Алматы қаласында 29 тамыз – Ядролық сынақтарға қарсы іс-қимылдың халықаралық күніне орай арнайы басқосу өтті. Іс-шараны Сыртқы істер министрлігінің Алматы қаласындағы өкілдігі, БҰҰ-ның Қазақстандағы ақпараттық бюросы және әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті бірлесіп ұйымдастырды.
Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрлігі Алматы қаласындағы өкілдігінің жетекшісі Ерлан Ысқақов сөзінің әлқиссасын 2009 жылы 2 желтоқсан күні БҰҰ Бас Ассамблеясы №64\35 қарарын қабылдап, 29 тамыз Ядролық сынақтарға қарсы іс-қимылдың Халықаралық күні ретінде бекіткенін еске түсірумен бастады. «Кеңес Одағының Семей ядролық полигонында 1949 жылдан бастап жүргізген ядролық сынақтары 1991 жылы жабылған болатын. 40 жылға созылған осындай сынақтар барысында 2000 ядролық сынақ жүргізілді. 1949-1963 жылдары Семейдегі ашық ядролық жарылыстар кезеңі болып саналды», деп атап өтті дипломат.
Қазақстан Республикасы Ұлттық Ғылым академиясы Жоғары энергетика институтының есебі бойынша Семей полигонында сыналған ядролық зарядтардың қуаты Хиросимадағы сыналған ядролық бомбаның қуатынан 2,5 мың есе көп екенін көрсетті. Ядролық бәсекелестіктің екінші кезеңі 1963 – 1989 жылдар аралығы. 1963 жылы КСРО, АҚШ және Ұлыбритания арасында жер бетіндегі және ауада, су астында атом қаруын жаруға тыйым салу туралы келісімге қол қойылды. Жер бетіндегі және ауадағы ядролық жарылыстар тоқтатылды, бірақ ядролық бәсекелестікті тоқтатқан жоқ. Келісім тек ядролық жарылыстарды жердің астына әкетті. Әрине бұл екі елдің ядролық бәсекелестігіне ешқандай жақсы нәтиже берген жоқ, тек қана халқымыздың өміріне, денсаулығына, мәдениетіне, экономикасына үлкен зиянын тигізді. КСРО сияқты алып империя құлағанда оған қарасты стратегиялық ядролық күштер төрт елде қалды. Ресей жерінде 20750, Украинада 4025, Беларусьте 825, Қазақстанда 1216 ядролық оқтұмсықтар сақталған екен. Америка үкіметі Невада штатында жүргізілген сынақтардың адамзат пен табиғатқа алып келген шығын көлемін 100 миллиард долларға шаққан көрінеді. «Қазақстан жеріндегі жүздеген жарылысқа ұласқан бұл сынақтардың салдары аймақта тұратын адамдарға үлкен қасірет әкелді», деп атап өтті дипломат.
Одан әрі дипломат, бұл мәселе халықаралық қоғамдастықтардың назарында тұруы тиіс екенін жиылған қауымның қаперіне салып өтті. «Өткенді өзгерту мүмкін емес, алайда келешекті өзгерту мүмкіндігі бар. Қазақстанның ғаламдық бастамасы, АТОМ жобасы арқылы Қазақстан ядролық қарудан азат әлемнің жаңа болашағын қалыптастыруға өз үлесін қосып отыр. Біз мұндай басқосулар алаңы арқылы халықаралық қауіпсіздік мәселелері бойынша диалогты дамыту мүмкіндіктерінің жаңа қырларын танытатын боламыз. Ядролық қару бар жерде адамзаттың жарқын болашағы немесе ертеңгі күнге сенім туралы сөз қозғаудың өзі мүмкін емес. Сол себепті біз бүгінгі жиынға жастарды тартып отырмыз» деп атап өтті дипломат.
Қазақстанның БҰҰ-дағы Қазақстанның тұңғыш өкілі Ақмарал Арыстанбекова 1991 жылдағы саяси ахуалды еске алып өтті. «Қазақстан көпвекторлы сыртқы саясат бағытын жүргізе отыра басқа мемлекеттермен бірігіп өзінің ықпал ету аймағында мемлекетаралық қатынастардың қазіргі заманғы жүйесін қалыптастырып, Орталық Азия мен Қазақстан ядролық қарудан азат аймаққа айналды.
Қазақстанға аса ірі ядролық арсенал КСРО-дан «мұраға» қалды. Оған қоса, республика аумағында әлемдегі ең ірі полигондардың бірі – Семей ядролық сынақ полигоны орналасқан еді. Осылайша тәуелсіздіктің бастапқы жылдарынан республикамыз өзін өзге елдермен кең ауқымдағы ынтымақтастық үшін ашық, бейбітсүйгіш мемлекет ретінде көрсетті. Көбіне осы шешімдердің арқасында еліміз ауқымды шетелдік инвестициялар тартуға қол жеткізіп, әлемдік державалардың кең қолдауына ие болды», деп атап өтті А.Арыстанбекова.
Кездесу – пікір алмасуы форматында өткен халықаралық жиында Қазақстандағы қоғамдық бірлестіктер атынан сөйлеген жастардың батыл пікірі халықаралық ұйым өкілдерінің назарын аударғаны жиын барысында байқалып тұрды. Ақпараттық технология саласының маманы, сарапшы Медеу Әбішовтің «Адамзатқа төнген қауіп еселеніп кетті. Күні кешеге дейін біз тек ядролық қаруға ғана назар аударып келдік. Қазір жасанды интеллектердің мүмкіндігі адамзаттың бақылауынан шығып кетті. Бүгінгі ғалымдар компьютер мүмкіндігін бірнеше мың есеге күшейткенімен, оны бағдарламалау кодының шеңберінен шығаруға қол жеткізбей, шектеп тастады. «Жасанды интеллект» тіркесі адамның санасын жасанды жолмен жасау идеясын арқалағандықтан, ол адам сияқты еркін ойлау қабілетіне ие болуы тиіс. Бұдан кейінгі жағдай не болмақ? GoogleX ғалымдары адам миы мен көздерінің арасында ақпарат тасымалдайтын нейрондардың функционалдық жүйесін көшіріп ала алды. Қазір бұл әдісті Қытай үкіметі халқын бақылауда ұстауға пайдаланып отыр. Олар көшелердегі камералардың көмегімен өтіп бара жатқан азаматтың бетін сканерлеу арқылы оның кім екенін анықтай алады. Өкінішке қарай, жасанды интеллект осындай мақсатта да қолданылып жатыр. Адамзатқа төнген жаппай қырып-жоюды көздейтін ядролық қарумен шектеліп отырған жоқ. Қауіп еселеніп кетті. Сол себепті осы мәселені жастар атынан назарларыңызға ұсынғым келеді», деп сөзін түйіндеді Медеу Әбішов.
АЛМАТЫ