• RUB:
    6.68
  • USD:
    520.93
  • EUR:
    609.07
Басты сайтқа өту
26 Ақпан, 2013

«Қолжетімді баспана»: ол қаншалықты қолжетімді?

945 рет
көрсетілді

«Қолжетімді баспана»: ол қаншалықты қолжетімді?

Сейсенбі, 26 ақпан 2013 7:33

Баспаналы болу – басым жұрттың «бас ауруы». Олай дейтініміз, қазіргі күні қанша тыраштанып еңбектенсең де, тапқан-таянғаның бірден үй сатып алуға бәрібір жетпейді. Пәтер құны қымбат. Жыл өткен сайын баспана бағасы өспесе кемитін емес. Оны өткен жылдың статистика мәліметтері де дәлелдеп отыр. Мәселен, 2012 жылы жаңа тұрғын үйді сату құны – 12,1 пайызға, жайлы баспананы жалға беру – 14,4 пайызға қымбаттаған. Әрине, бағаға әртүрлі факторлар әсер етеді. Құрылыс материалдарының, жер телімдерінің қымбаттығы, сондай-ақ, оған қажетті инфрақұрылымдарды орнату да оңайға соқпай отырғандығы, жалпы елімізде құрылыс индустриясының кенже дамығандығы дейміз, әйтеуір қымбатшылыққа себеп көп.

 

Сейсенбі, 26 ақпан 2013 7:33

Баспаналы болу – басым жұрттың «бас ауруы». Олай дейтініміз, қазіргі күні қанша тыраштанып еңбектенсең де, тапқан-таянғаның бірден үй сатып алуға бәрібір жетпейді. Пәтер құны қымбат. Жыл өткен сайын баспана бағасы өспесе кемитін емес. Оны өткен жылдың статистика мәліметтері де дәлелдеп отыр. Мәселен, 2012 жылы жаңа тұрғын үйді сату құны – 12,1 пайызға, жайлы баспананы жалға беру – 14,4 пайызға қымбаттаған. Әрине, бағаға әртүрлі факторлар әсер етеді. Құрылыс материалдарының, жер телімдерінің қымбаттығы, сондай-ақ, оған қажетті инфрақұрылымдарды орнату да оңайға соқпай отырғандығы, жалпы елімізде құрылыс индустриясының кенже дамығандығы дейміз, әйтеуір қымбатшылыққа себеп көп.

Иә, бүгінде қолма-қол ақшаға үй сатып алу дегеніңіз үлкен арман. Тек ипотека, несие алып, немесе айлық жалақыңнан басқа қандай да бір қосымша қаржы көзін тауып барып қол жеткізбесеңіз, баспана сатып алуға қажетті сома қазір қарапайым жұмысшының өңі түгілі түсіне де кіре бермейді. Халықтың көпшілігі банктен қарыз алып қана үй алып жүр. Ал біздегі банктердің кредиттік ставкалары өзі қымбат үйді одан сайын шарықтатып отырғаны шындық. Оны төмендетуге мемлекет барынша тырысып бағуда. Соның нәтижесінде енді бір қауым ел мемлекеттік бағдарламалардың мүмкіндіктерін пайдаланумен баспаналы болып отыр. Халық «әйтеуір бір нәрсесіне ілігіп қалармыз ба» деумен мемлекеттік бағдарламаларға үлкен үміт артып отыратындығы да осыдан.

Жұрт баспана жайында жылт еткен­ жаңалыққа да құлақ түре қарайды. Мәселен, жаңа жылдан бері жиі айтылып, елді елең еткізген «Қолжетімді баспана-2020» бағдарламасының жөні бөлек. Әсіресе, бағдарламада басымдық берілген жас отбасыларға арналған жеңілдіктер кім-кімді де қызықтырғандай.

