• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
07 Ақпан, 2013

«Мұндай сүтті ешкіден де алуға болады ғой»

338 рет
көрсетілді

«Мұндай сүтті ешкіден де алуға болады ғой»

Бейсенбі, 7 ақпан 2013 7:34

Мал шаруашылығын қайтсек дамытамыз?

Ауыл шаруашылығы ғылымдарының докторы, профессор, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, Ұлттық ғылым академиясының академигі Көпмағамбет Елемесовтің есімі тек Қазақстанда ғана емес, сонымен қатар, шетелдік әріптестердің арасында да жақсы танымал. Ол Ресейдің, Тәжікстанның, Моңғолияның ғылым академияларының академигі.

 

Бейсенбі, 7 ақпан 2013 7:34

Мал шаруашылығын қайтсек дамытамыз?

Ауыл шаруашылығы ғылымдарының докторы, профессор, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, Ұлттық ғылым академиясының академигі Көпмағамбет Елемесовтің есімі тек Қазақстанда ғана емес, сонымен қатар, шетелдік әріптестердің арасында да жақсы танымал. Ол Ресейдің, Тәжікстанның, Моңғолияның ғылым академияларының академигі.

Көпағаңа табиғат-анамыз сымбаттылық пен деннің саулығын қатар дарытқаны бірден көзге ұрады. Ол бүгінгі жетпістің бел ортасына жеткен жасының өзінде бұрынғысынша әлеуетті де көрікті көрінеді және әлі де қызу еңбек үстінде. Ауыл шаруашылығы министрлігінің Мал шаруашылығы және ветеринария ғылыми-инновациялық орталығының бас ғылыми қызметкері ретінде білімі мен ғылыми және ұйымдастырушылық тәжірибесін таратуда.

Өзінің жастық жігерін сақтап қалуымен қатар заманмен аяғын қатар басқан, шетелдің бірқатар жоғары оқу орындарында оқып, білімін жетілдірген, ол білімін ел игілігі жолында белсенді пайдаланып келе жатқан және қашанда болсын оз ойын жасырмай айтатын ағамен әңгімелесудің сәті түскен еді.

– Көпмағамбет аға, сіз жарты ға­сырдан астам уақыттан бері еліміздің мал шаруашылығын дамыту ісімен үздіксіз шұғылданып келесіз. Оның өрлеу кезеңін де, құлдырау сәттерін де бастан кешірдіңіз. Талай жайт­тар­дың куәсі болдыңыз. Ендеше, еліміз­дегі мал шаруашылығының қазіргі даму жағдайын қалай бағалаған болар едіңіз?

– Бұл өзі жан ауыртатын өте бір тол­ғақты әңгіме. Құдайға шүкір деп ай­тайық, жалпы, еліміздің даму барысы, бо­лашаққа қарай бет алысы жаман емес. Тәуелсіздіктің осы бір 20 жылы ішінде небір керемет сәттерді бастан кешірдік. Тіпті, кейде осы түсім емес пе екен деп ойлап қалатындай да шақтар болды. Мына күннен-күнге жайнаған Астанамыздың ажарына қараңызшы. Дәл осындай келешек кескін кел­бе­тін­дегі сәнді қала қай елде бар? Мен өзім әлемнің бірқатар елдерінде, соның ішін­де, қазіргі өркениеттің бесігі саналып отырған Батыс Еуропа елдерінде болып, сол жақта арнайы курстарда оқыған адаммын. Сол елдердің атақты қалала­ры мен Астанамызды салыстыратын болсақ, маған бұл екеуі екі дүние­нің бел­гісіндей, екі заманның көріні­сіндей әсер етеді.

Міне, осы Астана қаласында халық­аралық деңгейдегі алқалы басқосулар жиі өте бастады. Әлемдік және дәстүрлі діндердің басқосуы тұрақты сипатқа айналды. ЕҚЫҰ-ның атақты саммиті өтті. Енді, 2017 жылы дүниежүзілік көрме де осында ұйымдастырылайын деп отыр. Осыдан ширек ғасыр бұрын тәуелсіздік мәселесіне қатысты, қаншама тәтті қи­ял­ға берілсек те дәл осындай болады де­ген өңіміз тұрмақ түсімізге де кірмес еді.

