2017 жылы – 259 млн теңге, 2018 жылы – 460 млн теңге несие алса, 2019 жылдың І жартыжылдығында оның көлемі 396 млн теңгені құрап, 56%-ға артқан.

 Қожалық басшысының жетістік тарихы

– Әу баста кәсіпкерлік жолым кондитерлік цех ашудан басталған еді. Ол кезде шикізатты – сүт пен қаймақты жергілікті фермер­лерден сатып алып жүрдім. Есеп­теп қарасам, қаржымның көп бөлігі осыған кетеді екен. Сөй­тіп өзімнің фермерлік шаруа­шы­лы­ғымды аштым. Кейін көкөніс өсіре бастадым. Біз қазір кондитер өніміміздің бүкіл шикізатын өзіміз өндіреміз. Ауыл халқы үшін мыңнан аса өнім түрін шы­ғарып жатырмыз. Біздегі жал­ғыз қиындық – жұмыс қолының тапшылығы. Жастар ауылға көбірек барса, алқапта еңбек етсе, ауыл кәсіпкерлерін қолдай­тын жақсы мемлекеттік бағдар­лама болса, – дейді «Менің жетіс­ті­гімнің тарихы-2018» байқауы­ның жеңімпазы, Батыс Қазақ­стан облысы Бөрлі ауданы Өс­пен ауылындағы «Нұр» шаруа қожалығының жетекшісі Свет­лана Мәутеева.

Қазіргі таңда «Нұр» шаруа қо­жалығына ірі қара мал өсіру бойынша асыл тұқымды шаруашылық мәртебесі берілген. Шаруашылық қазақтың ақ бас сиыры және галштейн тұқымды ірі қара өсірумен айналысады. 2000 жылдары шаруашылықта 100 бас сиыр мен ондаған жылқы ғана болса, қазір 700-ге жуық ірі қара, оның ішінде 610 бас асыл тұқымды мал (қазақтың ақ бас сиыры мен симментал тұқымы), 133 жылқы, 100-ден астам еділбай тұқымды қой бар.

С. Мәутееваның қарауында 200 адам еңбек етеді. Олар тегін баспанамен және әлеуметтік қызмет жиынтығымен қамтылған. Шаруа қожалығы құс та өсіреді, жыл бойы көкөніспен қамтитын жылыжай да бар. Ауыл халқын жұмыспен қамтып, табысқа кенелтіп отырған кәсіпкердің мейрамханасы, дәмханасы, екі кондитер цехы, наубайханасы, Ақсай мен Орал қалаларында екі дүкені үзіліссіз қызмет етіп тұр.

 Кәсіп біліммен бекуі тиіс

«Жасыл» экономика және G-Global-ды дамыту коалициясы» ЗТБ Басқарма төрағасы Сал­танат Рақымбекова әйелдер кә­сіпкерлігін дамыту үшін гендерлік саясаттың тиімділігін дәлелдеп, кəсіпкер қыз-келіншектердің жет­кен жетістіктері туралы айтып берді.

Форум алаңдарында мамандар сан-салалы мәселелерді көтерді. Өңірдің тумасы, AES (АҚШ) кор­порациясының дрондарды қол­дану жаһандық инновациялық бағдарламасының директоры Әсел Аяпова бейнеқұрал көме­гімен сөз сөйлеп, өзінің жетістікке жету тарихын ортаға салды. Фо­рум үстінде көп жыл түрлі салада еңбек еткен ардагерлер ақжайықтық Меңзипа Жұматова, шыңғырлаулық Надежда Әлиева, қазталовтық Дина Кенжина, бәйтеректік Нұрзия Исмағұлова және қаратөбелік Рысты Той­шы­баеваға Құрмет грамотасы табыс етілді. Форум 2019 жылы 7-8 қарашада Нұр-Сұлтан қаласында өтетін Қазақстан ауыл әйелдерінің екінші форумына делегат сайлаумен қорытындыланды.

 

Батыс Қазақстан облысы