Жаңа оқу жылына санаулы күндер қалғанына қарамастан мектептерді жөндеумен айналысатын құрылыс ұйымдарының жайбасарлығы қарын аштырады. Оны БАҚ өкілдерімен өткізген брифингте облыстық білім басқармасының басшысы Гүлмира Кәрімова да айтады.
Оның айтуынша, мектептердегі оқушылар саны 70 мыңға жуықтап, 9 мыңнан астамы бірінші сынып табалдырығын аттамақ. Бала санының азаюына байланысты 7 бастауыш мектеп жабылып, осынша мектеп негізгі және бастауыш білім ошағына айналдырылған. Саланы қаржыландыру мөлшері 30 млрд теңгені құрап, 18 пайызға ұлғайған. Өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуының үш жылға арналған кешенді бағдарламасы шеңберінде 120 білім ордасын жөндеу белгіленген. Бірақ қарастырылған қаржы артылып қалғандықтан тағы 17 мектепті жөндеуге конкурс ұйымдастыру ұйғарылған.
– Конкурс жарияланған соң тендер ережесі бойынша 30 күн мемлекеттік сатып алулар сайтында тұруы тиіс. Бұдан тысқары конкурстық шарттарды рәсімдеуге 20 күн кетеді. Осы себепті тізімге кеш қосылған мектептерді жөндеу кестеден қалып келеді. Ғ. Мүсірепов атындағы ауданның екі мектебінің оқушылары оқуды мәдениет үйінде жалғастыратын болады, деген Гүлмира Райынбекқызы Жамбыл ауданы Кладбинка мектебінде орын алған оқыс оқиғаны түзетуді құрылыс мекемесі өз міндетіне алғанын жеткізді. Онда жаңбыр жауып, шатырға зақым келсе керек.
Мұндай оралымсыздықтар облыс орталығында да кездеседі. Қалалық білім бөлімінің мамандары бес мектепте құрылыс жұмыстарының кешеуілдеп отырғанын айтады. Әсіресе, апаттық деп танылған Қожаберген жырау атындағы №6 қазақ мектебінде жағдай әлі дабыл қағарлық. Тендер жыл басында өткізіліп, қазынадан 98 млн теңге бөлінгеніне қарамастан «Еңбек-Қызылжар» кәсіпорны өз міндетін жұмыс күші, кәсіби мамандары жетіспейтін қосалқы мердігерге арта салғаны байқалады. Ата-аналардың шағымы бойынша осында болғанымызда құрылысшылардан гөрі мұғалімдердің көптігі, мердігердің сылбыр қимылы салдарынан ұстаздар қауымының қолбала құсап жұмысқа тартылғанын байқадық. Таң атқаннан кеш батқанға дейін еден жуу, жиһаз тасу, басқа да ұсақ-түйек шаруаларға «жегілуіне» қарағанда әдет болып кеткен сықылды. Әлде Президенттің Тамыз кеңесінде жүктеген талаптарының өңірге қатысы жоқ па? Мемлекет басшысы өз сөзінде ұстаз – әрқашан ілім мен ізгілікті алға тартатын тұлға, ұлағатты ұрпақ тәрбиелеу – аса жауапты әрі күрделі жұмыс екенін қадап айтқан болатын.
«Мердігерлердің оралымсыздығынан уақытымызды еш етіп, салпақтап жүргенімізге бірнеше ай болды. Алатын жалақымыз онсыз да мардымсыз. Қит етсе, міндетің деп шыға келеді. Тым болмаса 10-15 күн бұрын тап-тұйнақтай әзірлеп қойса, бір сәрі. Алғашқы қоңырау мерекесіне үлгермек ниетпен асығып-үсігіп сапасыз салынып жатқанын бәрі көріп-біліп отыр. Әйтеуір бітірсе деген пиғыл басым. Біздің бала-шағамыздың қамы, мектепке баратынын кім ойлайды? Кешке таман әкімдіктің басшылары дігірлеп жетіп келеді. Бәрі директорға, мұғалімдерге ғана қожа, би. Жүйкемізге әбден тиіп бітті», деді бізге аты-жөнін атамауды өтінген жұмысшылардың бірі. «Еңбек-Өскемен» құрылыс компаниясы да мимырт жүрісінен аса алмай келеді. Соған қарағанда құрылысы сағыздай созылған мектептер оқушыларды қабылдамақ түгіл етек-жеңін жинай алмай қалуы мүмкін. Дарынды балаларға мамандандырылған «ЛОРД» лицейіндегі жөндеу жұмыстары қазан айына дейін жалғасуы әбден ықтимал.
Жыл өткен сайын Қожаберген жырау атындағы мектепте оқушылардың саны көбейіп, білім беру үрдісін үш ауысымда ұйымдастыруға мәжбүр. Тығырықтан шығудың бірден-бір жолы – «Жас өркен» шағын ауданында қоңыр күзге таман пайдалануға берілетін 900 орынды мектепке көшіру. Бірақ мұндай қадамға жергілікті биліктің аяқ баспауы, бастапқыда көшіреміз деген құдайы уәдесінен тайқып кетуі түсініксіз. Ата-аналардың ендігі бар үміті облыс әкімінде.
Қолдарына қалақ ұстап, қабырға сыламаса да, құрылысшылардан бір мысқал қалыспай жүрген ұстаздар жөндеу жұмыстары шатқаяқтап жатқан басқа мектептерде де аз емес.
Солтүстік Қазақстан облысы