Демек, елімізде өрлеу-өркендеу жа­ғы мықты болып тұр. Мұны ешкім жоқ­қа шығара алмайды. Ал сіз менен мал шаруашылығының қазіргі жайын қалай бағалайсыз деп сұрап отырсыз. Шынын айтайын, егер мен мал шаруашылығы­ның қазіргі жағдайын жақсы бағалай­мын десем, сені былай қойып, құдай­дың алдында өтірікші болар едім. Оған менің арым жібермейді. Өйткені, кешегі кеңес өкіметінің тұсында, бұл саланың әбден дамығандығын көзіміз көрді. Сол тұста қой санын 50 миллионға жеткі­земіз деп дабылдаттық. Жайлаудың бар­лығы мал­ға толы болатын. Қазақстан мал шаруа­шылығының ауқымы жөнінен әлемдегі алдыңғы орындардың бірін еншілейтін. Елімізде ірі-ірі ет комбинаттары, сүт өнімдері зауыттары, жүнді бастапқы өң­деу фабрикалары жұмыс істейтін. Жылына жүздеген мың тонна ет пен сүт экс­портталатын. Былайша айтқанда, азық-түлік өнімдерімен 350 миллион хал­қы бар Одақты асырауға қосқан үле­сіміз мол болды.

Қазір енді осылар бар ма? Әрине, жоқ. Мұның өзі елімізде мұнай мен газ, сауда, банк, құрылыс, кәсіпкерлік, тау-кен металлургия салалары бойынша прогресс бар екенін көрсетсе, мал ша­руа­шылығы жөнінен регреске түскен­дігімізді анық байқатады.

– Қатты кеттіңіз ғой, тіпті. Қазір мал шаруашылығы саласында көп­теген ірі жобалар жүзеге асырылып жатқан жоқ па? Төрт-бес жылдың ішінде шетелдерден 70 мың бас асыл тұқымды сиыр сатып әкеліп, ет экспортын жолға қоймақпыз. Мұны прогресс деп айтуға болмай ма?

– Әрине, 1997-2000 жылдар ара­лы­ғын­дағы кезеңмен салыстырсақ, мұның прогресс екендігі анық. Бірақ, біздегі мал шаруашылығының бір кездегі же­тістіктерімен салыстырғанда, біз әлі де құлдыраудан толық айығып отырған жоқпыз. Қазіргі жағдайлардың барысымен алғанда, мен тіпті, еліміздегі мал шаруашылығының болашағы бұлыңғыр деп есептеймін. Өйткені, еліміздің бас­ты байлығының бірі саналатын жүз­деген миллион гектар жеріміз игерілмей бос жатыр. Мал шаруашылығына еш­кімнің барғысы келмейді. Егер жағдай осылай бола берсе, біз ертеңгі күні мал бағатын адам таба алмайтын боламыз. Қазір дүние жүзінде жер бетіне адам сыймай барады. Міне, осындай шақта Қа­зақстанның көп жерінің бос жа­туы­ның өзі, шынын айтайын, көңілге алаң туғызбай қоймайды.

Алла тағала бізге бұл жерді мал өсіру үшін берген. Қазақ жерінде қан­дай ауыр жұт болса да, артынша сайын даламыз қайтадан малға толып отырған. Неге десеңіз, көп жері шөлейт, құмды келетін даламыз мал өсіруге, құнарлы ет өңдеуге өте қолайлы. Бұл жерде, қазіргі күні адамзат қауымы зәру болып отырған дәмі тіл үйіретін қоспасыз сапалы ет пен сүт өндіруге болады. Алланың берген осы артықшылығын пайдалана алмай отырғандығымыз өзек­ті өртейтін жайт.

