Күні кеше ғана ғарыш ілімі тарихи маңызы зор әрі айтулы екі күнді атап өтті. Оның біріншісі – адамзат өкілінің Айға қонып (1969 жыл, 20 шілде), жерге аман оралуына елу жыл толу оқиғасы. Бұл оқиғаны ғарыш игеру саласындағы КСРО мен АҚШ арасында туған «қуып жетеміз, басып озамыз» саяси науқанының ең шырқау шегіне жеткен кезеңі десе болады.
АҚШ-тың 35-інші Президенті Джон Кеннеди Гагарин ұшқан күннен тура бір жарым ай өткенде конгресте сөз сөйлеп, «Ғарышқа ұшу былай тұрсын, біз алдағы он жылда америкалықтарды айға қондырамыз» деген жарқын уәдемен ғарыштық «Аполлон» жобасын жария еткен-ді. АҚШ-тың ол арманы мерзімінен бұрын орындалды. Ғарыш жарысының жеңісіне масаттанған КСРО тұңғыш әйел ғарышкерді (Валентина Терешкова) ұшырды, одан 1965 жылдың 18 наурызында адамзат өкілін (Алексей Леонов) ашық ғарыш кеңістігіне шығарды. Әуелде шын мәнінде жарыс, бәсеке үшін болған Леонов сапары ғарыш іліміне жаңа көкжиек ашты. Осы үрдіс адамзатты ғарыш кеңістігінде ұзақ мерзімді қызмет етуге жетеледі. Әскери-барлауды көздеген кеңестік-ресейлік «Мир» ғарыш стансасына (1986-2001ж.ж) «жерліктер» апталап, айлап, жылдап қоныстанып жатты.
Жоғарыда еске алған екінші оқиға – қазақ ғарышкері Талғат Мұсабаевтың дәл осы ғылыми-зерттеу орбиталық «Мир» стансасындағы (1994 жыл, 1 шілде – 4 қараша) қызметіне орайласады. Күні бүгін тұңғыш қазақ жігітінің ашық ғарыш кеңістігіне шыққанына 25 жыл толды. Сапар несімен даңқты? Бәсеке түгіл бас қайғы болып КСРО күйреп жатқан 90-жылдардың басында ғарыш стансасында кеме командирі Юрий Маленченко мен борт-инженер Талғат Мұсабаевтың 4 айдың ішінде ашық ғарышқа екі мәрте төтенше шығуы тектен-тек емес еді. Горбачевтік «қайта құрудың» екпінмен небәрі үш жылға арнап жасақталған «Мир» стансасының қызмет өтілі 13 жылға созылып бара жатқан. Тозығы жеткен осы кемеде алғашқы күннен көзсіз ерлік жасағандар туралы «Роскосмос» ғарышты басқару орталығы тіркеген тарихи құжатта «Өзге экипаждар алты айда атқармаған істі Юрий мен Талғат төрт айда тындырды. Ғарыш тарихында алғаш рет, алғаш рет...» деген сөз қалды.
Ғарыштан оралған соң бізге берген Мұсабаев сұхбаты («Егемен Қазақстан», «Қиын түйісулер», 1995 жыл, шілде) диктофон таспасында сол күйде сақталыпты: «Біз «Мир» стансасымен ойдағыдай түйістік. Екі тәуліктен соң жүк тасымалдау кемесі де келіп жетті. Орталық осы жолы ұшуды басқарудың математикалық жаңа нұсқасын жасаған. Сол бағдарлама жүк кемесі стансаға 150 метр жақындағанда сыр берді. Салмақсыздық жағдайында секундына 7,7 км жылдамдықпен «жүзетін» ғарыш стансасына жүк кемесін үш рет тәуекелге салып әрең түйістірдік. Түйісу кезінде майысқан тетіктер мен істен шыққан жабдықтарды ашық ғарышқа шығып түзетіп, қалпына келтірдік. Жүк кемесінің модульдерге екі рет ебедейсіз соғысуы бізді ғарыш тозаңына айналдырып жіберуі хақ еді».
Бүгінгі таңда ақтық демі таусылып Тынық мұхитына батқан «Мир»-дің орнын Халықаралық ғарыш стансасы (International Space Station – ISS ) басқан. Жобаға 23 мемлекет – Аустрия, Бельгия, Бразилия, Ұлыбритания, Германия, Грекия, Дания, Ирландия, Испания, Италия, Канада, Люксембург, Нидерланд, Норвегия, Португалия, Ресей, АҚШ, Финляндия, Франция, Чехия, Швейцария, Швеция, Жапония қатысады. ХҒС жобасын 2020 жылдан кейін қаржылық жағынан ($100 млрд-дан $150 млрд-ға дейін) қолдауға Ресей, АҚШ, Жапония ғана ынта танытып отыр әзірге. Осы арада АҚШ конгресі біріккен бұл жобаға о бастан (1993 ж.) қарсы (215 қарсы, 216 жақ) шыққанын ашып айтайық. Ресейліктер ХҒС-ны салуда Америка жағынан несие алып қойған-ды... Ғарыш туристерінің 20-30 миллион доллары стансаның жыртығын жамауға жетпейтін түрі бар. 60-шы жылғы бәсекелестік ұмытылған. Екі елдің ғылыми сарапшылары бірауыздан стансаға адам ұшырудан гөрі навигациялық, метеорологиялық, әскери мақсаттағы жер серіктерін ұшыру, тіпті роботтық техниканы пайдалану әлдеқайда қаржылық үнем жасар еді дейді. Көлемі футбол стадионындай (109м х 73м х 27м), салмағы 417 тонна стансада басымдыққа ие байырғы екі бәсекелестің арасын қазір ғарыштық беларқа темір фермасы ғана бөліп тұр.
...Жұлдызы жамыраған түнгі аспан күмбезіне уақыт тауып, зерлеп көз салыңызшы. Шығысты бетке алып сырғи жүзген шоқжұлдызды көресіз. ХҒС – сол, адамзат жаралғалы бергі әлемдегі ең қымбат халықаралық жобаның жемісі. Жер шарын небәрі 92 минутта бір айналып шығады. Ресейлік немесе америкалық сегменттен ашық кеңістікке шыққан ғарышкер, әдеттегідей монтаждау жұмысымен айналысып стансамен бірге жұлдыздай ағып бара жатуы да мүмкін-ау?!