Бүгінде шалғай ауылдардың тұрғындары арасында жергілікті билік өкілдеріне талап-тілектер жиі қойылады. Бұл кейде масылдық сананың бір сипаты іспетті көрініс тауып жатады. Осы орайда Жұрым ауылдық округіне қарасты Көлденең Темір ауылы азаматтарының ешкімнен ештеңе сұрамай, өз күштерімен көпір салып алуы өзгелерге үлгі боларлық қадам.
Аталған іске ауылдан алты шақырым жердегі кеңестік кезеңде салынған шағын көпірдің әбден ескіріп, тозығы жеткені себепші болды. Әсіресе көктемде су тасыған кезде және күздің жауынды-шашынды лайсаң уақыттарында жүлге сай өткел бермей көптеген кедергілер келтіріп жүретін. Соның салдарынан ауыл адамдары округ орталығына айналма жол арқылы қатынауға мәжбүр еді. Сондықтан тұрғындар өз араларынан қаражат жинақтап, оған қажетті материалдар сатып алды да, көпір салуға бір кісідей жұмыла кірісті.
Асарлатып салынған өткелдің сапасы да ұмыт қалған жоқ. Сөйтіп екі араға төрт қатардан тұратын темір тұрба төселіп, қуыстың бәрі қиыршық таспен толтырылды. Бұдан кейін оның үсті цементпен бекітілді. Сауабы мол істі ұйымдастыруға ауыл кәсіпкерлері Ғалымжан Нөкісов пен Қайрат Қалдығұловтар ұйытқы болғанын айта кетелік. Екі азамат көпір салуға жеке техникаларын жұмылдырды. Бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығарып, қарқынды қимылдаудың нәтижесінде көпір небәрі бес күннің ішінде салынып бітті.
Көлденең Темір ауылында 44 отбасы тұрады. Сапар барысында ауыл жастарының қалаға жұмыс іздеп кеткендіктен, туған топырақта негізінен егде тартқан ерлі-зайыптылар ғана қалғанын байқадық. Ауылдағы шағын жинақты мектеп балалар саны толмағандықтан екі жыл бұрын жабылып қалған екен. Ауылдық округтің орталығы Жұрымнан он сегіз шақырым қашықтықта орналасқан бұл ауылдың тұрғындары мал өсірумен айналысып, өз нәпақасын өздері тауып отыр. Соңғы жылдары олардың көңілін алаңдатып жүрген басты мәселенің бірі көпір болса, оны ешкімге міндетсінбей, өз күші, ақ адал еңбегімен-ақ салып алған кішкентай ауыл тұрғындарының өзара ауызбіршілігі қандай ілтипатқа да лайықты демекпіз.
Ақтөбе облысы,
Мұғалжар ауданы,
Көлденең Темір ауылы