Қазір осы Астананың ірі-ірі сауда дүкендеріне барып бас сұғып көріңізші, дүкен сөрелерінің азық-түлік тауарларына, дайын тағам түрлеріне толып тұрғандығын көріп, көңілің қуанып қа­лады. Ал енді сол тауарларды алып қа­рай бастасаңыз, барлығы де­­мейік, көп­шілігі шетелден келген өнім­дер. Осыны көргенде, жаңағы қуанған көңілің су сепкендей басылады. Өйткені, азық-түлік қауіпсіздігі деген бар. Әлем ха­лықтары үшін бұл қауіпсіздік түрінің маңызы өте зор. Өйткені, қазіргі күні жер бетіндегі адамзат саны жеті мил­лиардқа жуықтап келе жатса, соның екі миллиардқа жуығы азық-түліктің жетіс­пеушілігінен ашыға бастаған. Демек, азық-түлік қауіпсіздігі дегеніміз, ел тәуелсіздігінің басты барометрлерінің бірі. Сондықтан, кез келген ел, ең алдымен, өздерін азық-түлік өнімдерімен жеткілікті түрде қамтамасыз етуге ұм­тылады. Ал дүкен сөрелерін жаулап ал­ған шет елдік өнімдер бізде осы мәсе­ленің әлі де болса дұрыс шешілме­ген­дігін, тіпті Кеден одағының аясында бірі­гуіміздің астарында дәл қазіргі ке­зеңде бұл істің одан әрі ушыға түс­кендігін көрсететіндей. Жалпы, Кеден одағы Қазақстан экономикасы үшін дұ­рыс дүние. Біз шетелдерге көптеп мұ­най, металл, астық саудалаймыз. Еуро­паға жақын орналасқан Ресей мен Бе­ларусьтің көлік инфрақұры­лымда­ры­ның мүмкіндіктерін тиімді жағдайда пай­даланамыз. Іргеде тұрған 170 миллион адамдық рынок бізге қолжетімді бола түседі. Кеден одағының құрыл­ған­дығы бізге осы жағынан, яғни жалпы, страте­гиялық жағынан дұрыс. Бірақ біздің мал шаруашылығы мен оның ай­нала­сын­да­ғы бизнес көрші елдің кәсіп­керлерімен бәсекелестікке төтеп бере алмай отыр. Кінә, мал шаруашылы­ғы­ның өзінде тұр. Міне, мәселе қайда?!

Ал негізінде бұлай болуға тиіс емес еді. Себебі, бізде мал өсіруге лайықты кең дала бар. Одан әлемдегі ең арзан әрі экологиялық тұрғыдан таза ет пен сүт өндіруге болады. Мал шаруашылы­ғы­ның мәселесін дұрыс шешуге қаржылай қуатты мемлекет бар. Жерімізде азық-түлік өнімдерінің көптеген түрлерін өсіруге болады. Мал шаруашылығының ауқымы жөнінен кезінде әлемде ал­дың­ғы қатардың бірін еншілегеніміз тағы бар. Оның үстіне мал шаруа­шы­лығы – қазақтың ата кәсібі деп, яғни мал өсіру жайын ешкімнен кем біл­мейміз деп тағы мақтанамыз. Сөйтіп жүріп, адам денсаулығына зиянды қос­палары мол көптеген өнімдерді шетелдерден сатып жей бастадық. Бұлай бола берсе, мал өнімдерін шетке ірі көлемде экспорт­тау­шы елден енді бірте-бірте импорттаушы елге айналып шыға ке­луіміз де ғажап емес.

– Статистикалық деректер бұл жө­нінде не дейді екен?

– Шынын айтсам, мен өзім қазіргі статистикалық деректерге, әсіресе, мал шаруашылығы жөніндегі статистикалық деректерге көп сене бермеймін. Бір әкім жаңадан келсе, ол бұрынғы әкімнен асып түсуге тырысады. Содан мал саны мен өнімдерін қосып жазу үрдісі етек алды. Мәселен, 2011 жылы елімізде 6 миллион ірі қара бар деп есептелсе, 2012 жылдың басында одан 5 миллион 700 мың бас қана қалған. Сонда 300 мың бас ірі қара малы қайда кетті? Мұнша малды біз экспортқа шығар­ған жоқпыз. Ірі қара саны, әсіресе, Қос­танай облысында көп түсіп кеткен. Міне, осының барлығы қосып жазудың кесірі.

 – Шынын айтқанда, мемлекетіміз мал шаруашылығын дамытуға назар аудармай отырған жоқ. Қажетті қаржыны бөліп отыр. Сонда неге бұл сала дамымайды? Осы туралы өзіңіз не ойлайсыз?

