• RUB:
    4.97
  • USD:
    497.26
  • EUR:
    525.21
Басты сайтқа өту
Қоғам 26 Тамыз, 2019

«Тальго» пойызының жолсеріктеріне қатысты сот үкімін қайтарды

217 рет
көрсетілді

Қостанай облыстық сотының қылмыстық істер жөніндегі сот алқасының 22 тамыздағы қаулысымен «Тальго» пойызының жолсеріктері Ж.Умбеталиев пен Қ.Құрманиязға қатысты Қостанай қаласының №2 сотының үкімінің күші жойылып, қылмыстық іс прокурорға қайтарылды.

Бұған дейін Қостанай қаласының № 2 соты жолаушыны зорла­ған­ды­ғы үшін кінәлі деп таныл­ған Ж.Умбеталиев пен Қ.Құрманияздың әрқай­­сысын Қылмыстық Кодекстің 120-ба­­бы­ның 1-бөлімі бойын­ша 2 жыл 6 ай мерзімге бас бостан­ды­ғынан айырған болатын. Тиі­сін­ше, бұл үкімге қанағаттан­ба­ған Қостанай көлік прокуратурасы мен жәбірленушілер, сотталған Қ.Құрманияз бен сотталғандардың адво­каттары апеллияциялық шығым түсір­ген. Сөйтіп облыстық соттың қыл­мыстық істер жөніндегі сот алқа­сы қылмыстық істі қарай келе, Қыл­мыс­­тық-процессуалдық заң­на­ма­ның бұ­зыл­ғанына көз жеткізген. Оған қоса, сот алқасы тасымал­дау­шы компания мен прокуратураға же­ке-жеке сот қаулыларын шы­ғар­­ды.

Оның біріншісінде: «Елі­міз­де­­гі басқа да мекемелер сияқты «Қазақ­стан темір жолы» Ұлт­тық компаниясының өз миссия­сы бар. Бі­рінші – тасымалдау қауіп­сіз­ді­гін қамтамасыз ету. Екінші – жолау­шы­ларға сапалы қызмет көр­се­ту. Алайда, компания қызметіне қа­тысты қоғам тарапынан сыни пікір­лер жиі айтылуда. Оған себеп – компания басшылығының салғырттығы, жолсеріктердің өз істеріне жауапсыздығы. Жақында «Тұлпар-Тальго» жолсеріктерінің қылмыстық әрекеті жұртшылықтың ашу-ызасын тудырды. Осы істегі айыптау актісіне сүйенсек, олар жұмыс уақытында мейрамхана-вагонда болған. №6 вагонның жолсерігі Ж.Умбеталиев қоғамға қауіпті әрекет жасау мақсатында жәбірленушінің қасындағы жолау­шы­ны басқа купеге негізсіз ауыс­тыр­ған. Кейін сонда қалған әйелді зор­лаған. Бұл сорақылық аздай, Ж.Умбеталиевтен соң, № 19 вагон­ның жолсерігі Қ.Құрманияз ол әйелге сондай зорлық көрсеткен», деп жазылған.

Сонымен қатар қоғам назарын аударған бұл оқиға «Қазақстан темір жолы» басшы­лы­ғының жұмысындағы бірқатар кемшіліктің бетін ашып бергендігі көрсетілген.

«Біріншіден, компания бас­шы­лы­ғы жолсеріктердің жұмысына, мінез-құлқына жауапкершілікпен қарамаған. Екіншіден, формализмге бой алдырып, Ж.Үмбеталиев пен Қ.Құрманиязға бірдей, бір мазмұнда оң мінездеме берген. Мінездемеде оларды компания басшылары әбден мақтаған. Олардың бастамашыл екені, жұмыстарын жауапты, сапалы әрі ұқыпты орындайтыны айтылған. «Іскерлік қасиеттері, бел­сен­діліктері, кәсіби және ман­саптық өсуге ұмтылыстары, әріптестерімен, бас­шылықпен жақсы қарым-қаты­на­сы» атап көрсетілген. Екеуі де «сыйлы, әріптестерінің ақыл-кеңес­тері мен ұсыныстарына ден қоя­ды, еңбек тәртібін сақтайды» деп жағымды сипатталған. Мұндай оң мінездемелер жазаны жеңілдететін мән-жайлар болып саналады. Сон­дық­тан сот ҚК-нің 55-бабы, 2-бөлігін қолдануға мәжбүр болды. Осылайша сот 5 жылдың орнына 2,5 жыл мерзім белгіледі. Сот алқасы осындай қылмыстарға жол бермес үшін компания басшылығы еңбек тәртібі мен тәрбие мәселесіне терең мән беруі қажет деп санайды» делінген қаулыда.