Негізінен елімізде баспана мәселесін шешуге аз күш жұмсалып жатқан жоқ. Осы ретте еліміз тәуелсіздік алғаннан бері бұл саланы дамыту мақсатында бірнеше маңызды құжаттар қабылданды. Айталық, тұрғын үй құрылысын дамытудың 2005-2007 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы, 2008-2010 жылдарға, 2011-2014 жылдарға арналған бағдарламалар халықты баспанамен қамтуды басты міндет етті. Алайда, негізгі бөлігі әлемді әлекке салған қаржы дағдарысына шарпылған бұл бағдарламалар халықтың экономикалық жағынан белсенді негізгі топтары үшін тұрғын үйдің қолжетімділігін толық қамтамасыз етуге мүмкіндік бере алмады. Әйтсе де, бұл бағдарламалар біздегі баспана проблемасының түйінін тарқатуға жасалған қадамдардың алғашқы сатылары болатын. Осы бағдарламалардың аясында Үкіметтен қыруар қаржы бөлініп, бұл салаға қан жүгірді дей аламыз. Деректерге сүйене сөйлесек, 2011 жылы қаржыландырудың барлық көздері бойынша 6,5 млн. шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілді, ол жоспарланған іске қосу көлемінен 8,3 пайызға артық.

Елбасы өткен жылғы халыққа Жолдауында жыл сайын жалға берілетін тұрғын үйдің көлемін 1 млн. шаршы метрге жеткізуді және сатып алу құқығымен жалдау тетігін, сондай-ақ құрылыс индус­триясын дамыту жөніндегі кешенді шараларды көздейтін бірыңғай «Қолжетімді баспана – 2020» бағдарламасын әзірлеуді тапсырды. Осылайша, 2012 жылдың шілдесінен бастап аталмыш бағдарлама іске қосылған болатын.

Елбасы 2010 жылғы Жолдауында да 2011-2014 жылдарға арналған тұрғын үй бағдарламасын іске асыруды тапсырып, соның нәтижесі бойынша таза әрленген тұрғын үйдің бір шаршы метрінің құны Алматы және Астана қалаларында 142,5 мың, Ақтау, Атырау және Өскемен қала­ла­рында 112,5 мың теңге, ал қалған өңірлерде 90 мың теңге шегінде бола­тын Қазақстанның «Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» арқылы жергілікті ат­қару­шы органдардың қатысуымен кредиттік тұрғын үй салудың жаңа жүйесі әзірленген еді. Ал биылдан бастап нақты іске қосылған «Қолжетімді баспана-2020» бағдарламасының екі бағыты «Тұрғын үй құрылыс жинақ банкінің» осы жүйесі негізінде жүзеге асырылмақ.

Қолжетімді баспана бағдарламасы іске қосылды дегеннен-ақ халықтың көпшілігі бұл бағдарламаны жүзеге асыратын тек осы банк екен деп ойлаулары да орынды. Себебі, қарапайым халыққа қатысты бағыттар негізінен осы банкке жүктелген.

Жалпы, бағдарлама алты бағыт бойынша жұмыс істейді. Оны әртүрлі операторлар жүзеге асырады. Мәселен, «Қазақстандық ипотекалық компания» ипотекалық ұйымы», «Самұрық-Қазына» жылжымайтын мүлік қоры» акционерлік қоғамдары, жергілікті атқарушы органдар және тағы басқалар. Ал екі бағыт «Тұрғын үй құрылыс жинақ банкіне» тиесілі. Оның біріншісі – халықтың барлық санаттары үшін тұрғын үй, екіншісі – жас отбасыларға арналған тұрғын үй деп аталады.

«Бірінші бағыт бойынша жергілікті атқарушы органдар үй салып, оны «Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» арқылы барлық санаттағы адамдарға сатады. Яғни жергілікті әкімдік республикалық бюджет қорының несиесі арқылы тұрғын үй құрылыстарын жүргізеді. Тұрғын үй сатып алуға тілек білдірушілер тізімін құрастыру нақты бір үйдің құрылысын салу кезеңінде басталады», деп түсіндіреді кеңесші мамандар. Енді «Тұрғын үй құрылыс жинақ банкінің» кеңесші мамандары берген мәліметтер бойынша бағдарлама ережелеріне назар аударайық. Алдымен тұрғын үй құрылыс жинақ жүйесінің қатысушылары үшін нақты үй құрылысын салу туралы әкімдікпен келісімге қол қойғаннан кейін банк баспасөзде және банктің сайтында нақты бір үй бойынша тұрғын үй сатып алушылар пулына қатысуға өтініштер қабылдау басталғандығы туралы хабарландыру жария­лайды. Өтініштер қабылдау 2 айға созылады. Жиналған өтініштердің ішінен тұрғын үй құрылыс жинақ жүйесіне қатысудың ұзақтығы мен сапасы есепке алына отырып, балл жүйесіне сәйкес ең көп балл жинаған, салынып жатқан пәтер санына тең қатысушылар саны іріктеліп алынады. Мысалы, 300 пәтерлі үй салынса, ал түскен өтініш саны 600 болса, онда тізімге ең көп балл жинаған 300 өтініш беруші енгізіледі. Қалғандары «резервтік» тізімде қалады. Ең көп балл жинаған өтініш берушілер пәтерді сатып алу үшін төлем қабілетін растайтын тиісті құжаттарды береді. Егер кімде-кім өзінің төлем қабілетін растай алмаған жағдайда, өтініш берушілер санын толықтыру «резервтік» тізімнен жүзеге асырылады. Әрі қарай тұрғын үйді бөлу процедурасы жүргізіледі – төлем қабілетін растағандардың тізімі құрастырылады.

