Қазақстан – жаһандық бәсекеде ауыл шаруашылығы арқылы да көш басында жүруді көздеп отырған ел. Бірақ біз үміт күткен саладағы кей мамандардың табысын естігенде көңіл құлазиды. Сондай мамандардың қатарына мал дәрігерлері де кіреді. Олардың табысы тым төмен.
«Біз жұмыс істейтін коммуналдық қазыналық кәсіпорын 2013 жылы құрылған. Содан бері мал дәрігерлерінің жалақысына бір тиын қосылған жоқ. Ол кезде нан 45 теңге, бензин 65 теңге болатын, қазір нанның бағасы – 100 теңге, бензин – 170 теңге. Жалақыны неге қоспайсыңдар деп сұрасақ, «сендер келісімшартпен жұмыс істейсіңдер, істегілерің келмесе, жүре беріңдер» дейді. Қысы-жазы малмен алысу оңай ма? Жұмысымыз қиын, жалақы төмен. Бізге жас мамандар мүлде келмейді» дейді шалғайдағы, шекара шебіндегі Катонқарағай ауылдық округінің мал дәрігері Қайнар Қсекин.
Құлағалы тұрған ғимаратта отыр
Жалақы демекші, Катонқарағай ауданының мал дәрігерлерінің алатын жалақысы өңірдің өзге аудандарымен салыстырғанда да мандымай отыр. Өзге аудандардағы мал дәрігерлерінің жағдайына сәл кейінірек тоқталамыз. Қазіргі уақытта бұл ауданның ауылдық округтеріндегі мал дәрігерлік коммуналдық қазыналық кәсіпорын меңгерушілері 80 мың теңгенің көлемінде жалақы алса, мал дәрігерлері 60 мыңның айналасында, ветеринар-санитарлар 50 мыңға жетер-жетпес айлық алады екен. Бұл – Катонқарағай аудандық ветеринария бөлімінің басшысы Рақымғали Байгереевтің айтқаны.
Жақында Катонқарағай ауданына жұмыс сапармен барғанымызда, Катонқарағай ауылындағы ветеринарлық бөлімше ғимаратының жағдайын көріп, көңілімізге кірбің түскені рас.
Елдің малының ауру-сырқауын тексереміз, ен-таңбасын саламыз деп қысы-жазы тыным таппайтын мал дәрігерлері жағдайының қаншалықты деңгейде екендігіне, оларға қаншалықты дәрежеде көңіл бөлініп отырғанына осы ғимараттың өзі-ақ көзімізді жеткізгендей болған. Іргетасы іріп, қабырғасы шіріп тұрған қорасын айтпағанда, мал дәрігерлері жұмыс істейтін бөлмелерінің өзі әбден тозған екен.
Отыратын үстел-орындықтары да ескіріпті. Іргетасы қопарылып түсе бастаған ғимараттың сыртқы көрінісі көзге қораш көрінеді.
«Ғимарат ескі. Осыдан бірнеше жыл бұрын сатып алынған. Қыстай жел соғады. Іші тастай. Тастай болса да тастай қатып отыруға тура келеді. Өйткені біздің коммуналдық қазыналық кәсіпорынға Катонқарағай ауылын қосқанда 5 ауыл (Шыңғыстай, Қабырға, Жаңа үлгі, Мойылды) қарайды. Келімді-кетімді кісі көп. Кейбір таныстарымыз «Сендер өзі қайда отырсыңдар?! Сиыр қорада отырсыңдар ма, тауық қорада ма?» дегенде кірерге тесік таппай қаламыз. Ғимаратымыздың іші-сырты тұтас жөндеуге сұранып тұр. Жөндеп берсе жақсы болар еді» дейді Катонқарағай ауылындағы ветеринарлық бөлімшенің меңгерушісі Ерік Кітапбаев.
Естеріңізде болса, былтыр осы Катонқарағай ауданының Кіші Нарын ауылының бір тұрғыны Сібір жарасынан көз жұмған-ды. Күллі ел құлағдар болған шетін жағдайдан кейін мал дәрігерлері дейтін момын халықтың бар екені, олардың бірнеше жылдан бері қыс мезгілінде үш ай ақысыз демалысқа кетіп жүргені аудан атқамінерлерінің естеріне түссе керек, былтырдан бері ақысыз демалыс алынып, катондық мал дәрігерлерінің көзі ашылыпты.
