Сенбі, 18 мамыр 2013 2:08
Қостанайда «Нұр Отан» ХДП жанындағы Құқықтық кеңестің, Парламент Мәжілісінің Заң және сот-құқықтық реформа жөніндегі комитеті, «Заң ғылымы мен тәжірибесін инновациялық дамыту орталығы» білім қорының ұйымдастыруымен «Қазақстан Республикасындағы қылмыстық заңнаманы жаңғырту» атты бесінші халықаралық ғылыми-практикалық конференция өтті. Оның мақсаты – қылмыстық құқық бастауларының ғылыми мәніне нақты баға беріп, қылмыстық заңнаманы байытатын теориялық-тәжірибелік ұсыныстарды қалыптастыру болмақ.
Сенбі, 18 мамыр 2013 2:08
Қостанайда «Нұр Отан» ХДП жанындағы Құқықтық кеңестің, Парламент Мәжілісінің Заң және сот-құқықтық реформа жөніндегі комитеті, «Заң ғылымы мен тәжірибесін инновациялық дамыту орталығы» білім қорының ұйымдастыруымен «Қазақстан Республикасындағы қылмыстық заңнаманы жаңғырту» атты бесінші халықаралық ғылыми-практикалық конференция өтті. Оның мақсаты – қылмыстық құқық бастауларының ғылыми мәніне нақты баға беріп, қылмыстық заңнаманы байытатын теориялық-тәжірибелік ұсыныстарды қалыптастыру болмақ.
Бұл форум қылмыстық құқықтың маңызды және өткір проблемалары талқыланатын ғылыми форумдар негізінде 2009 жылдан бері тұрақты өткізіліп келеді. Оған Ресейден, Белоруссиядан және Германиядан 15 ғалым мен сарапшылар қатысты. Басқосуда ұлттық қылмыстық-құқықтық жүйелердің, әсіресе, Тәуелсіз мемлекеттер достастығы елдері арасындағы қарым-қатынас туралы пікірталас өрбіді. Сонымен қатар, онда ғылыми жұртшылық пен мемлекеттік органдар арасындағы пікіралмасуларға да мүмкіндік жасалды. Биыл тамыз айының соңына қарай Парламент Мәжілісі Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексі Жалпы бөлімінің жаңа редакциясын қабылдайтын болады. Конференцияда Қылмыстық кодекстің жаңа редакциясының жобасы қызу талқыланды.
Еліміздің құқықтық заңнамасында тек жаңа түзетулер енгізу арқылы шешімін табатын қордаланып қалған жүйелік проблемалар жетерлік. Сондықтан жаңа кезеңде құқықтық саясат ғылыми негізді және түбегейлі өзгертулерді қажетсініп отыр. Азаматтардың құқығы мен еркіндігін, қоғам мүддесі мен мемлекетті қылмыстық жағдайлардан қорғау үшін уақыт сынынан өткен, бүгінгі күн талабына жауап бере алатын қылмыстық-құқықтық институттарды, базаларды жаңғырта отырып, оларды сақтау керек.
Осы үлкен шараны ұйымдастыру бастамасын көтерушілердің бірі Парламент Мәжілісінің депутаты, «Нұр Отан» ХДП жанындағы Құқықтық кеңестің төрағасы, заң ғылымдарының докторы, профессор Нұрлан Әбдіров конференцияны ашып, құттықтау сөз сөйледі. Облыс әкімі Нұралы Сәдуақасов конференцияға қатысушыларға шараның табысты өтуіне тілектестігін білдірді.
Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің Жалпы бөлімі жаңа редакциясының жобасын Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің жаңа редакциясының жобасын жасау жөніндегі ведомствоаралық жұмыс тобының жетекшісі, Қазақстан Республикасы Бас Прокурорының бірінші орынбасары Иоган Меркель таныстырды.
Конференция «Қылмыстық заңнаманы жаңғыртудың халықаралық тәжірибесі», «Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің Жалпы бөлімі жаңа редакциясының жобасындағы қылмыстық жауапкершілік мәселелері» және «Қылмыстық жаза: қазіргі заманғы ағым» атты үш сессияға бөлініп жұмыс істеді. Олардың жұмысына Германияның Фрайбург университетінің профессоры Гельмут Кури, Беларусь Республикасы Бас прокуратурасы ғылыми-практикалық орталығының директоры, заң ғылымдарының докторы Владимир Хомич, Ресей федералдық антимонополиялық қызметі құқықтық басқармасы бастығының орынбасары Сергей Максимов, тағы басқалар пікірлерін ортаға салды.
Конференция еліміздің қылмыстық заңнамасының заман талабына орай жаңғыртылуына өз септігін тигізетін болады.
Нәзира ЖӘРІМБЕТОВА,
«Егемен Қазақстан».
ҚОСТАНАЙ.