Егер салымшының үйді сатып алуға қалтасы көтермесе, бірақ салымдарды жинайтын және үйдің жалдық ақысын төлей алатын қабілеті болса, онда тұрғызылған үй оған ұзақ мерзімге 8 жылға жалға беріледі. Бұл уақыт аралығында жалға алушы төмен пайызбен тұрғын үй заемын алу үшін тұрғын үй жинақтарын жинап отыруы тиіс.

ҚТҚЖБ-ның салымшысы 1 шаршы метр­дің құны 90 мың теңгеге бағаланған жалпы көлемі 60 шаршы метрді құрайтын үйді алдын-ала тұрғын үй заемы арқылы иеленгісі келетін болса, онда оның 8 жыл бойы ай сайын төлейтін төлемі 66 мың 800 теңге болмақ. Бұл жерде ескеретіні салымшы 38 мың 250 теңгені заем бойынша пайызды төлесе, 28 мың 620 теңгемен жинақ салымдарын то­лықтырып отыруы тиіс. Кейін алдын-ала тұрғын үй заемы тұрғын үй несиесімен қайта қаржыландырылады да ай сайынғы төлемі 18 мың 900 теңгеге төмендейді.

Бір ескере кететін мәселе, банктің салымшылары мемлекет ұсынған пәтерлерден құр қалса үйсіз қаламыз деген ойдан аулақ болғаны жөн. Егер, әкімдіктің үйін күткісі келмесе банктің кез келген салымшысы пәтер құнының 50 пайызын жинаған соң, қалған елу пайызын банктен несиеге алып (4,5-5 пайызбен), бұрынғыдай өзі қалаған құрылыс компанияларынан да сатып ала алады.

Халық арасында «Тұрғын үй құрылыс жинақ банкіне» салымшы болсаң болды, мемлекеттік бағдарламамен үйлі бола қаласың деген түсінік те жоқ емес. Бірақ бүгін депозит ашып, ертең-ақ мемлекеттік бағдарламамен үй ала қою мүмкін емес. Себебі, банкте сізге дейін қаншама салымшы бар және әр үйдің құрылысы біткен сайын олар баллдық жүйемен іріктеліп отырады. Бірақ бұл бағдарлама 2020 жылға дейін жалғасатынын ескерсек, банк салымшылары мемлекеттік бағдарламаға қазір болмағанымен біртіндеп ретімен ілігетініне сенім артуға болады. Себебі, бағдарлама аясында 2012-2020 жылдары жалпы алаңы 69050,0 мың шаршы метр, оның ішінде 2012 жылы – 6050,0 мың шаршы метр, 2013 жылы – 6600,0 мың шаршы метр, 2014 жылы – 6900,0 мың шаршы метр, 2015 жылы – 7200,0 мың шаршы метр, 2016 жылы – 7600,0 мың шаршы метр, 2017 жылы – 7700,0 мың шаршы метр, 2018 жылы – 8000,0 мың шаршы метр, 2019 жылы – 9000,0 мың шаршы метр, 2020 жылы 10000,0 мың шаршы метр тұрғын үй салу жоспарланып отыр.

«Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі­нің»екінші бағыты жас отбасылардың әлеу­меттік мәселесін шешуге бағытталған. Жергілікті атқарушы органдар жас от­басыларға жалға берілетін үй салып, оны ұзақ мерзімге жалға береді. 8 жылға жалға берілген пәтерде тұрып жатқан уақыт ішінде жас отбасы пәтерді сатып алу үшін «Тұрғын үй құрылыс жинақ банкінен» төмен пайызбен берілетін несиеге қол жеткізу үшін жинақ салымдарын тұрғын үй құрылыс жинақ жүйесінде ашқан есеп-шотына уақтылы жинақтап отыруы керек.

Жас отбасыларға қойылатын басты талаптар, біріншіден, ерлі-зайыптылардың екеуінің де жасы 29-дан аспаған болуы керек. Осы жерде жастардың көпшілігі түсінбей жүрген бір сұрақ, жасы 29-дағылар қатыса ма жоқ па дегенде болып отыр. Ал 29-ға толған адам сол күннен бастап 29-дан асқан болып есептеледі. Сондай-ақ, некенің тіркелген кезеңі 2 жылдан кем емес, ерлі-зайыптылардың және олардың отбасы мүшелерінің меншік құқығында баспананың болмауы, ерлі-зайыптылардың екеуінің де арыз берген елді мекен бойынша тіркеулерінің болуы тиіс.

Енді аздап есепке жүгінейік. Жас отбасы құны 5 миллион 400 мың теңгені құрайтын көлемі 60 шаршы метрден (бір шаршы метрі 90 000 мың деп есептегенде) тұратын баспананы сатып алмас бұрын, біріншіден, 8 жыл бойы есеп-шотқа келісім-шарт бойынша есептелген 28 мың 620 теңгені салым ретінде жинақтап отыруы тиіс. Ал пәтердің жалға берілу құны әр 1 шаршы метр үшін 100 теңге болады. Егер белгіленген тәртіп бойынша жинақтау шотына салымдар салынбайтын болса, онда баспананы жалға алған тұлға үйді босатуы тиіс. Яғни жалға алған пәтерде тұрып жатып салымшы үш ай бойына депозитке салым салмаса, үйді сатып алатын тұрғын үй заемын алу мүмкіндігі болмайды деп есептеледі. Сондықтан, болашақта үй аламын деген отбасы қалайда ай сайынғы өзі үшін депозитін төлеп тұруы тиіс.

8 жыл уақыт өткеннен кейін әрі шарт орындалған соң пәтерді жеке меншікке сатып алу үшін банк тарапынан 4 пайызбен 15 жылға тұрғын үй заемы беріледі. Ал бұл несиені өтеу үшін он бес жыл бойы ай сайын 18 мың 900 теңге төлеп отыру қажет.

Сонымен қатар, бағдарламада жалға берілетін баспанаға кіру үшін жалға алушы өзінің жинақ шотына 6 айлық мөлшерінде кепілденген жарнасын құюы тиіс делінген бағдарламада. Біздің есептеуімізше, бұл кем дегенде 170-180 мың теңге. Ал бұл бағыт бойынша құжаттар тапсыру жергілікті халыққа қызмет көрсету орталықтары арқылы жүзеге асады.

Әрине, қазіргі күні бір бөлмелі пәтерді 60-70 мыңға жалдап тұрып жатқан жастар үшін бұл үлкен көмек, болашақта пәтерлі болудың бірден-бір жолы. Мемлекет тарапынан жасалып отырған зор қамқорлық, мол мүмкіндік. Алайда қазіргі күні 25-26 жастарында үйленіп үлгерген жастарымыз аз. Ендеше, бұл бағдарлама да барлық жас отбасыларды жарылқай алмасы анық. Себебі, бағдарламада жас отбасылардың некеге тұрғандарына екі жыл уақыт толып, ерлі-зайыптылардың жасы 29-ға толмаған болуы керек делінген. Олай болса, біздегі баспанасыз жүрген жас отбасылар үйлі болу үшін тағы бір жаңа бағдарлама керек-ау осы, болмаса, баяғы замандағыдай ерте үйленіп, балалы-шағалы болуға тырысу қажет…

Динара БІТІКОВА,

«Егемен Қазақстан».

——————————

Суретті түсірген

Ерлан Омаров.

Соңғы жаңалықтар