Қоғамдық денсаулық сақтау ұлттық орталығының хабарлауынша, ана сүті балаларды семіздіктен қорғайды. Балалар семіздігінің таралуы бойынша бұл тұжырымды Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының елімізде және Еуропаның бірқатар елдерінде жүргізген зерттеулерінің (COSI, Childhood obesity Surveillance Initiative, 2015-2017 жылдар аралығында) нәтижелері растады. Яғни, зерттеу барысында ана сүтін ембеген немесе сирек емген балалардың семіздікке көбірек ұшырайтыны анықталды.
«Бала ұзақ уақыт емген сайын, семіздіктің пайда болу қаупінен қорғанады. Бұл ақпарат семіздіктің алдын алу бойынша шараларды нығайтуға мүмкіндік береді. Сондықтан біз өңірде ана сүтімен емізуді қолдап, ауқымын кеңейту үшін барлық жағдайды жасауымыз қажет», дейді Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы Еуропа өңірлік бюросының Жұқпалы емес аурулардың алдын алу және өмірдің барлық сатысында денсаулықты нығайту бөлімінің директоры д-р Bente Mikkelsen.
ДДСҰ сәбиді дүниеге әкелгеннен кейінгі алғашқы алты айында тек ана сүтімен емізуге кеңес береді. Содан соң екі немесе одан үлкен жасқа дейін әрі қарай емізе отырып, қосымша тамақтандыру қоспаларын беруді ұсынады. Халықаралық ұйымның бастамасы бойынша, 170 елде, соның ішінде Қазақстанда 1-7 тамыз аралығында Дүниежүзілік ана сүтімен қоректендіру апталығы өтті. Аталған шараның мақсаты – сау бала үшін ана сүтінің пайдасы туралы әйелдерге ақпарат беру. Өйткені дәрігерлердің айтуынша, ана сүтінде баланың толық дамуына қажетті барлық пайдалы заттар: майлар, нәруыздар, көмірсулар, су, дәрумендер және минералдар бар. Оның құрамындағы табиғи антиденелер жаңа туған нәрестенің иммунитетін нығайтады, балалар ауруынан сақтауға көмектеседі. Яғни, еметін балаларға суық сирек тиеді, жасанды сүтпен қоректенетін балаларға қарағанда жұқпалы ауруларға, диарея, аллергияға да шалдыға бермейді. Бұдан бөлек, ана сүтімен емізу балаға анасына деген жақындықты, мейірімділік пен жайлылықты сезінуге ықпалдасады.
Еуропа бюросының жұқпалы емес аурулардың алдын алу және күресу жөніндегі басшысы Жоао Бреда COSI ретінде белгілі балалар семіздігіне эпидемиологиялық қадағалау жасау бойынша ДДСҰ бастамасына жетекшілік етеді. Ол аталған ұйымның ана сүтімен қоректендіруді қолдауы семіздіктің алдын алуға және Еуропа өңірінде балалар семіздігі мәселесінің оң шешімін табуға көмектесетінін айтады. «Емшек сүтімен қоректендіруді көтермелеу жөніндегі ұлттық стратегиялар кейбір елдерді семіздікпен күресуде жақсы нәтижелерге әкелуі әбден мүмкін», дейді д-р Жоао Бреда.
COSI 4-раундының шеңберінде Қоғамдық денсаулық сақтау ұлттық орталығы жүргізген зерттеуге сәйкес, ешқашан ана сүтін ембеген немесе алты айдан аз емген балалар арасында алты айдан аса емген балалармен салыстырғанда, семіздіктің көбірек таралғаны байқалды. COSI 10 жыл бұрын 6-9 жас аралығындағы балаларда артық салмақ пен семіздіктің таралуын бағалау және өзгерісін мониторингілеу мақсатында құрылған болатын. Содан бері 40 елден аса, жарты миллионнан астам балалар арасында деректерді жинақтаудың 5 раунды өткізілді. Артық салмақ пен семіздіктен қорғаудан бөлек, ана сүтімен қоректендірудің көптеген артықшылығы бар. Ана сүті баланың сенсорлық және танымдық дамуына оң ықпалын тигізеді, түрлі балалар ауруынан болатын нәрестелер өлімін төмендетуге, сондай-ақ аурудан ертерек сауығуға ықпалдасады. Кейбір зерттеулер көрсеткендей, ана сүтімен емізу баланың когнитивтік қабілеттерін жақсартады, сонымен қатар бала өсе келе оның дамуында және оқуында кездесетін мәселелердің пайда болу қаупін төмендетеді.
Ана сүті ананың денсаулығы үшін де өте пайдалы. Жаңа туған нәрестені ана сүтімен емізетін аналар босанғаннан кейінгі күйзеліске сирек шалдығады. Емізу аналық без, сүт безі обырының даму қаупін төмендетеді, босанғаннан кейін ананың салмағын азайтуға ықпалдасуы мүмкін, сондай-ақ баланы тамақтандырудың сенімді және қоршаған орта үшін қауіпсіз тәсілі болып саналады.