Бұл жоба байырғы «Бастау» жобасына біршама ұқсас. Мәселен, жаңадан жеке кәсібін бастауға ұмтылған жастарға бағыт берудің, оқытудың құрамдас бөліктері қамтылған. Осы жоба арқылы жас қауым жаңа білім мен дағдыларды үйреніп, жеке кәсіптерін аша алады.
Бұландының жастары осы жоба бойынша тәп-тәуір жұмыс істеуде. Мысалы, осы аудандағы Мат ауылының тұрғыны Мәдина Бибатырова автокөліктердің дөңгелегін жөндейтін шағын цех ашып алған.
– Ағам Бақтияр мен інім Ахмедияр көмектеседі деп үміттеніп отырмын. Бақтияр ағам «Партизанка» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінде жұмыс істейді. Бала кезінен техникаға жақын. Ал 21 жастағы інім Ахмедияр Нұр-Сұлтан қаласындағы техникалық колледжді бітірген, мамандығы – автомеханик. Алдымыздан мол мүмкіндік туғызып отырған Жастар жылының шарапатын біз де көрейік деп қолымыздан келгенінше тырбанып тіршілік етпекшіміз. Ең алдымен мемлекеттің қамқорлығына шынайы алғысымызды білдіргеніміз жөн, – дейді М.Бибатырова. – Екі қолға бір күрек таба алмай отырған ауыл жастары үшін қолтықтарынан демейтін, жебейтін періштенің көмегі дерсіз. Біз, мінекей, қайтарымсыз 1 миллион теңге алып жатырмыз. Оның алғашқы 500 мың теңгесі қолымызға тиді.
Сол 500 мың теңгеге ағайынды жас кәсіпкерлер ең алдымен шеберханаға қажетті құрал-жабдықтар сатып алған. Мат елді мекені шағын ауыл болғанмен, іргедегі Шұбарағаш, Ортақшыл, Партизанка, Отрарный елді мекендерінің көлік иелері атізін суытпай келеріне күмән жоқ. Олай болатындығы, бұл төңіректе дәл осындай басқа цех жоқ екен. Мұндай қызмет аудан орталығы Макин қаласында ғана көрсетіледі. Қысылтаяңда алысқа ат арытқанша, іргедегі цехтың қызметіне жүгінген көп жақсы емес пе? Келесі 500 мың теңге қолдарына тиген соң, жас кәсіпкерлер цехқа қажетті басқа да құрал-жабдықтарды сатып алмақ.
Қағаз жұмыстарын үйлестіріп, ағасы мен інісінің жұмысына дем беріп отырған Мәдина Сүлейменқызының өзі Нұр-Сұлтан қаласындағы «Тұран» университетін бітірген. Кіріс-шығыстың, алыс-берістің жөн-жобасын жақсы білетін есепші. Кәсіпкерлікке бел шешіп кіріскен соң, есеп-қисапқа жүгінбей тағы болмайды. «Егер іс сәтімен басталып жүріп кетсе, осы бағытта жұмыс ауқымын кеңейте түсер едік», дейді олар.
Жастар жылында дәл осылай жеке кәсіппен шұғылдануға бекініп отырғандардың бірі – Салтанат Жүсіпбекова. Салтанат Макин қаласында тұрады. Аудандық әкімдікке өтініш жазбас бұрын оң-солын барлап қараған. Бір қарағанда, өңірде бизнестің бар саласы қамтылған тәрізді. Дегенмен, зерек көңілді жас халыққа қызмет көрсету ісіндегі кейбір олқы тұстарды ойлана-ойлана тапқандай болды. Әйел адам болған соң, кондитерлік тағам өнімдерінің аздығына көңіл аударды. Оның үстіне бұл маңайдағы халықтың мерекелік дастарқандары нақ бір үлкен қалалардағыдай жарқырай-жайнап тұрмайды. Бұл жерге де ілкімді қолдың табы қажет.
Осылайша он ойланып, жүз толғанып, тосын кәсіптің тізгінін ұстасам ба деген. Ондағысы, жұмыссыз жүрген жастарды кондитерлік өнім дайындауға үйрету. Сабақ сенбі, жексенбі күндері өткізіледі. Әзірге оқуға алғашқы топтағы 4-5 адам қатысады. Тағам дайындаудың өзі білетін түрлерімен қатар, интернет желісі арқылы ізденді. Осылайша өзгені қойып, өз білімін де жетілдіре түсті. Қай іске болсын талғам керек. Талғамың жоғары болса ғана табыстың көзі ашылады. Қазіргі тұтынушылар да кірпияз. Салтанат осы еңбегі арқылы бұрын жұмыссыз жүрген жас талаптың біразын еңбекке баулымақ.
Ауылдарда мал алып, еңбек етуге бет бұрып отырған жастар баршылық. Солардың бірі – Қараөзек ауылының тұрғыны Балнұр Ағипа. Ол жоба бойынша берілген алғашқы 500 мың теңгеге екі сиыр сатып алыпты. Енді Зеңгі баба тұқымын төлдерінің есебінен көбейтпек. Кейін берілетін қаржыға қора салып, артылып қалып жатса тағы да мал алмақшы.
– Алғаш осы жоба туралы естігенде нанар-нанбасымызды білмедік, – дейді жас кәсіпкер. – Біздің күмәнімізді туғызған жері – қаржының қайтарымсыз берілетіндігі. Бұл не қылған «батпан құйрық» дедік қой. Сөйтіп есіл уақыттың біразын босқа өткізіп алдық.
Малсақ жанның айтуына қарағанда, бұл істегі басты қиындық жайылым жердің тарлығы. Шабындық та солай. Шөптің бір тіркемесі 35-40 мың теңге шамасында. Өзінің техникасы жоқ адамдар жем-шөпті сатып алуға мәжбүр. Қазір ағаш арасындағы жоңышқаны қол шалғымен шауып, өз бетіңше тырбанбасаң болмайды. Бір жақсы жері, несие алғаннан әлдеқайда жеңіл. Мал өсіремін деп несие ала қалсаңыз, төлі өсіп-жетілгенше қарыздан құтылу уайымы басып тұрады. Ал «Жас кәсіпкер» шын мәніндегі жанашыр көмек болды.
Ауыл жастарының айтуына қарағанда, осылайша тырбанып тіршілік етсе, ауылдан қалаға үздіксіз көшіп жатқан жастар да туған жерінде, өскен өңірінде тұрақтап қалмақ. Ондай жақсылық күн туса, ауылдағы адам саны көбейіп, білім беру, денсаулық сақтау нысандары жабылып қалмас еді. Демек, «Жас кәсіпкер» жобасының жақсы тұстары аз емес.
Ақмола облысы,
Бұланды ауданы