«Кәсіпкерлік және бизнес негіздері» пәнін оқытуды жоспарлаған мектептер, колледждер және университет мұғалімдері мен оқытушылары «Атамекен» кәсіпкерлер палатасының арнайы қысқа мерзімді курстарына қатыспақ. Оқу екі ағымда 19-29 тамыз бен 2-13 қыркүйек аралығында өтеді.
Оқыту барлық бағыттар бойынша бір уақытта басталды. Бұл 96 мектеп мұғалімдері, 47 колледж оқытушылары және 29 жоғары оқу орнының оқытушыларын қамтиды. Мұғалімдермен жұмыс істеуге белсенді кәсіпкерлер, бизнес-жаттықтырушылар, тәлімгерлер тартылды. Оқу тек курстармен шектелмейді. Оқушылар мен оқытушылар atameken.com онлайн платформасында қосымша білім ала алады.
Оқытушыларды даярлау 2019 жылдың 1 қыркүйегінен бастап 10-сынып оқушыларының сабақ кестесіне жаңа «Кәсіпкерлік және бизнес негіздері» элективті пәнін енгізу аясында жүзеге асырылады. Сонымен қатар кәсіпкерлік негіздерін мемлекеттік колледждер мен жоғары оқу орнының жоғарғы курс студенттері оқитын болады. Жоба «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасының бастамасымен және Білім және ғылым министрлігінің қолдауымен жүзеге асырылды. Жобаның мақсаты – өскелең ұрпақ арасында іскерлік ойлауды қалыптастыру, сонымен қатар жаппай кәсіпкерлік идеяларын кеңінен таныту.
«Кәсіпкерлік негіздері» пәні – Қазақстандағы кәсіпкерлік сауаттылық деңгейін арттыруға мүмкіндік беретін жүйе. Пән аптасына 2 рет оқытылады. Жылына – барлығы 68 сабақ. Оның 30%-ы – теория, 70%-ы – практика. Бағдарлама теориялық зерттеулерден, ойын түріндегі практикалық сабақтардан, бизнес жағдайларын талдаудан және бизнес ойындардан тұрады. Мұғалімдер үшін семинарлар ұйымдастырылады. Бизнес-тренерлер мұғалімдерді «Кәсіпкерлік негіздері» курсымен толық таныстырады.
«Қазір жас ұрпаққа кәсіпкерлік және қаржылық менеджмент туралы білім қажет. Басқа ешқандай пән оқушылар мен студенттердің кәсіпкерлік негіздері туралы ойын қалыптастыра алмайды. Өткен жылы жаңа пән қанатқақты режімде еліміздің он жеті мектебінде оқытылған болатын. Ақтөбеде апробация №20 мектеп-лицейде өтті», деді Кәсіпкерлер палатасының директоры Анар Даржанова.
Ақтөбе