«ҚазТрансОйл» АҚ жас мамандары Ақтау қаласында бас қосты. Үш күнге созылған форумда жас буын еліміздегі бірегей ұлттық мұнай тасымалдау компаниясының даму болашағын талқылады. Форум аясында өткен «Болашақ бүгіннен басталады» атты конференцияға «ҚазТрансОйл» АҚ бас директоры Димаш Досанов қатысты. Еліміздің түкпір түкпірінен келген жігерлі, жан жақты, білікті жүз жас маман ток-шоу форматында компания басшысына өздерінің сауалдарын қойып, жұмыс процессіне цифровизация мен роботизацияның әсері туралы жан-жақты мәселелерді талқылады.
- Бүгінде ҚазТрансОйлда 32 жасқа дейінгі 1213 жас маман жұмыс істейді. Компания жастарға үлкен үміт артады. Оларды қолдау мақсатында арнайы Жол картасы әзірленді. Кешенді құжатта жастардың кәсіби дамуы, инновациялар және технологиялар, қауіпсіздік мәдениеті, патриоттық тәрбие, салауатты өмір салтын насихаттау, қайырымдылық, студенттерді қолдау сияқты жастардың дамуына ықпал ететін басым бағыттар қарастырылған. Бүгінде компанияда кадрлық резерв саясатын жетілдіру жоспарланып отыр. Кадрлық резервке қабылдау бойынша жасқа шектеу қойылмайды, дегенмен таңдау кезінде болашағы зор жас мамандарға басымдылық беріледі, деді бас директор Димаш Досанов.
Айта кету керек, Жастар жылына орай «ҚазТрансОйл» АҚ 5 жылға есептелген ауқымды жобаны бастап кетті. Еліміз бойынша жаз бойы 400-ден астам колледж және жоғары оқу орындарының студенттері өндірістік тәжірибеден өтуде. Кәсіби тұрғыдан дамуға мүмкіндік алған колледж оқушыларына компания 70-80 мың, ал университет студенттеріне 100-120 мың теңге көлемінде шәкіртақы төлеуде. Бұл да жастарға жасалған қамқорлық.
Конференция аясында «ҚазТрансОйл» АҚ бас директорының орынбасары Орал Идырысов, «Самрұқ-Қазына» АҚ трансформация жобалары портфелін басқару департаментінің директоры Мадияр Сұлтанбек, «ҚазТрансОйл» АҚ пайдалану департаментінің жетекші инженері, жас мамандар кеңесінің төрағасы Данияр Смағұлов, «Самрұқ-Қазына» АҚ Корпоративті университетінің атқарушы директоры Дәурен Беспалинов, «Жас Өркен» бағдарламасының түлегі, «Самрұқ–Қазына» Корпоративті университетінің сараптама және роботизация орталығының сарапшы – менеджері Әділ Әбдіханов жас мамандармен сарапшы ретінде өз пікірлерімен бөлісті.
- Биыл мұнайлы өлкеде өтіп жатырған форумның мақсаты – озық ойлы, мықты жас мамандар буынын қалыптастыру. Олардың тың идеяларын бір арнаға тоғыстырып, жаңа бастамаларына қолдау білдіру – өте маңызды. Біздің болашағымыз – жастар. Компания оларға үлкен үміт артады, дейді компания бас директорының орынбасары Орал Идырысов.
Форум аясында өткен ғылыми-практикалық конференцияда жас рационализаторлар мұнай құбырларының ішкі бетінің коррозия процесстерін зерттеу, төмен температура жағдайында мұнай тасымалының тиімді тәсілдері, тағы да басқа ғылыми жобалыры туралы айтып берді.
Атыраулық Нұржан Қонарбаев мұнай құбырларын диагностикалауды компьютерлік бағдарламалау бойынша өз жобасын ұсынды. Маңғыстау мұнай құбыры басқармасының бақылау өлшеу аспаптары және автоматика маманы Сырым Әбдіжамал мұнай құбырларын тазарту құрылғыларына онлайн тәртібінде талшықты-оптикалық байланыс желісі арқылы мониторинг жасау жобасын басшылық назарына ұсынды.
Жалпы ғылыми конференция жаңа идеялар аз болған жоқ. Конференция жұмысына қатысқан «ҚазТрансОйл» АҚ бас директорының орынбасары Ален Таңатаров өндіріс үшін технологиялық және экономикалық тұрғыдан тиімді жобаларға компания қолдау білдіруге дайын екендігін атады. Техникалық саясат департаментінің басшысы Берік Саяхов жастардың тың идеяларына жоғары баға берді.
Форумда жастар «Көпшілік алдында сөйлеу мәнері», «Time management», «Ұқыпты өндіріс» тақырыбы бойынша тренингтерге қатысты. Бұдан өзге «Компания болашағын қалай көремін» тақырыбында эссе жазудан жарыс өтіп, жеңімпаздарға құрмет грамоталары табысталды. Олар: Маңғыстау мұнай құбыры басқармасының «Бейнеу» желілік өндірістік – диспетчерлік станциясының желілік мұнайқұбыршысы Төлеген Қылышбаев, батыс операторлық қызметтер басқармасы жоспарлау-экономикалық қызметі бастығының орынбасары Олжас Сыпатаев, тарифтерді реттеу департаментінің менеджері Дәулен Қабдушев, Құлсары мұнай құбыры басқармасы «Қосшағыл» өндірістік - диспетчерлік станциясының инженер – химигі Гүлшат Мұқанова, Жезқазған мұнай құбыры басқармасы магистральды құбырларды пайдалану қызметінің диагностика жөніндегі инженері Мейіржан Серіков, Қарағанды мұнай құбыры басқармасының ақпараттық жүйелерге қызмет көрсету бойынша учаске инженер – программисі Жұлдыз Қуанышбаева, Маңғыстау мұнай құбыры басқармасы магистральды құбыры пайдалану қызметінің инженері Мұхтар Рзиев, Маңғыстау мұнай құбыры басқармасы орталық химиялық зертхана меңгерушісі Дамиля Садақбаева, «Магистральды су ағызғысы» ЖШС «Қиғаш» бас сусорап станциясының апатты қалпына келтіру пунктінің шебері Артур Тілендеев, Жезқазған мұнай құбыры басқармасы кадр ызметінің басшысы Жанат Қазбеков марапатталды.
«ҚазТрансОйл» АҚ жас мамандар форумына Ақтөбе, Атырау, Қарағанды, Құлсары, Маңғыстау, Павлодар, Шымкент мұнай құбыры басқармаларынан, Шығыс және Батыс операторлық қызметтер көрсету басқармаларынан, «Ғылыми-Техникалық орталық» филиалы, «Магистралды су ағызғысы» ЖШС – дан - барлығы 100 жас маман қатысты.
Маңғыстау облысы