– Бұл мәселе туралы әркім әртүрлі пікір айтып жүр. Біреулер бұл саланың шығыны көп, сондықтан дамымайды дей­ді. Екінші біреулер мал шаруа­шы­лығы саласы тым ұсақтанып кеткен, көп мал үй шаруашылығымен ғана шұғылданып отырған жеке меншіктің қолында, сондықтан дұрыс жолмен дамитындай жағдайы мүлдем жоқ дейді. Себебі, бізде қазір жалпы мал басының 80 пайызы үй шаруашылықтарының қо­лында қалып отыр. Ал шөре-шөре бол­ған үй шаруашылығымен алысқа бара алмайсың. Енді біреулер жалпы мал шаруашылығының консервативті сала екен­дігін, мұндағы өзгерістер баяу жү­ретіндігін айтады. Осылардың барлығы­мен келісуге болады. Алайда, бұл да жөн екен деп қазіргі жүріп жатқан шараларға қанағаттанып, отыра берейін десең, басқа елдердің даму барысына қарап, біздің елімізде бұл жөнінде қа­тып жатқан сең көбесі әлі сөгілме­гендігін байқайсың. Мәселен, мен өзім қазір сүт бағытындағы сиырларды өсіру мәселесімен шұғылданып отырғандық­тан, көршіміз Ресейдегі осы жөніндегі деректерге тоқтала кетейін. Бұл елде әр сиырдан сауылатын сүт көлемі 2009 жылдың өзінде 4422 литрден айналды. Ал Ленинград және Мурманск секілді мал шаруашылығы дамыған өңірлерде бұл көрсеткіш 6 мың литрлік белестен асып түсті. Ал біз болсақ, әлі сол 2-2,2 мың литрді қанағат тұтып жүрміз. Осыдан 3-4 жыл бұрын Қосшы ауылындағы «Асыл түлік» мал асылдандыру орталы­ғына келген кезде, Елбасымыз осы жайды естіп, «Мұндай сүтті ешкіден де алуға болады ғой» дегені бар. Өте дәл айтылған теңеу.

– Ресейде неліктен сүт өндіру көр­сеткіші бізден еселеп жоғары болып отыр?

– Менің ойымша, мұның көптеген се­бептері бар. Біріншіден, Ресейдің жерінің құнарлығы мен табиғи жағдайы бізден жақсырақ. Екіншіден, бұл елде біздегідей, шаруашылықтар тым ұсақ­талып кетпеген. Мұнда жалпы өндіріл­ген сүттің 55 пайызы шаруа шаруашы­­лықтары мен үй шаруашылықтарынан алынса, 45 пайызы ауыл шаруашылығы кәсіпорындарында өндіріледі. Бұл елде алдағы уақытта ірі өндірісті одан әрі дамыту саясаты ұсталып отыр.

Менің ойымша, біздегі мал шаруа­шылығының дамымайтын басты себебі – оның тартымсыздығы. Мал шаруа­шылығына жастар барғысы келмейді. Яғни, еліміздегі мал шаруашылығының болашағы түбегейлі түрде әлі шешілмей отыр.

– Ал енді, осы сала неге тартымсыз? Әлемнің басқа елдерінде тартымды болғанда бізде неге тартымсыз? Кезіндегі Кеңес одағының тұ­сында, Одақ халқының жарым-жартысын асырап тұрған сала еді ғой. Қазір неге мұндай күйге түстік? Неге тамақтың бәрін дерлік сырттан алып жейтін болдық? Әлде «Мал өсірсең қой өсір, табысы оның көл көсір» деген әдетімізден жаңылдық па?

– Бұл сұраққа да әр түрлі жауап беруге болады. Ал менің ойымша, біздегі мал шаруашылығының тартымсыз болуына, еліміз тәуелсіздікке ие болған­нан кейін экономикамыздың үлкен құрылымдық өзгеріске түсуі себеп болды. Мұнай мен газ, қаржы, сауда, сақ­тандыру, қызмет көрсету, ойын-сауық секілді өте тартымды бизнестік салалар пайда болды. Бір есептен алғанда, бұл жақсы, әрине. Бірақ, осылардың астарында байырғы саламыз мал шаруа­шылығының жағдайы әбден құлдырап кетті. Ол қоғамда ескіліктің сарқын­шағы, өткен күннің белгісі секілді көрініс бере бастады.

