Өткен жұмада балаларға арналған «Туған елге саяхат» жобасы өз мәресіне жетті. Осыдан екі ай бұрын басталған бастама аясында елімізден және көрші мемлекеттерден 600-ге жуық бала Нұр-Сұлтан, Тараз, Байқоңыр, Алматы қалаларында болып, Балқаш көлінде шомылды.
Саяхат барысында балаларға әр қаланың тарихы туралы деректер айтылып, тың мағлұматтар берілді.
– Пойыздағы сапар барысында әр өңірдің балалары бір-бірімен жақын танысып, достасып кетті. Саяxаттың әр күнінде балаларға арналған шеберлік шыңдау, спорттық жарыстар мен би, флешмобтар ұйымдастырылды. «Туған елге саяxат» жобасы балаларға өзін өзі дамытып, шығармашылық таланттарын ашуға мүмкіндік береді. Саяxат барысында пойызда балаларға арналған түрлі үйірмелер жұмыс істеді. Сонымен қатар балаларға Қазақстанның тариxы мен пойыз жүрген жерлердің географиялық ерекшеліктері туралы ақпараттар айтылды. Биыл алғаш рет көрші Ресейде, Моңғолияда, Белоруссияда, Украинада тұратын қандастарымыз өз Отандарына саяхат жасап, қазақ жерінің тарихымен танысып, түп-тамырларына үңілді», деді «Samruk-Kazyna Trust» әлеуметтік жобаларды дамыту қорының ресми өкілі Мирас Іргебаев.
Жоба қатысушысы Мәди Абдраxман саяхат барысында Тараз қаласындағы Қараxан кесенесін көргенін, онда тарихи мәліметтерге қанық болып, білімін жетілдіргенін жеткізді. Биылғы жазды қызықты өзкізген ол жобадан тапқан достарын қимайтынын да айтты.
Жоба қорытындысы елордадағы «Жетісу» саябағында ұйымдастырылды. Өз өнерлерін ортаға салған қатысушылар алған әсерлерімен бөлісіп, естелік сыйлықтарға ие болды.
Айта кетерлігі, «Туған елге саяхат» жобасы «Самұрық-Қазына» АҚ компаниялар тобының атынан «Samruk-Kazyna Trust» әлеуметтік жобаларды дамыту қорының ұйымдастыруымен жүзеге асуда. Бұл шараға шалғай өңірлерде орналасқан, көп балалы және толық емес отбасынан шыққан балалар және де оқу үлгерімі жақсы өндірістік кәсіпорындар мен зауыт жұмысшыларының балалары, сонымен қатар арнайы ұйымдастырылған конкурстың жеңімпаздары қатысуда.