Сондықтан да сот алқасы «Қа­зақстан темір жолы» Ұлттық ком­па­ниясының басшылығы жолау­шы­ларға қауіпсіз және сапалы қыз­мет көрсетуде қызметкерлері арасында профилактикалық-тәрбие жұ­мы­сын жүргізуге назар аударсын деп есептейді.

Ал прокуратураға бағытталған екінші жеке қаулыда: «Осы қыл­мыс­тық іс бойынша сот үкімі қоғамда алаңдаушылық пен келіспеушілік тудырды. Мұндай қылмыс үшін қоғам қатаң жазаны талап етуде. Бірақ Қылмыстық кодексті өзгерт­пей, бұл проблеманы шешу мүмкін емес. Қылмыстық кодекстің 120, 121, 122, 123-баптарына сәйкес мұн­дай қылмыстар орта дәрежелі деп саналады.

Бұл дегеніміз: біріншіден, сот тағайындайтын ең қатаң жаза 5 жыл деген сөз. Одан сот аспауы тиіс. Бірақ ҚК-те 55-бап бар. Ол бойынша егер істе ауырлататын мән-жай болмай, тек жеңілдететін жағдай болса, онда тағайындалатын жаза одан да аз, 2,5 жылдан аспауы керек; екіншіден, жәбірленушіден келісім алып жатса, 68-бапқа сәй­кес, қылмыскер жазадан мүлдем құты­лып кетуі мүмкін; үшіншіден, ҚК-тің 72-бабына сәйкес қылмыскер жазаның үштен бірін өтесе, бостандыққа мерзімінен бұрын шыға алады; төртіншіден, егер қылмыскер жаза­ның төрттен бір бөлігін өте­се, онда сот қалған мерзімді айыппұлға немесе басқа жеңіл жазаға ауыстыруға құқылы; бесіншіден, ҚК-тің 55-бабына сәйкес, егер қылмыскер мүліктік шығынды, моральдық зиянды өтесе, онда сот оған бас бостандығынан айыру жазасын тағайындай алмайды.

Оған қоса, мұндай қылмыскерлер жазаны орта дәрежелі колонияда өтеуі тиіс. Одан қатаң режімді белгілеуге Қылмыстық кодекс судьяларға мүмкіндік бермейді. Жазаның жеңіл болуы қоғамның наразылығын тудыруда. Азаматтар соттардың осындай үкімдеріне қарсылық танытуда. Судьялар заңнан аса алмағандықтан, қыл­мыс­керлерге қатаң жаза бере алмайды. Егер судья қоғамның көңіліне қарап, заңға қайшы жаза қолданса, онда жоғары тұрған сот сатысы оны міндетті түрде бұзуға тиіс» делінген.

Сондықтан да мұндай қылмыс­тар­ды ауыр дәрежелі санатқа ауыс­тыру үшін Қылмыстық кодекске төмендегі өзгерістер ұсынылған:

1) ҚР ҚК-нің 120, 121, 122-баптарының бірінші бөлігі бойын­ша бас бостандығынан айыру жаза­сын 5 жылдан 7 жылға дейін қатаң­дату; 2) ҚР ҚК-нің 55-бабын жы­ныс­тық қылмыстар жасаған сотталушылар қолдануға тыйым салу. Сонда бас бостандығынан айыру жазасын бергенде судьялар «жартысынан аспау» деген шектеу міндетінен босатылады; 3) ҚР ҚК-нің 91, 93-баптарына жыныстық қылмыс жасағандарға мәжбүрлі химиялық кастрация жасау жазасын тағайындауды енгізу; 4) ҚР ҚК-нің 123-бабының екінші бөлігін «жәбірленушінің қыз­меттік тәуелділігін пайдаланып» деген қосымша саралау белгісімен то­лықтыру арқылы қатаңдату.

Судьяның пайымдауынша, егер мұндай қылмыстар орта дәре­же­ден ауыр дәрежеге ауыстырылса, онда қылмыс жасаған адамдар Қыл­мыс­тық кодексте қаралған біраз жеңіл­діктен айырылады. Осы арқы­лы сот адамдардың құқықтары мен заң­ды мүдделерін тиімді қорғай алады. Сондықтан да сот алқасы Бас про­куратура жанындағы Қыл­мыс­тық кодекстерді қолдану жөніндегі ведомс­твоаралық жұмыс тобы осы мәсе­лелерге назар аударуы қажет деп санайды.

Енді бұл жеке қаулылар бо­йынша атап көрсетілген мекемелер Жоғарғы соттың қылмыстық істер жөніндегі сот алқасына шағым және наразылық білдіре алады, бірақ қаулының нәтижелері мен қабыл­дан­ған шаралар туралы Қостанай облыстық сотына бір ай мерзімде хабарлауға міндетті.