Егер біз мал шаруашылығын дұрыс дамытамыз десек, бизнестің ерекше тартымды салаларына кетіп отырған осы саланың есесін алып беруіміз керек. Менің ойымша, бұл істі жүзеге асыру үшін, ұлттық қордың қасынан Мал шаруашылығын қолдау қорын немесе жалпы Ауыл шаруашылығын қол­дау қорын құрған жөн болатын секілді. Сонда мұнай мен газдан түсіп жатқан қаржыда мал шаруашылығының тікелей үлесі болады. Ал мал шаруашылығы дегеніміз, өте үлкен мәселе. Тіпті, саяси мәселе. Өйткені, біз қазіргі күні бос жатқан жүздеген миллион гектар жерді тек осы мал шаруашылығы арқылы ғана игеретін боламыз. Басқадай жолды мен көріп те тұрғамын жоқ. Адамзат қа­уымы жерге сыймай отырған қазіргі шақта сайын даламыздың бос жатуы­ның өзі қатерлі көрініс.

– Жайлаудың барлығын малға толтырып, мал санын көбейттік де­йік. Бірақ, нарықтың өз заңы бар емес пе? Ертең ол өнімдерді біз кімге сататын боламыз?

– Ол өнім басқаға сатқанды қойып, біздің өзімізге жетпей отырған жоқ па?! Бұл жерде барлық кілтипан баға мәсе­лесінде тұр. Егер біз өнім бағасын арзандата алсақ, оны кез келген елге өткі­зуге болады. Ал мал өнімдерін арзан­датудың бір жолы – мал санын арттыру. Бұған бізде толық мүмкіндік бар. Се­бебі, бізде жүздеген миллион гектарды құрайтын жазғы жайылымдықтар бар. Жазғы және күзгі жайылымдықта ба­ғыл­ған малдардың еті мен сүті өте арзан болады. Бұған дәлел жетерлік. Мә­селен, Кеңес өкіметінің кезінде осы жа­йылымдықтардың арқасында Қазақ­станда өндірілетін 1 кило еттің өзіндік құны Ресейдегіден 25-30 пайыздай, ал Белоруссиядағыдан екі еседей арзан болатын. Ал енді, осы жазғы жайылым­дықтарды біз қазір пайдаланбай отыр­ғандықтан керісінше жағдай орнап, Ресей мен Беларусьтегі мал еті бізден арзан болып шыға келді. Ресей мен Беларусь біздің рыногымызды өнімдерінің бағасы арзан болған соң және өнімді өңдеу мәселесі жақсы жолға қойыл­ғандықтан жаулап барады. Рас, оларда ауыл шаруашылығы Кеңес өкіметінің кезінде-ақ бізден жақсы дамыған болатын. Олар сол жетістіктерін сақтап қала алды және оны енді жаңа заманға сай жаңғырту үстінде. Біз болсақ көп жылдарды жоғалтып алдық. Бізге осының есесін енді толтыру керек. Мал шаруа­шылығына қаржыны аямай төгу керек. Бұл салада реттелмеген мәселелер көп. Мәселен, мал иесі бар. Мал иесінің кірісі малды сатқан кезде түсетін пайдаға байланысты шешіледі. Сол секілді мал иесіне жалданып, оның малын бағушылар да бар. Ал олар қандай жалақы алып отыр? Оны ешкім біл­мейді. Қысқасын айтқанда, тікелей мал бағатын адамның мәселесі бізде шешіл­меген. Нақ осы мәселе шешілмей, мал шаруашылығының дамуы бізде дұрыс жолға түседі деп айта алмаймын.

Мәселен, қазір ауыл жастарын қала­ға құрылыс жұмысына шақырсаң қуана-қуана баруы мүмкін. Ал мал бағуға шақырсаң ешкім бара қоймас. Мал ша­руашылығы болашағының бұлыңғыр тар­туының бір кілтипаны осы жерде тұр.

– Сонымен, бізде қазір еліміздің мал шаруашылығында жүріп жатқан жұмыс жоқтың қасы дейміз бе?

