• RUB:
    5.39
  • USD:
    474.62
  • EUR:
    517.19
Басты сайтқа өту
Аймақтар 21 Тамыз, 2019

Арыстың балалары Балқашты аралады

283 рет
көрсетілді

Бұдан бұрын хабарлағанымыздай, Арыс қаласының 200 оқушы баласы Қарағанды облысындағы Бектау ата тау шатқалындағы «Факел» сауықтыру лагерінде демалып жатыр.

Таяуда «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында Балқашқа экскурсия ұйымдастырылып, кішкентай қонақтар көл жағасындағы металлургтер шаһарының тарихымен танысып, қаланың көрікті жерлерін аралап, мәдениет және сәулет ескерткіштерін тамашалады.

– Балқашқа алғаш рет табан тіреген Арыс балалары қаланың қалыптасу тарихымен танысуға мүмкіндік алды. Олар бұл экскурсиядан бірталай жағымды әсер алды деген сенімдеміз, – дейді шараны ұйымдастырушылардың бірі, Шашубай кентіндегі «Мектеп-балабақша кешені» базасындағы тірек мектебінің директоры Айман Түкбаева.

Экскурсия барысында балалар Балқаш қалалық тарихи-өлкетану мұражайында болды. Одан кейін қаланың көне ғимараттарының бірі –М.Хамзин атындағы металлургтердің мәдениет сарайын аралап көрді. Осы жерде олар атақты күйші Мағауия Хамзин туралы қызықты деректермен танысты. 

Экскурсиялық турдың соңына қарай Арыстың балалары Балқаш көлінде шомылып, күнге қыздырынды, естелік суреттерге түсті.

Еске салсақ, осыдан біраз бұрын облыс әкімі Ерлан Қошанов бастама көтеріп, Арыстың  оқушы балаларын Балқаш қаласының маңындағы Бектау ата шатқалында орналасқан «Факел» сауықтыру лагеріне демалып қайтуға шақырған болатын.  

 

Қарағанды облысы