Айлықтың тағдырын аудан әкімі шешеді
Бір қызығы, қызығы емес-ау, шыжығы, аудандағы мал дәрігерлерінің алатын жалақысының көлемін аудан әкімдігі белгілейді екен. Нақтырақ айтсақ, аудан әкімі. Қысқасы, мал дәрігерлерінің тағдыры әзірге аудан әкімінің қолында тұр. Аудан әкімінің көңілі түссе жалақылары көтеріледі, көңілі түспесе осы кеткені кеткен секілді. Аудандық ветеринария бөлімінің басшысы Рақымғали Байгереевтің айтуынша, Катонқарағай ауданының әкімі Ренат Құрмамбаев шілде айында аудандағы мал дәрігерлерімен кездесіп, мұң-мұқтаждарына құлақ түріпті. «Расында, жалақы мәселесі өте өзекті. Басқа аудандарда мал дәрігерлерінің жалақысы жоғары, ветеринария бөлімінің меңгерушілері 100 мың теңгенің айналасында, мал дәрігері 80-90 мың, ветеринар-санитарлар 60-70 мың теңге мөлшерінде алады деп естиміз. Биылғы 1 шілдеден бастап елімізде ең төменгі жалақы көтерілді ғой. Өкініштісі, мұның мал дәрігерлеріне қатысы жоқ болып шықты. Алайда біздің аудан әкімі тамыздың 1-інен бастап аудандағы ветеринар-санитарлардың жалақысын 30 пайызға көтерді. 2020 жылғы қаңтардан бастап бөлім меңгерушілері мен мал дәрігерлерінің жалақысын да көтеруді жоспарлап отыр» деген ол аудандағы мал дәрігерлерінің жағдайы көңіл көншітпейтінін, 13 ветеринарлық бекеттің ғимараттары дұрыс жөндеу көрмегенін, оларға тиесілі 16 көліктің барлығына жөндеу, басқа да жұмыстарды жүргізу үшін жылына бар болғаны 550 мың теңге қаржы қарастырылғанын жасырмады.
Аудандағы мал дәрігерлерінің басын қатырып, балтырын сыздатқан, сұрағы бар, жауабы жоқ мәселе көп. Олар төрт түлікке ғана емес, көшедегі қаңғыбас иттерге де жауапты көрінеді. «Ауыл әкімдерінен көшедегі итті атыңдар деген хат келіп тұрады. Түз тағысы емес, ит даладан келмейді ғой. Ауыл әкімдері мен учаскелік инспекторлар халыққа үгіт-насихат жұмыстарын дұрыс жүргізбейді. Жүргізсе жұрт итін байлап ұстап, мұндай әңгіме шықпас еді. Негізі ауыл ішінде, халық, бала-шаға жүрген жерде ит атуға болмайды. Итті ататын құрылғы қауіпті. Итті атқанда ине шаншылады. Ит құлағанда ине түсіп қалады. Артынан инені іздеп жүргенің. Құдай сақтасын, әлгі инені бір бала ұстайтын болса, ешқандай дәрігер көмектесе алмайды. Дұрысы, итті ататын арнайы ұйым болуы керек» дейді Қ.Қсекин.
Жә, осымен катондық мал дәрігерлерінің сан тарау мәселесін доғара тұрып, өңірдің басқа аудандарындағы мал дәрігерлерінің жалақысына келейік. Ал Жарма ауданында мал дәрігерлері 90 мың, ветеринар-санитарлар 45 мың теңге жалақы алады екен. Жарма аудандық ветеринария бөлімінің басшысы Нұрлан Ильясов ауданда мал дәрігерлерінің жалақысы өткен жылы көтерілгенін айтады. Аудан бюджеті есебінен. «Біздің білуімізше, мал дәрігерлерінің жалақысы әр ауданда әртүрлі. Бір ауданда 50, екіншісінде 60, басқасында 70 мың дегендей. Бір ізге түсіріп, бәрін бірдей қылса жақсы-ақ болар еді. Біздің ауданға келсек, мал дәрігерлеріне барлық жағдай жасалған. Астыларында «Нива», отыратын бөлмелерінде тоңазытқыш» дейді ол.
Түйін
2017 жылы аймақта ветеринария саласындағы жұмыс берушілердің өңірлік қауымдастығы құрылыпты. Қауымдастық төрағасы Амангелді Мұсанбаевпен пікірлескенімізде, осы саладағы түйткілді мәселелерге қаныға түстік. Оның пікірінше, мал дәрігерлерінің мәртебесін өсіру үшін ең әуелі олардың жалақысын көтеру қажет. Екінші, мал дәрігерлерінің жұмыс жүктемесін анықтау керек. Үшінші, оларға мемлекеттік қызметші мәртебесін берген дұрыс. Төртінші, жас мамандарға тиісті жағдай жасау. Үй, жер беру, көтерме ақы төлеу. «Мал дәрігерлерінің мәселесін қолдан келгенше әртүрлі деңгейде көтеріп жатырмыз. Бәрі құлағдар. Біз Семейдегі Шәкәрім университетімен бірлесе арнайы зерттеу, хронометраж жасадық. Сонда көз жеткізгеніміз, бір мал дәрігеріне 850 ауылшаруашылық құрылымы, жеке шаруашылықтағы 750 бас мал келеді екен. Бұрын мал дәрігерлеріне жақсы жеңілдік жасалатын, үй берілетін. Осыны қайта жандандыру қажет-ақ. Қазір бес мал дәрігерінің орнына екі мал дәрігері жұмыс істеп жүр. Себеп белгілі. Біздің ойымызша, мал дәрігерлерінің жалақысы ең аз дегенде 100-110 мың теңгеден кем болмауы керек. Қауымдастық тарапынан өңірдегі ветеринар жетіспейтін шаруа қожалықтарының басшыларына «жас мамандарды оқытуға көмектесіңіздер, үй алып беріңіздер» деген ұсынысымызды айтып жатырмыз. Тағы бір түйткіл, мал дәрігерлерінің мәртебесі анықталмаған. Осы мәселені де бір жақты етіп, бәлкім мемлекеттік қызметшілермен теңестіру қажет шығар» деген қауымдастық төрағасы көрші Ресей мен Қырғызстанда мал дәрігерлері күні бекітілгенін, осындай мереке біздің елге де қажеттігін жеткізді.
Шығыс Қазақстан облысы