– Жоқ, олай деп тағы айта алмаймын. Еліміздің мал шаруашылығы саласында жүріп жатқан жұмыс аз емес. Мәселен, қазір елімізде ет бағытындағы мал шаруашылығын дамыту бағытында үлкен жұмыс жүріп жатыр. Ірі-ірі бор­дақылау алаңдары салынып, олардың айналасында фермер шаруашылықтары жеделдетіп құрылуда. Шетелдерден өнімділік көрсеткіші жоғары ірі қара малдары сатып әкелінуде. Бұл дұрыс шаралар. Өйткені, біз сапалы малды өзіміздің отандық тұқымнан өсіреміз деп әлекке түсетін болсақ, оны жүзеге асыруға бірнеше ондаған жылдар қажет болар еді. Оны күтіп отыруға мына жедел дамыған заманда біздің уақытымыз жоқ. Тек ойланатын бір мәселе, сол әкелінген малдардың азық-түлік базасын қалыптастыруды алдын-ала шешіп алуымыз керек еді. Енді, бұл жұмыспен іс барысында шұғылданып келеміз. Ауыл шаруашылығы министрлігі малдың жазғы жайылымдықтарынан 4 мың құ­дық қазып, 8 миллион гектар жайылым­дықты іске қосумен шұғылдана бастады. «Ештен кеш жақсы» дегендей, бұл да жаман емес. Енді, осы жазғы жа­йылымдыққа шығатын малшылар тұр­мысына қажетті мәселелерді шешу керек. Әйтпесе, бұл іс тағы да жартыкеш шара ретінде қалып кетеді.

Істі ұйымдастыру бағытында тағы бір атап көрсете кететін шаруа Ел­басының шешімімен республикадағы ірі қара малдың әр тұқымына арнал­ған палаталардың құрылуы. Қазірдің өзінде 8 палата құрылды. Қазақтың ақ­бас сиыры, герефорд, ангус, әулиекөл секілді ет бағытындағы сиырларға арналып палаталар құрылса, қарала, голштин, симментал, алатау, әулиеата, қырдың қызыл сиыры секілді сүт бағытындағы ірі қараға арналып бір палата құрылды. Мен осы соңғы палатаны құрып, дамыту жұмысына қатысу үс­тіндемін.

Жалпы, палаталардың қай-қайсысы болмасын коммерциялық ұйым емес. Оларды ірі шаруашылықтар мен фер­мерлердің өзі құрып отыр. Біздің мін­детіміз, сүтті ірі қараның жоғары текті аналық мал басын сақтау және олардың өсіп-өнуін кеңейту, мемлекеттік және басқа да ұйымдарда және халықаралық ұйымдарда палата мүшелерінің құқық­тары мен мүдделерін қорғау болып табылады.

Палатаның құрылуы асыл тұқымды малдың есебін дұрыс қалыптастырып, жүргізуге мүмкіндік береді, табындар­дағы селекциялық және асыл тұқымдық жұмыстардың дұрыс жүргізілуін жолға қояды, асыл тұқымды малдарды айқын­дап, оларға мәртебе беру ісін жүзеге асырады. Қысқасын айтқанда, асыл тұ­қымды сапалы мал өсірушілерге үлкен көмегі бар.

Палатаның басшылық органы – директорлар кеңесі. Директорлар кеңесін бас директор басқарады. Қызылорда облысындағы «Рза» шаруа қожалы­ғы­ның төрағасы Самұрат Имандосов осы бас директор қызметіне сайланды. Былайша айтқанда, палатаның барлық жұмысын мал өсірушілердің өздері бас­қарады. Ал біз, ғалымдар, селек­циялық жұмыстарды жүргізуде оларға көмекке келеміз. Яғни жан-жақтан күш біріктіру нәтижесінде пайда болып отырған пайдалы ұйым деп айтуға болады.

Жалпы, еліміздің ауыл шаруашы­лы­ғын­да, соның ішінде, мал шаруа­­шы­лы­ғында көптеген жұмыстардың жү­зе­ге асып жатқандығын мен көріп отыр­мын. Ғалым ретінде бұл атқа­рылып жатқан істерді қолдап, мақұл­даймын. Әсіресе, мал шаруашылы­ғы­на деген мемлекеттің көзқарасының түзеліп, оған деген қол­дауды жылдан-жылға арттырып келе жатқандығына қуанышымды білдіремін.

