Қарағанды облысындағы Шет ауданында «Рухани жаңғыру» бағдарламасы бойынша төл тарихымызда айшықты із қалдырған батыр бабаларымыздың, ақын-жырауларымыздың есімін жаңғырту бойынша жұмыстар жүйелі түрде жүргізіліп келеді.
Таяуда патшалық Ресейдің отарлау саясатына қарсы күрескен Кенесары ханның қол бастаған батыры Ағыбай Қоңырбайұлының кесенесіне ескерткіш белгі қойылды. Биіктігі 2 метр, ені 70 см болатын қара гранит тасқа «Қазақстан Республикасы. Ақжолтай Ағыбай батыр Қоңырбайұлы. 1802-1885. Ханның барлығы Абылай емес, Батырдың барлығы Ағыбай емес. Халық сөзі. Ескерткіш мемлекет қорғауында» деген сөздер латын әріптерімен қашап жазылған.
Шет ауданының әкімі Марат Жандәулетовтің айтуынша, батырға белгітас облыс басшысы Ерлан Қошановтың тапсырмасы бойынша қойылыпты.
– Ауданымызда ұлылар есімін ұлықтау, тарихи мұраларымызды өскелең ұрпақ санасында жаңғырту сынды тағылымы мол істерге ерекше көңіл бөлінеді. Мысалы, былтыр аудан орталығында Дербісәлі батыр Айдаболұлына ескерткіш бюст орнатылды. Ал биыл Шортанбай жырау Қанайұлы атындағы саябақ абаттандырылып, аудандық мұражай ішінен зар заман ақынына арналған арнайы бөлме ашылып, мазарының басына күмбезді белгі қойылды. Сондай-ақ атақты батыр Жидебай Қожаназарұлы атындағы саябақ та ретке келтіріліп, мазарының айналасына халықтың сұрауы бойынша күн көзінен қуат алатын көше шамдары орнатылды, – дейді аудан әкімі.
Еске салсақ, Ағыбай батырдың кесенесі Киікті ауылынан 60 шақырым жерде, Тайатқан-Шұнақ тауының маңында орналасқан. ХІХ ғасырдың сәулет өнері ескерткіштерінің бірінен саналатын жалғыз бөлмелі, күмбезді кесененің ішінде 12 адам жерленген. Батырдың қабірі бейіт түкпіріндегі солтүстік-батыс жақтағы бұрышта екінші болып жатыр.
Қазіргі таңда Ағыбай Қоңырбайұлы кесенесінің басында шырақшы отырады. Ақжолтай батырды әулие тұтып, оның рухына тағзым етіп, мазарына баратындардың қарасы да жылдан-жылға молайып келеді.
Қарағанды облысы