Бірақ, осылай дей отырып, бұл сала­ның дамуы қанағаттанарлықтай жолға түсті деп тағы айта алмаймын. Ұзақ жылдар бойы мал шаруашылығы өз бетімен жеке өмір сүріп, назардан тыс қалды. Осы тұста ол әбден қожырады. Өзінің тартымдылығынан айырылды. Енді осы кеткен олқылықтардың орнын толтыру үшін үлкен жұмыстар қажет. Қазіргі жүріп жатқан жұмыстар бұл олқылықтардың орнын толық толтырады деп айта алмаймын. Сондықтан, менің ойымша, бұл саланың даму бола­шағын толық айқындайтындай келелі кеңес құрып, көп ақылдасуымыз керек. Қазақстандағы экономикалық салалар­дың арасынан оның орнын белгілеуіміз керек. Мал шаруашылығына барамын деген жастарға үлкен қолдау білдіру қажет. Міне, осыны жүзеге асыру үшін ең алдымен, мемлекеттің үлкен қолдауы мен қомақты қаржысы қажет. Бұл қомақты қаржыны қайдан аламыз, қай бағытқа жұмсаймыз? Мүдделі жақтар­дың бәрінің басын қосып, осы істі же­делдетіп шешу қажет. Үкімет осы іске жан-жақты қолдау көрсетіп қана қой­май, елімізде Кеңес өкіметінің тұсында болған тың көтеру кезіндегідей қазіргі қалғыған тіршілікті ерекше екпінмен бұза-жара кірісуі керек. Қаржылай қол­дау көрсете отырып, қазіргі базар саға­лап жүрген жастарымыздың бір бөлігін осы бір екінші тыңды игеру ісіне өз еріктерімен аттандырудың жолдарын та­буы керек. Сонымен қатар, мал азы­ғын дайындау өндірісін қайта қалпына келтіріп, оны дұрыс жолға салу қажет. Солай еткенде ғана мал шаруашы­лығының дамуынан біз нақты серпілісті байқайтын боламыз.

– Сонда біздің мал шаруа­шылы­ғымыз кезіндегі Кеңес өкіметін­дегі­дей тек дотациямен ғана жұмыс істейтін шығынды сала болып шыға келмей ме? Ол елімізге нарық келген кезде осы шығындылығынан құрып кетіп еді ғой.

– Мал шаруашылығы мемлекет үшін қашан болсын шығынды, ал бизнес үшін тиімді сала болуы керек. Бұл не деген сөз? Бұл мал шаруашылығындағы бизнес өз тұрған бетінде өте әлсіз, ол тек мемлекеттің қолдауымен ғана пайдалы бола алады деген сөз. Бүкіл өркениетті әлем осындай жолмен дами алады. Мә­­селен, ауыл шаруашылығын дамытудың үздік үлгісі саналатын Аме­риканың өзінде фермерге деген қолдау өте күшті. Ол қолдау фермерге тікелей емес, ассоциациялар арқылы көрсеті­леді. Фермер­дің өндірген өнімдерін өткізу мәселе­сі­мен де осындай ұйымдар шұғылданады.

Сөйтіп, фермерге деген көмекті бір сәтке де босаңсытуға болмайтындығын дамыған елдер жақсы түсінеді. Себебі, мал шаруашылығы бір қожыраса, оны қайтадан қалпына келтіру өте қиын. Біздің мал шаруашылығымыздағы қа­зіргі жағдай, бұл салада әбден бас қаты­ратын шешімі тым күрделі мә­селе­лердің тым қордаланып қалуы, қазір енді бұл саланы қалай дамытамыз деп арпалысқа түсіп отыр­ғандығымыз – осының ең үлкен мысалы. Яғни, тарих­тың ащы сабағы біздің өз басымызда-ақ жетіп артылады. Осыны есте ұстайық.

– Әңгімеңізге рахмет.

Әңгімелескен Сұңғат ӘЛІПБАЙ,

«Егемен Қазақстан».